Өзі таңдаған ісіне адал
Істің басты көрсеткіші сөз емес, нәтиже болатын мамандықтар бар. Биыл 60 жасқа толатын «Энергоремон» ӨЖК 2-ЖЭО қосалқы қазандық жабдықтарын жөндеу учаскесінің 5-разрядты электрмен-қолмен дәнекерлеушісі Серік Сайфуллин міне, қырық жылдан астам уақыт осы қағидамен еңбек етіп келеді.
Серік Камелұлының жалпы еңбек өтілі 43 жылдан асады. Соның 17 жылдан астамын энергетика саласына және «Энергоремонт» ӨЖК ұжымына арнады. Осы жылдар ішінде жабдықтар ауысып, технологиялар жетілді, өндіріске жаңа талаптар қойылды. Алайда ең бастысы – оның өз ісіне деген жауапкершілігі мен таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілігі өзгеріссіз қалды.

2009 жылдың сәуірінде ол кәсіпорынға 3-разрядты электрмен-қолмен дәнекерлеуші болып жұмысқа келді. Еңбекқорлығының, табандылығының және шеберлігін үнемі шыңдауға деген ұмтылысының арқасында біліктілігін 5-разрядқа дейін көтерді. Әрбір жаңа кезең нағыз кәсіби маманның ешқашан ізденісін тоқтатпай, үнемі өзін-өзі дамытуға ұмтылатынын дәлелдей түсті.
Дәнекерлеуші жұмысы асқан дәлдікті қажет етеді. Әрбір дәнекерлеу жігінің сапасына жабдықтың сенімділігі, демек станцияның іркіліссіз жұмысы тікелей байланысты. Сондықтан бұл мамандықта зейінділік, ұстамдылық және жауапкершілік сезімі аса маңызды.

– Дәнекерлеуші өз ісін сүюі керек. Бұл жұмыста асығыстыққа немесе салғырттыққа жол жоқ. Әрбір дәнекерленген жік – үлкен жауапкершілік. Осы жылдар ішінде ұжым мен үшін екінші отбасыма айналды. Тағдырдың маған осындай жандармен жұмыс істеуді жазғанына ризамын. Дәл осындай әріптестермен бірге еңбек етіп, тәжірибе алмасып, ортақ маңызды істі атқарғың келеді, – дейді Серік Камелұлы.
Бұл сөздер мерейтой иесінің дәл өзін сипаттай түседі. Әріптестері оны сенімді, сабырлы әрі мейірімді жан ретінде біледі. Ол ешқашан көмек қолын созудан бас тартпайды, жас мамандарға әрдайым ақыл-кеңес беріп, жинаған тәжірибесімен бөлісуге дайын. Оның кәсібилігі, өмірлік даналығы мен адамдарға деген құрметі ұжымның шынайы ықыласына бөленді.

Мұндай жандар өз жетістіктері жайлы көп айта бермейді. Олар тек күн сайын өз жұмысын адал атқарып, кәсіпорынның сенімді тірегі болып қала береді. Дәл осындай шеберлердің арқасында өндірістік дәстүрлер сақталып, білім энергетиктердің жас буынына беріледі және мамандық сабақтастығы жалғасады.
60 жасқа толу – өмірін жасампаз еңбекке арнаған адам үшін тағы бір маңызды белес. «Энергоремонт» ӨЖК ұжымы Серік Камелұлын мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасы бақытын, амандық пен саулық, жан жылуын және ұзақ ғұмыр тілейді. Әр жаңа күніңіз қуанышқа толы болсын, қасыңыздан әрдайым туған-туыс, адал дос пен әріптестеріңіз табылсын, ал айналаңыздағылардың құрметі мен сүйікті ісіңізге деген мақтаныш сезімі өмірлік серігіңізге айналсын.