Қайрат Әнуарұлы ТАЛДЫБАЕВ, Каскад ГЭС жабдықтарын пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженер
Мен энергетика саласындағы еңбек жолымды 2013 жылы «АлЭС» АҚ компаниясында 2-ЖЭО-да бастадым. Мұнда шамамен 6 жыл жабдықтарды жинақтау жөніндегі инженер, сондай-ақ күрделі құрылыс бөлімінде және жөндеу-құрылыс цехында түрлі лауазымдарда жұмыс істедім. Бастапқыда оңай болған жоқ, себебі бұған дейін құрылыс саласында еңбек еткенмін: энергетика мен үшін жаңа бағыт еді, бұл – жаңа жұмыс орны, жаңа ұжым деген сөз. Сондықтан көп нәрсені дерлік нөлден бастап үйренуге тура келді. Дегенмен бұл өз ісін жетік меңгерген, жан-жақты мамандармен бірге жұмыс істеу тәжірибесі болды. Бүгінгі күнге дейін олармен жақсы достық қарым-қатынасты сақтап келемін, кейде әлі де кәсіби кеңес сұрап тұрамын. «АлЭС» ұжымы өте ұйымшыл әрі жылы жүзді болып шықты – мені жылы қабылдап, барлық жағынан қолдау көрсетті.

2019 жылы мен Каскад ГЭС өндірістік департаментіне ауыстым. Еңбек жолымды 3-разрядты гидромеханикалық жабдықтарды жөндеу жөніндегі слесарь болып бастадым. Кейін гидромеханикалық жабдықтарды ұйымдастыру және жөндеу жөніндегі 1-санатты инженер дәрежесіне дейін өстім, одан әрі электр машиналық цехының жабдықтарды пайдалану тобының жабдықтарды пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі жетекші инженері болып тағайындалдым. Цехты жоғары кәсіби білікті әрі тамаша адам – цех бастығы Серік Алақұлы Тоқтарбаев басқарады. Электр машиналық цехында үш топ бар. Негізгісі – пайдалану тобы. Екіншісі – электр қуаты жабдығын жөндеу тобы. Үшіншісі – гидромеханикалық жабдықтарды (ГМЖ) жөндеу тобы. Біздің пайдалану тобының құрамына 1-ГЭС және 7-ГЭС кезекші инженерлері кіреді.

Мен 2-ЖЭО-да жұмыс істеген кезде, көпшілік сияқты Каскад ГЭС-ті шипажай секілді елестететінмін: табиғат, таза ауа. Әрине, мұндағы табиғат таңғажайып – мысалы, 2-ГЭС аумағында, Казачка өзенінен жоғары қарай – көздің жауын алатын тұмса сұлулық бар. Алайда жұмыс тұрғысынан алғанда, бұл – мүлде шипажай емес. Мұнда еңбек жолымды бастаған кезде мені туннельге де, станцияларға да, дроссельдік қондырғыға да жіберетін. Жабдықтарды арқалап, кез келген ауа райында тауда бірнеше шақырым жол жүруге тура келді.
Сондай-ақ Каскадтағы өндірістің өзі, жұмыс ерекшелігі мүлде өзгеше. Егер 2-ЖЭО-да турбиналар көмір жағу арқылы энергия өндірсе, мұнда электр энергиясы табиғи су ресурстары есебінен өндіріледі. Каскадтағы жұмыс – үлкен жауапкершілік: әрі өндірістік, әрі экологиялық. Біз электр энергиясын ҮАӨ суы есебінен өндіреміз, кейін суды 11-ГЭС-ке дейін тасымалдаймыз. Сонымен қатар бұл – қалаға жіберілетін ауыз су.

Энергетик мамандығын таңдағаннан кейін, оның қаншалықты маңызды әрі қажет екеніне іс жүзінде көз жеткіздім. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында олардың беделі туралы тек айтылып қана қоймай, тартымдылығын арттыру үшін нақты жұмыстардың атқарылғаны өте дұрыс болды. Бұл жыл жастарға жұмысшы мамандығын таңдауда жақсы ынталандыру берді. Биыл олар көптеген жұмысшы мамандықтар туралы көбірек мәлімет алды. Бұл өте маңызды, себебі еңбек жолын жұмысшы мамандығынан бастап, біртіндеп кәсіби тұрғыдан өскен адамдардың өмірде нық тұратынын түсіну мен қызығушылық қалыптасады. Біздің ұжымда мұндай қызметкерлер өте көп. Жұмысшы мамандығы – үлкен жолдың бастауы, ол қиындықтар арқылы мінезді шыңдайды. Бұл – өзіңе де, өзгелерге де осы кезеңнен адал өтіп, жоғары нәтижелерге жетуге болатынын дәлелдеудің мүмкіндігі. Осындай күрделі еңбек жолынан өту адамға өсуге, білікті инженер болуға және өмірде үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.

Ал «АлЭС» АҚ-ға келсек, менің ойымша, компания үшін бұл өте нәтижелі жыл болды. Қызметкерлер үшін жас мамандарға тұрғын үймен көмек көрсету, жұмысшыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету сияқты жаңашылдықтар енгізілді. Бұл компанияның өз қызметкерлерін қолдау және жастарды энергетика саласына тарту туралы ойлайтынын көрсетеді. Бізге жас маман келген кезде, оның қолында тек дипломы ғана болады, тәжірибесі де аз. Бірақ «АлЭС»-те қызметкерлердің кәсіби өсуіне барлық жағдай жасалған: оқу бағдарламалары бар, жоғары білім алғысы келетіндерге гранттар беріледі, қосымша мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік қарастырылған. Мысалы, біздің оқу орталығымызда немесе келісімшарттар жасалған басқа ұйымдарда білім алуға болады. Бұл жоғары оқу орындары, колледждер немесе «Самұрық-Энерго» оқу орталығы. Ең бастысы – адамның өсуге деген ниеті болуы керек…