Мүмкін емес нәрсе мүмкін болды: «ЕҚДБ Алматы 2-ЖЭО-сының жаңғырту жұмыстарын жоғары бағалады»
2025 жылдың 17 маусымында А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО құрылысы алаңында Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) өкілдерінің, оның ішінде банктің Директорлар кеңесі мүшелерінің маңызды сапары өтті.

Қонақтар Алматы тарихындағы ең ауқымды экологиялық жобалардың бірі – Алматы 2-ЖЭО-сын қоршаған ортаға тигізетін әсерін барынша азайта отырып жаңғыртудың іске асырылуымен танысу мақсатында келді. ЕҚДБ қаржылай қолдауымен «АлЭС» АҚ жүзеге асырып жатқан бұл жоба қаланың тұрақты дамуы үшін аса маңызды болып отыр.

Қазіргі уақытта А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО Алматының негізгі жылу көзі болып табылады, сонымен бірге ауа ластануының да басты себептерінің бірі болып тұр. Қаланың атмосферасындағы PM 2.5 қатты бөлшектерінің концентрациясы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан 17 есе асып, әсіресе қыста, қала тұманға оранғанда айқын байқалады.

Жобаны жүзеге асыру:
- көмірден толықтай бас тартып, экологиялық таза табиғи газға көшуге;
- PM 2.5 және күкірт оксидтері (SOx) бар шаңды жоюға;
- азот оксидтерінің (NOx) шығарындыларын 86%-дан астам қысқартуға;
- жыл сайынғы CO₂ шығарындыларын 55%-ға азайтуға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
ЕҚДБ-ның жалпы несие көлемі 130 миллиард теңгені (260 миллион еуроны) құрайды. Бөлінген қаржы негізгі жабдықтарды ауыстыруға және жаңа газ турбиналық қондырғыны салуға бағытталған. Жобаның мердігері – Dongfang Electric International Corporation, Power China Sepco1 Electric Power Construction және Power China Hebei Electric Power Engineering компанияларынан тұратын қытай консорциумы. Жабдықты Siemens Electric және Dongfang корпорациясы жеткізуде.

Күрделі геосаяси жағдайға байланысты жабдықтарды жеткізудің әдеттегі логистикалық бағыттары тоқтатылды. Siemens газ турбиналы генераторларын дәстүрлі Ресей немесе Суэц каналы арқылы теңізбен жеткізу мүмкін болмады. Siemens газ турбиналық генераторлары 40 000 км жол жүріп өтті: ол Еуропадан шығып – Үміт мүйісін айналып өтті, содан кейін Үнді мұхитынан Қытайдың Тайцан портына жетіп, ары қарай Алматыға дейін құрлықпен жеткізілді.

– Біз жұмыс барысын өз көзімізбен көру үшін келдік. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бірінші турбина 2-ЖЭО-ға жеткізілді, бұл тұрақты энергетикаға қарай жасалған маңызды қадам, – деді ЕҚДБ-ның Орталық Азия бойынша баспасөз хатшысы Антон Усов.

2-ЖЭО-ны жаңғырту жобасы – бұл жай ғана газға көшу емес, ол «мүмкін емес» ұғымына қарсы тұру. 1974 жылдан бері ұрпақтарды шабыттандырып келе жатқан «Impossible is nothing» ұраны осы жобаның мәнін мейлінше жақсы сипаттауда.
Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі – 2026 жылғы желтоқсан. Дәл сол кезде жаңа, заманауи және экологиялық таза 2-ЖЭО толық қуатымен жұмыс істеп, Алматының әрбір тұрғынын жылумен, жарықпен және ең бастысы – таза ауамен қамтамасыз етеді.