Күш – істе, қуат – қасыңдағы жандарда
Артқа
01.09.2026

Күш – істе, қуат – қасыңдағы жандарда

Бес бала, жеті немере, сүйікті жұмыс және бәріне жауапкершілікпен қарау әдеті – Нұрман Диясұлы Сатыбаевтың бүгінгі күні осындай маңызды дүниелерден құралады. Үлкен отбасының ортасында ол – әрдайым арқа сүйеуге болатын қамқор әке, аяулы ата, ал әріптестестері үшін – өз ісін сабырмен, адал атқаратын сенімді маман.

Нұрман Диясұлы «АлЭС»-те 2022 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның компаниядағы кәсіби жолы «Энергожөндеу» ӨЖК-нің 3-ЖЭО-дағы қазандық жабдықтарын жөндеу учаскесінен басталды. Ол мұнда қазандық және шаң дайындау цехтарының жабдықтарын жөндеуші 4-разрядты слесарь болып жұмыс істеді.

Жөндеушінің жұмысы тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар зейінділікті, шыдамдылықты, ұқыптылықты және атқарылған жөндеу сапасына қаншалықты көп нәрсе байланысты екенін терең түсінуді талап етеді. Нұрман Диясұлы өз міндеттеріне әрдайым осылай – байыппен, асып-саспай, тиянақты қарайтын.

Ол бұған дейін меңгерген дағдыларымен шектеліп қалмады. Үнемі жаңаны білуге, сабақтас салаларды игеруге ұмтылып, негізгі жұмысын электрик мамандығымен ұштастырып отырды. Ісіне деген осындай қызығушылығы оның кәсіби мүмкіндіктерін біртіндеп кеңейтіп, жаңа тәжірибе жинақтауға жол ашты.

Нұрман Диясұлы атсалысқан әрбір жөндеу жұмысының артында жабдықтың ақаусыздығын және сенімді жұмысын қамтамасыз ету сияқты үлкен ортақ міндет тұр. Энергетика саласында жөндеуші еңбегінің нәтижесі көпшіліктің назарына іліне бермейді, алайда өндіріс процесінің тұрақтылығы көбінесе соған байланысты.

2024 жылдың наурыз айында Нұрман Диясұлының кәсіби өмірбаянында жаңа парақ ашылды: ол жоғары вольтты жабдықтарды жөндеу цехына электр станциясының электр жабдықтарын жөндеуші электр слесарі болып ауысты. Бүгінде ол жылдар бойы жинақтаған білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, жаңа бағытты игеріп жатыр.

Оның ең сенімді тірегі – әрқашан отбасы. Бес бала мен жеті немере – ерекше байлық, зор қуаныш, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Кәсібіндегідей, отбасында да Нұрман Диясұлы үшін бір-біріне деген құрмет, адалдық, еңбекқорлық және қажет кезде қасынан табыла білу сияқты қарапайым әрі берік құндылықтар аса маңызды.

Нағыз өмірлік тәжірибе дегеніміз, сірә, осы болса керек – өткен жылдардың санында емес, өзің тәрбиелеп өсірген адамдарда, жақсы меңгерген ісіңде және игі істеріңмен келген абырой-беделіңде.

Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Нұрман Диясұлына зор денсаулық, амандық-саулық және үлкен отбасыңыздың ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз. Балаларыңыз бен немерелеріңіз жетістіктерімен қуанта берсін, шаңырағыңыз әрдайым жылу мен шаттыққа толы болсын, алда әлі талай игі оқиғалар, қуанышты кездесулер мен баршаңыздың бас қосатын сәттеріңіз көп болғай!