Қауіпсіздік – бірыңғай стандарт: АлЭС-те салалық Форум қорытындыланды
Артқа
17.04.2026

Қауіпсіздік – бірыңғай стандарт: АлЭС-те салалық Форум қорытындыланды

2026 жылғы 17 сәуірде «АлЭС» АҚ-да энергетикалық компаниялардың, мемлекеттік органдардың өкілдерін және салалық сарапшылардың қатысуымен өндірістік қауіпсіздік бойынша Форум өтті.

Іс-шара ашық диалог алаңына айналып, тәжірибе алмасуға және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Форумды «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерік Маширов ашып, саланың басты басымдығын айқындады – жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау энергетикалық кешеннің тұрақты жұмысының негізі екенін атап өтті. Қауіпсіздік жекелеген бағыт емес, барлық өндірістік процестерге кіріктірілген ажырамас бөлік екеніне ерекше мән берілді.

Іс-шара барысында Энергетика министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және еңбек инспекциясы органдарының өкілдерімен өткен жанды пікірталас ерекше мазмұнмен өрбіді. Қойылған сұрақтар нақты, жауаптар ашық болды. Қатысушылар өндірістегі шынайы жағдайлар, кездесетін қиындықтар мен іс жүзінде тиімді шешімдер туралы пікір алмасты. Бұл – формализмсіз, кәсіби, ашық әрі аса қажет диалог болды.

Форумның ауқымын кеңейту мақсатында «АлЭС» АҚ мен «АЖК» АҚ жұмыскерлері бейнеконференция байланысы арқылы қосылды.

Іс-шараның практикалық маңызын қауіпсіздік мәдениеті бойынша сарапшы Жанат Анасовтың баяндамасы арттырды. Оқыту сессиясы барысында қатысушылар формальды бақылаудан әрбір жұмыскердің саналы жауапкершілігіне көшу мәселесін қарастырып, оны заманауи еңбекті қорғау жүйесінің негізгі элементі ретінде бағалады.

Форумда Vision Zero – нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қорытындысында тәуекелдерді азайтуға және компаниялардағы қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар пакеті қалыптастырылды.

«Самұрық-Энерго» АҚ Еңбекті қорғау департаментінің директоры Дүйсенбек Шардарбеков атап өткендей:

– Бүгінгі таңда талаптарды орындаумен шектелмей, қауіпсіздік мәдениетін барлық деңгейде – басшыдан жұмысшыға дейін қалыптастыру маңызды. Мұндай форумдар тәсілдерді үйлестіріп, ортақ бағытта ілгерілеуге мүмкіндік береді.

Ал «АЖК» АҚ сенімділікті бақылау және еңбекті қорғау басқармасының бастығы Ерлан Әбдіқадыр іс-шараның практикалық маңызын ерекше атап өтті:

– Мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен талқылау талаптар мен күтілімдерді нақты түсінуге мүмкіндік берді. Бұл бізге өндірістегі жұмысты дәлірек ұйымдастырып, тәуекелдерді азайтуға көмектеседі.

Форум энергетикадағы қауіпсіздік – тәжірибе, технология және әр жұмыскердің жауапкершілігін біріктіретін жүйелі жұмыстың нәтижесі болатынын және бір дәлелдеді. Өткен іс-шара қауіпсіз еңбек мәдениетін одан әрі дамытуға және саланың сенімді, апатсыз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.