Оқу партасынан – энергетика алпауыттарына дейін
АлЭС-те кәсіпке деген ұшқынды тұтатады… АЭжБУ студенттері Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да дуальды оқытудан өтті
Жыл сайын Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО қабырғасында болашақ энергетиктердің бойында білім мен тәжірибе ұшқыны тұтанады. Бұл – дәстүрге айналған үрдіс. Алматы энергетика және байланыс университетімен (АЭжБУ) жасалған келісім негізінде мұнда дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылады. Алайда бұл жай ғана өндірістік тәжірибеден өту емес. Бұл – студенттерге арналған нағыз өмір мектебі. Студенттер үшін бұл жерде университет аудиториясындағы теориялар нақты өмірмен ұштасып, өндірістің ауқымы мен қуатын шынайы сезінуге мүмкіндік туады.
Биыл «Жылуэнергетика» мамандығы бойынша оқитын студенттер үшін ерекше сәт туды – олар қала энергожүйесінің ең көне нысаны болып саналатын Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО станциясына барып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.
Үшінші курс студенті Жанболат Тұрсынбай үшін бұл – станциямен алғашқы жүздесу еді. Оны өзін бірден біртұтас ұжымның бір бөлігі ретінде сезінген қазандық цехы ерекше тәнті етті. Алайда Жанболаттың жүрегінде терең әсер қалдырған дүние қазанның алып барабаны болды. Оның шынайы көлемі мен қуаты – ешқандай керемет оқулық айтып бере алмайтын, тек көзбен көріп, жан-тәніңмен сезінгенде ғана ұғынатын ашық сыр іспетті.
Оның курстасы, Нұрдаулет Мақсот, Атыраудан Алматыға арман қуып келген талапты жас. Бала күнінен-ақ түрлі механизмдерге әуестігі оны энергетика әлеміне жетелеп әкелді. Үшінші курста әсіресе қазандық қондырғылары жөніндегі сабақтар оған айрықша әсер етті. Бұл пәнге деген қызығушылығы бұрын газ-турбиналық қондырғыларды (ГТҚ) жобалаған тәжірибелі оқытушының тартымды әңгімелерінен бастау алды. 1-ЖЭО-ға келгенде Нұрдаулет үшін ең таңғаларлығы – газ тарату қондырғыларын өз көзімен көру еді. Ал болашақта бұл жерде газ-турбиналық қондырғылар салынатынын естігенде, оның бойында бұл салаға деген ынта мен қызығушылық одан сайын лап ете қалды. «Бәрі біз ойлағаннан әлдеқайда ауқымды! Теорияда бәрі шағын, қағаз жүзінде ұғынықты көрінетін. Ал мұнда – нағыз өндіріс, алып құрылымдар, адам сенгісіз өлшемдер!» – деп бөлісті ол әсерімен. Нұрдаулеттің жадында тәлімгерлерінің айтқан: «Әр турбинаның, әр қазанның өз мінезі, өз көңіл-күйі болады», деген сөзі терең сақталып қалды. Осы сөздер оның жүрегінде мамандыққа деген құрмет пен терең түсініктің шырағын жақты. Енді ол өз болашағын шын ниетімен Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-мен байланыстыруды қалайды.
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да тәжірибеден өткен Нұрасыл Төлембай мен Ерсін Әлен де өндірістің ауқымына қарап таңданыстарын жасыра алмады. «Біз бұған дейін көп нәрсені білмей келген екенбіз!» – деп мойындайды екеуі бір ауыздан. Студенттер олардың әр сұрағына сабырмен, жан-жақты жауап беріп, теория мен практиканы байланыстыруға зор көмек көрсеткен Кадрлар дайындау бөлімінің оқытушысы Галина Сергеевна Суминоваға өздерінің ерекше алғыстарын білдіреді. «Біз университетте теорияны оқығанда, кітаптарда кішкентай суреттер ғана болатын. Қазан мен турбиналардың өлшемдерін өзімізше елестететінбіз… Ал шынайы өмірде көргеніміз – мүлде басқаша екен!» дейді өзінің ерекше әсерімен бөліскен Нұрасыл. Бұл тәжірибе оның АлЭС-те жұмыс істеу туралы арманына бұрынғыдан да нық сенім берді, әсіресе қазіргі кезде А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-да орнатылып жатқан бу-газ қондырғыларында еңбек етуді қалайды.
Ерсін де станциядан қатты әсер алды. «Барлығын өз көзімізбен көру өте ұнады!» – дейді ол. Оны ең алдымен өндірістегі нақты схемалардың университет қабырғасында оқығандарынан өзгеше болуы таңқалдырды. Жанболат сияқты Ерсін де қазандық цехын болашақта еңбек еткісі келетін жұмыс орны ретінде атап өтті. Станциядағы үш турбинаның алып көлемі оның жүрегін ерекше жаулап алды. Ерсіннің тәжірибеден ең басты түйгені – шынайы маманға айналу жолын тереңінен ұғыну болды: «Меніңше, университетті бітірген соң біздің осында қараушы болып келгеніміз дұрыс, дәл осыдан бастағанымыз жөн. Дипломымыз инженерлік болғанымен, бәрін төменнен бастап көруіміз керек. Яғни, бәрін шынайы түрде көріп, қолмен ұстап, үйренуіміз қажет. Тек сол кезде ғана біз жоғары деңгейлі мамандарға айнала аламыз» – дейді ол.
Бұл әңгімелер АлЭС-тегі дуальды оқытудың баға жетпес құндылығын айқын көрсететін жарқын мысал болып табылады. Бұл – жай ғана оқыту кезеңі емес, бұл – кәсіби ұшқынның тұтануы, болашақ еңбек орнымен алғашқы жүздесу, мамандықтың нағыз ауқымын түсіну мен тәлімгерліктің ерекше қадірін сезіну. Студенттердің жанарындағы ұшқынның тұтанғанын, теориялық білімдердің алып қазан мен турбиналардың шынайы кейпіне енгенін, дәл осы жерде еңбек ету арманының туындағанын көру – баға жетпес қымбат нәрсе.
АлЭС пен АЭжБУ студенттерге жай диплом беріп қана қоймай, болашақта кәсіби жеңістерге жол ашатын мықты іргетас сыйлау және жүректерінде кәсіптеріне деген отты жағу арқылы Қазақстан энергетикасы үшін кадрлау даярлаудағы істерін бірге жалғастыра бермек.