«Мейірімділік қоржыны»: ізгілік тарихы бар бұйымдар
Әр үйден өзіміз бұдан былай қолданбайтын, алайда өзгелердің кәдесіне жарап қалатын заттарды табуға болады.
«Самұрықнама – 20 игі іс» бастамасы аясында «АлЭС» АҚ-да ұйымдастырылған «Мейірімділік қоржыны» акциясының негізгі мақсаты да осы идеяға сүйенеді.
Қызметкерлер жақсы күйде сақталған киім-кешектерді, кітаптар мен тұрмыстық бұйымдарды жинауға белсене атсалысты. Жиналған заттардың барлығы әлеуметтік мекемелер мен қайырымдылық дүкендеріне өткізіледі.
Игі шараға Компанияның түрлі құрылымдық бөлімшелерінің мамандары біркісідей үн қосты. Олардың әрқайсысы киім, кітап және үйге қажетті бұйымдарды әкеліп, өз үлестерін қосты.
«Үйде әрдайым өзің қолданбайтын, бірақ тастауға қимайтын заттар табылады. Дәл осындай сәтте бұл бұйымның басқа бір жанға шынымен қажет екенін түсінесің», – деп атап өтті Шарттық-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас заң кеңесшісі Гаухар Елеусізова.
Көптеген қызметкерлер үшін бұл акция күнделікті қолданыстағы заттарға өзгеше көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.
«Маған әсіресе кітаптарға қатысты идея ерекше ұнады. Кітап сөреде текке тұрмауы керек, оны өзгелер де оқығаны жөн», – деп бөлісті Қоршаған ортаны қорғау басқармасының бас маманы Руслан Ғабитов.
«Біз өзіміз де қолдана алатындай, сапасы өте жақсы дүниелерді өткізуіміз маңызды. Сонда ғана осындай көмектің мән-мағынасы тереңдей түспек», – деп толықтырды Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің жетекші құжаттанушысы Индира Катранова.
«Мейірімділік қоржыны» – маңызы зор, мақсаты айқын шара болды. Мұнда мұқтаж жандарға қол ұшын созумен қатар, заттарға ұқыптылықпен қарау мәдениеті тоғысты.
Бір адам үшін қажетсіз болып көрінген дүние, басқа бір жанның кәдесіне жарап, зор қуаныш сыйлауы әбден мүмкін.
