Нағыз дос әрі қайырымды жан
Артқа
20.10.2026

Нағыз дос әрі қайырымды жан

«Берік менен үлкен, бірақ ол – менің нағыз досым» – дейді Берік Ибаділләұлы Баймаханбетов жөнінде оның әріптесі Қайрат Бейсекин.

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да тек жауапты жұмыскер ретінде ғана емес, сонымен бірге ақкөңіл, жанашыр әрі ашық-жарқын жан ретінде танылған адам туралы әңгімені, бәлкім, осы сөздерден бастаған жөн болар.

Берік Ибаділләұлы 2018 жылдан бастап автокөлік учаскесінде 4-дәрежелі автокөлік жүргізушісі болып еңбек етті. Оның әрбір жұмыс күні станцияның тыныс-тіршілігіне аса қажет техника – карамен тығыз байланысты болды. Мұнда ең алдымен мұқияттылық, жауапкершілік пен ұқыптылық аса маңызды. Осы жылдар ішінде әріптестерінің барлығы егер іс Берік Ибаділләұлына тапсырылған болса, оның міндетті түрде ойдағыдай атқарылатынына үйреніп қалған.

2020 жылы оның еңбегі бағаланып, есімі Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның Құрмет тақтасына жазылды.

Дегенмен адам жайлы онымен ұзақ жылдар бірге иық тіресе еңбек еткен жандардан артық ешкім айта алмас. Қайрат Бейсекин былай деп еске алады:

– Берік екеуміз жиі қалжыңдасатынбыз, сонымен қатар өмір туралы да сыр шертетінбіз. Оның өзгелерге жанашырлық таныта білуі – өз алдына бөлек әңгіме. Әрине, біз үшін оның орны ойсырап тұратын болады.

Бұл сөздердің астарында уақыт өте келе ортақ тарихқа айналған қарапайым жұмыс күндері: үзілістегі әңгімелер, әзіл-қалжың, өзара демеу, отбасылық тақырыптар мен өмірлік кеңестер жатыр. Лауазымдық нұсқаулықтарда жазылмаған, бірақ нағыз адами қарым-қатынастың негізін қалайтын құндылықтар осыдан құралады.

Берік Ибаділләұлы адамның басына қиын күн туғанда әрдайым тыңдай білетін әрі демеу болатын. Орынды әзілмен көңіл сергітіп те, өмір туралы байыппен сыр шертісе де алатын. Жанында бірге еңбек еткен әріптестері оны осы қасиеттері үшін де ерекше бағалады.

Енді Берік Ибаділләұлының өмірінде жаңа кезең басталып жатыр. Отбасына, жақындарына және жеке шаруаларына бөлетін уақыты көбейді. Қалыпты жұмыс ырғағы артта қалғанымен, ұзақ жылғы еңбек барысында қалыптасқан достық пен жылы қарым-қатынас ешқайда кетпейді.

1-ЖЭО ұжымы Берік Ибаділләұлын онымен жұмыс істеу өте жайлы, әзілі жарасқан, ашық-жарқын сырласа білетін жан ретінде үнемі жылы сезіммен еске алып тұратын болады.

Ұжымы оған зор денсаулық, амандық, отбасына береке мен жылулық және алда тек жақсы күндердің көп болуын тілейді.