Мәдениет күні – өнер әлемінде
Артқа
08.10.2026

Мәдениет күні – өнер әлемінде

Мәдениет күні «АлЭС» АҚ жұмыскерлерінің қалыпты жұмыс қарбаласынан бір сәт болса да серпіліп, өнер туындыларының ортасында уақыт өткізуі үшін тамаша себеп болды. Бұл күні компания мамандары Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейін тамашалады.

Экскурсия Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне жаңаша көзқараспен қарауға, танымал суретшілердің еңбектерін көріп, әр кезеңдегі ұлттық бейнелеу өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.

Суреттердің әркімге әртүрлі әсер қалдыратынын байқау ерекше қызық болды. Біреулердің назарын табиғат көріністері аударса, енді біреулер портреттер мен ұлттық нақыштағы туындыларға көбірек мән берді. Кейбір жұмыстардың тұсында ұзағырақ аялдап, ұсақ-түйек тұстарына дейін үңіліп, көргендерін әріптестерімен қызу талқылағысы келгендер де болды.

– Күнделікті қарбалас тірлікте музей аралауға әрдайым уақыт табыла бермейді. Ал мұнда соған тамаша мүмкіндік туды. Көңілге жылылық ұялатқан, өте тыныш әрі қызықты сәттер болды. Кейбір картиналарды асықпай тағы бір рет көруге болар еді, – деп өз ойымен бөлісті қатысушылардың бірі.

Көпшілік үшін бұл экскурсия әдеттегі жұмыс ортасынан тыс жерде әріптестерімен еркін тілдесудің де жақсы ретіне айналды.

– Күн сайын жұмыста жолығып, өндірістік мәселелерді шешіп жүретін болсақ, бұл жерде мүлде басқаша әңгімелесудің сәті түсті. Мұндай іс-шаралар ұжымды жақындастырып, тың әсерге бөлейді, – деп атап өтті «АлЭС» жұмыскерлерінің бірі.

Тағы бір қатысушы өнер арқылы ел тарихының қаншалықты жан-жақты әрі түрлі қырынан ашылатынына назар аударды:

– Картиналарға, әсіресе қазақстандық суретшілердің туындыларына қарағанда, көп нәрсе мүлде басқаша қабылданады. Бұл жай ғана бейне емес – әр туындының астарында өз заманының тынысы, көңіл күйі мен тарихы сезіледі.

Музейдегі бірнеше сағат байқалмай өте шықты. Экскурсияға қатысушылар ерекше есте қалған жұмыстарды қызу талқылап, күнделікті тірлігіне жаңа әсермен оралды.

Бұл жолғы Мәдениет күні дәл осылай – асығыссыз, өнер мен тарих әлеміндегі жарасымды әңгіме аясында өтті.