ОҚТО балалар көзімен
Ата-ананың жұмысы бала үшін әдетте түсініксіз әрі жат дүние болып қала береді. Бірақ бір рет сол жерге барып, өндірісті өз көзімен көріп, мамандардың түсіндірмесін тыңдағаннан кейін, «анам жұмыста» немесе «әкем ауысымда» деген үйреншікті сөздер мүлдем басқа мағынаға ие болады.
Тамыз айының соңында Отынды қабылдау және түсіру орталығында (ОҚТО) еңбекті қорғаудың отбасылық күні және балаларға арналған ашық есік күні өтті. Шара барысында балалар ОҚТО қызметімен танысып, ондағы қызметкерлердің мамандықтары және әрбір өндірістік учаскеде қауіпсіздік ережелерінің неліктен маңызды екені жайлы білді.

Жас қонақтардың ерекше қызығушылығын тепловоздар, вагондар мен өндірістік жабдықтар оятты. Бұл балалар үшін жай ғана экскурсия емес, ата-аналарының жұмыс күнін ішінен көруге мүмкіндік болды.
Жеті жасар Арыстанбек Шәлекенов мамандардың нысандарды көрсетіп қана қоймай, олардың қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі айтып бергені ерекше ұнағанын айтты.
– Мен нағыз тепловоздар мен үлкен вагондарды көрдім. Өте қызықты әрі таңғаларлық сәттер көп болды.
Оның анасы, ОҚТО кадрларды даярлау жөніндегі инженері Гүлшат Сұлтанғалиева ұйымдастырушылардың балаларды қызықтырып, күрделі өндірістік жұмыс туралы қарапайым тілмен түсіндіре алғанын атап өтті.

ТЖУ бастығы Жәнібек Нұрғабиевтің 11 жасар ұлы Мағжанның да алған әсері ерекше болды. Ол бұл экскурсияны асыға күткен еді, ал тепловозбен жүріп өту – күннің ең есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Әсіресе балаға вагон аударғыш қатты ұнапты:
– Мен вагонның ең керемет сальтосын көрдім! Оны көтеріп, аударып тастайды екен. Бұл Roblox-тағы ұшақтардың сальтосынан да мықты болды!
Алайда ең басты әсер тек техникамен ғана байланысты болып шықпады. Экскурсиядан кейін Мағжан үйлер мен мектептерде жылу мен жарық болуы үшін осындай үлкен әрі күрделі жұмыстың не үшін атқарылатынын түсінді.

Ал 16 жастағы Өмек Ілияс үшін ОҚТО-ға жасалған экскурсия болашағы туралы ойлануға себеп болды. Өндіріс ауқымын көрген ол энергетика саласына жаңа көзқараспен қарап, оқуын бітірген соң осы салаға жұмысқа келгісі келетінін мойындады.
Оның әкесі, 2-ЖЭО учаскесінің пойыз құрастырушысы Дәурен Кенжебеков экскурсиядан кейін ұлының үйге жаңа жоспарлармен және болашақ мамандығына деген қызығушылықпен оралғанын айтты.
Мұндай кездесулер өзінің қарапайымдылығымен құнды. Балалар тек техника мен өндірістік процестерді көріп қана қоймай, сонымен қатар күн сайын ірі энергетикалық кәсіпорынның жұмысын қамтамасыз ететін ата-аналарының, жақындарының еңбегін тереңірек түсіне бастайды.
Бәлкім, дәл осындай бір күні жаңа еңбек әулетінің негізі қаланар.