Қамқорлық нұрымен тербелген естелік: «АлЭС» АҚ Жеңіс күнін атап өтуде
Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында – 8 мамыр күні «АлЭС» АҚ жұмыскерлері өз ардагерлеріне ерекше құрмет көрсету үстінде. Басты назарға 10 тыл еңбеккері, 23 интернационалист жауынгер және Чернобыль АЭС-індегі апат салдарын жоюға қатысушылар алынды.
2025 жылғы 8 мамырда Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. 1-ЖЭО жұмыскерлері дәстүр бойынша станция аумағындағы Жеңіс ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Энергетиктер ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі шекарасын күзету міндеттерін атқарған қазандық цехының қазандарды басқару орталық жылу қалқанының машинисі Мәлік Сайдығұловқа құрмет көрсетті. Сондай-ақ 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың салдарын жоюға қатысқан автокөлік учаскесінің тракторшысы Юрий Милюхиннің де еңбегі атап өтілді. Ардагерлер энергетиктердің өздерін еске алып, көңіл бөлгендеріне алғыстарын білдірді. Станция жастары арасынан шыққан белсенділер кәсіподақ комитетімен бірлесе отырып, тыл ардагерлері Прасковья Аксенова мен Алексей Коробкинді құттықтады.
Дәстүрлер сондай-ақ 3-ЖЭО-да да құрметке ие. Энергетиктер тыл ардагерлерін жыл сайын құттықтауға жеке өздері келеді. Биылғы құттықтауды төрт интернационалист жауынгер мен төрт тыл еңбеккері қабылдады. Олардың арасында 94 жасқа толған Валентина Семеновна Максименко да бар. Жасына қарамастан, оның өмірге деген сүйіспеншілігі ұжымға шабыт сыйлап келеді.
БҚК ұжымы екі интернационалист жауынгер, еңбек сіңірген зейнеткер уан Өркенбаев пен Ермек Әбілқасымовты құттықтады.
А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да үш ардагер: интернационалист жауынгер – турбиналық цех слесарі Серікбай Екейбаев, сондай-ақ кезінде тәжік-ауған шекарасын күзеткен машинистер Ержан Әлімжанов пен Бағдат Мәметов марапатталды.
Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інде де ерекше алғыс сөздері естіліп жатты. Станцияның гидротурбиналық жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарі Николай Черкасов: «Біздің адамдар жадында болғанымыздың өзі жанымызды жылытады. Сол оқиғаларға қатысқан әр адам бейбіт халықты қорғау үшін қолынан келгенінің бәрін жасады. Мен 20 жаста едім, 70-ші жеке мотоатқыштар бригадасында қызмет еттім. Бұл естеліктер біздің жадымызда сақталуы тиіс», – деп атап өтті.
Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалысында жүрген Нұртай Қарашаев Қапшағай ГЭС-інде сылақшы-сырлаушы болып еңбек етті. Ол 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Германияда қызмет атқарса, 1979-1980 жылдары Ауған елінде интернационалдық борышын өткерді. «Біз бейбіт халықты қорғадық, Құдай аспанымыздың әрқашан бейбіт болуын бұйыртсын», – дейді интернационалист жауынгер. Бүгінде Нұртай Қарашаев Қонаев қаласындағы 50-ге жуық адамнан тұратын ауған ардагерлері қоғамдастығының бір бөлшегі болып келеді. Олар жыл сайын 15 ақпан мен 9 мамырда бір-біріне қолдау көрсетіп, шайқас алаңында қалғандарды еске алу үшін жиналады.
«Энергожөндеу» ӨЖК жұмыскерлері үш тыл ардагері мен он интернационалист жауынгерді құттықтады. Олардың ішінде Ауғанстанда қызмет өткерген слесарьлар Ыдырыс Жақсыгелдиев, Геннадий Мокрищев, Валерий Сенченко, Виктор Барбанков және дәнекерлеушілер Виктор Николенко, Виктор Москальчук, Сақтапберген Бохаев бар.
«АлЭС» АҚ-ның барлық ардагерлері компания ұжымына ықыласқа бөлеп, қамқорлық танытқандары үшін, ұрпақтарды біріктіретін және бейбітшілік пен өркендеу жолында одан әрі жұмыс істеуге шабыттандыратын естелік үшін шынайы алғыстарын білдіреді.