Мамандық қызығушылықтан басталады
Жұмыс істеп тұрған турбиналарды көру, электр станциясының машина залына бару және электр энергиясының қалай өндірілетінін білу болашақ энергетиктер үшін оқулықтағы сызбаларды жай ғана оқып-үйренуден әлдеқайда қызықты. 13 қазанда META University студенттеріне осындай мүмкіндік туып, олар Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-іне барды.
Экскурсияға «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламасының 3 және 4-курс студенттері келді. Көпшілігі үшін бұл жұмыс істеп тұрған су электр станциясымен алғашқы таныстық болды.

Жастардың ерекше қызығушылығын тудырғаны – машина залы. Олар жұмыс істеп тұрған гидротурбиналарды өз көздерімен көріп, станция жабдықтарымен танысты және су энергиясының электр қуатына қалай айналатынын көрді. ГЭС мамандары технологиялық процестің ерекшеліктері, жабдықтарды пайдалану және қауіпсіздік талаптары туралы айтып берді.

– Сабақта біз электр станцияларының құрылысын оқып, сызбаларды талдаймыз, ал мұнда бәрін өз көзімізбен көрдік. Әсіресе жұмыс істеп тұрған турбиналар ерекше әсер қалдырды. Енді электр энергиясын өндіру процесінің қалай жүретіні және энергетиктерге қандай жауапкершілік жүктелетіні әлдеқайда түсінікті болды, – деп бөлісті өз әсерімен Әсия Баширова.
Студенттер мамандарды зор ықыласпен тыңдап, жабдықтарды қызыға қарап, сұрақтарын қойды. Олар станция жұмысы қалай ұйымдастырылғанын, инженерге қандай білім қажет екенін және жас энергетиктің кәсіби жолы неден басталатынын білгісі келді.
– Маған қатты ұнады! Әсіресе жұмыс істеп тұрған нағыз турбиналарды өз көзіммен көру өте қызықты болды. Мұндай экскурсиядан кейін өз мамандығың бойынша жұмыс істеуге деген құлшынысың одан сайын арта түседі, – деді Нұрберген Жидебай.
Станция қызметкерлері де өз тәжірибелерімен ықыласпен бөлісті. Олар үшін жастармен осындай кездесулер ұйымдастыру – тек өндіріс жайлы айтып беру ғана емес, болашақ мамандардың кәсіпке деген қызығушылығын оятудың жақсы мүмкіндігі.
– Студенттер станцияға келгенде, энергетика саласының кімге шынымен қызық екені бірден байқалады. Олар мұқият тыңдап, сұрақтар қояды, жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін түсінуге тырысады. Біз үшін бұл өте маңызды. Мүмкін бірнеше жылдан кейін осы жастардың бірі мұнда маман болып жұмысқа келер. Мамандықпен танысудың дәл осылай басталғаны жақсы, – деп атап өтті Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Павел Ким.

«АлЭС» АҚ көп жылдар бойы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, студенттерді өндірістік экскурсиялар мен практикаға шақырып, оларды электр станцияларының тыныс-тіршілігімен таныстырып келеді. Мұндай кездесулер жастарға болашақ мамандығын тереңірек түсінуге, ал тәжірибелі энергетиктерге өздерінің ізін басар ізбасарларымен білім-тәжірибесін бөлісуге септігін тигізеді.

Бұл сапардан кейін студенттер мол білім мен жақсы әсер алатыны сөзсіз. Ең бастысы – енді олар энергетика саласының ішкі тынысын көрді. Бәлкім, дәл осы экскурсия олардың біріне болашақ жұмыс орнын нақты таңдауға көмектесер.
Өйткені кейде үлкен кәсіпке апарар жол ұзақ уақыт есте сақталатын қарапайым ғана экскурсиядан бастау алады.