Көмек дәл қазір қажет кезде
Кейде игі істер алдын ала жоспарлаусыз жасалады. Олар «Көмек керек» деген қарапайым хабарламадан басталады. Дәл осындай сәттерде жаныңда артық сөзсіз қол ұшын созуға дайын жандардың болуы қаншалықты маңызды екенін айқын түсінесің.

Тамыз айында «АлЭС» АҚ қызметкерлерінің біріне көмек қажет болды. Бұл жағдайдан хабардар болған «Жарқын Болашақ» жастар ұйымының мүшелері шет қалмай, жедел әрекет етіп, қан тапсырды.
Бұл біреу үшін кезекті донация болса, енді біреу үшін бүгінде ерекше қолдауға мұқтаж жанға жасалған тағы бір саналы қадам еді. Дегенмен барлығының басын қосқан басты нәрсе – көмектесуге деген ниет болды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспектор Дина Әбдімәжит бұл өзі үшін екінші донация екенін мойындады:
– Бұл менің екінші рет қан тапсыруым. Қанға мұқтаж жандарға көмектесіп, осындай маңызды іс атқара алатыныма өте қуаныштымын. «Жарқын Болашақ» жастар ұйымы мен «АлЭС» АҚ-ның осындай бастамаларды қолдап, әріптестерімізбен бірге игі істер жасауға мүмкіндік беріп жатқаны қандай жақсы. Алдағы уақытта тағы да қатысамын!
ӨҚжЕҚБ бас маманы Евгений Краснощеков үшін донорлық әлдеқашан өмірінің саналы бір бөлшегіне айналған – ол он жылға жуық уақыттан бері қан тапсырып келеді.
– Донорлық – бұл жай ғана қан тапсыру емес. Бұл – мейірімділіктің, жауапкершіліктің және нағыз адами ынтымақтастықтың көрінісі. Бір реттік донация біреудің өмірін сақтап қалуға баға жетпес үлес бола алады. Әсіресе, жастарымыздың әлеуметтік маңызы бар бастамаларды белсенді қолдап, өзгелерге көмектесудің маңызды, игі әрі шынайы іс екенін өз үлгісімен көрсетіп жатқанын көру өте қуантады, – дейді Евгений.
Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО РҚА электромонтері Серікхан Ғани өзі үшін ең бастысы игі іске жеке қатысы барын сезіну болғанын айтады:
– Қан тапсыру кезінде өзімді жайлы сезіндім. Ең бастысы – біреудің өмірін сақтап қалуға өз үлесіңді қосып жатқаныңды сезіну ерекше әсер қалдырады екен. Әркім өз мүмкіндігінше осындай игі де маңызды істерге атсалысса екен деймін.
11 тамыздағы оқиға – ең алдымен, жанашырлық туралы. Дер кезінде құлақ асып, тек сөзбен емес, іспен де қолдау көрсетіп, қасынан табыла білу қабілеті жайлы.
Энергетикада сенімділік, өзара көмек және командалық жұмыс туралы айту қалыптасқан. Алайда ұжымның нағыз күші өндірістік міндеттерден тыс кезде – нақты бір адамға көмек қажет болып, мәселе әдемі сөзге емес, әрекет етуге дайын болуға тірелгенде айқындалады.
«Жарқын Болашақ» – бұл тек жарқын болашақ қана емес. Бұл – бүгін жасалып жатқан игі істер.
Сірә, бөтеннің қайғысына бейжай қарамайтын АлЭС-тің үлкен командасының шынайы рухы да дәл осындай істерден қалыптасатын болар.