Кирилл АЛЕКСАНДРОВ: «Біздің кәсіпте ұсақ-түйек болмайды»
Артқа
03.12.2025

Кирилл АЛЕКСАНДРОВ: «Біздің кәсіпте ұсақ-түйек болмайды»

Энергетик болу деген шешімді мен мектепте оқып жүрген жылдар ішінде, оныншы сыныпта оқып жүрген кезімде қабылдадым. Бұған дейін де мен көп нәрсені: дәнекерлеуші, көлік қозғалтқыштарын жөндеу жөніндегі моторшы, болуды армандаған едім…

Бұл кәсіптің мені қызықтырғаны – ата-анам энергетик болып еңбек етті және де олардың жұмыс барысында бастан өткерген оқиғалары, олардың айтып беретін әңгімелері мен үшін өте қызықты болатын. Әрі ата-анам да менің олардың жолын қуғанымды қалады. Солай болды да: мен Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург Политехникалық Университетіне оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, «Электр станциялары мен қосалқы станциялардың электр энергетикалық қондырғылары» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып шықтым.

Менің мамандыққа келу жолым қалыпты жағдайда болды: институтты бітірдім, жұмыс іздей бастадым. Ал маған 2-ЖЭО-ға жұмысқа орналасып көріңдер деп ұсыныс жасағанда, құжаттарымды тапсырып, әңгімелесулерден өттім және 2021 жылы станцияға қабылдандым. Алғашқы жұмыс күнімді, дәлірек алған айтқанда, станция жөніндегі алғашқы әсерім есімде өте жақсы сақталып қалды – мені оның ауқымы, аумағы таңғалдырды.

Ол кезде маған бұл бөлек бір қалашық болып көрінді. Сондықтан да менің станциямен таныстығым ұзақ уақытқа созылды. Бұл жердегі тәртіп сондай: алдымен емтихандар тапсырылады, содан кейін – станцияның географиясын, қай жабдықтың қай жерде орналасқанын ұзақ уақыт бойы зерделеу жүреді.

ЖЭО-дағы менің алғашқы тәлімгерім – сол кезде он жылдан астам еңбек өтілі бар АРҚ жетекші инженері Дмитрий Андреевич Офицеров болатын. Ол мені көп нәрсеге үйретті. Жалпы, мен жақсы адамдарды жолықтыруда жолым болған адаммын: ешқашан пір тұтатын адамым болған емес, бірақ өмірімде көп нәрсені үйренген адамдар көп болды. Солардың бірі – менің кіндік әкем Александр Михайлович Борисов. Бүгінгі күні де ата-анамның, жақындарым мен әріптестерімнің қолдауы өмір сүруіме және жұмыс істеуіме септігін тигізіп келеді. Мен үшін беделді тұлға болып саналатын адам – анам Татьяна Тимофеевна Александрова, алайда сөздің соңғы нүктесін әкем Станислав Владимирович Александров қояды.

Мен ЖЭО-ға жұмысқа орналасқан сәттен бастап, менің барлық еңбек қызметім электр цехымен байланысты. Қазіргі уақытта мен 2-ЖЭО электр цехының электртехникалық зертханасында жетекші инженер болып жұмыс істеймін. Біздің бас сұлба тобы станциядағы негізгі жабдықтардың күрделі қорғаныстарын, яғни генераторлар, трансформаторлар, электр беріліс желілері сияқты жабдықтарды тексерумен және баптаумен айналысады. Бұдан өзге, біз нұсқаулықтарды қайта қараймыз, сұлбалар сызамыз. Бірақ маған ең қатты ұнайтыны – релелік қорғанысты тексеруге арналған қондырғылармен жұмыс істеу.

Әрине, жұмыс істеген уақытымда түрлі жағдайларға тап болдым, соның ішінде күрделілері де бар. Бір жолы әріптесім Олжас Иманғалимен бірге тұрақты ток қалқанында жерге тұйықталуды іздеуге тура келгені есімде. Ақырында жерге тұйықталу біздің жабдығымызда орналасқаны белгілі болып, осы ақауды жою үшін әріптесімізбен бірге түнге дейін жұмыста қалуға тура келді. Ақау жойылды және біз жабдықтың қалыпты жұмыс сұлбасын қалпына келтірдік.

Өз жұмысымда ең бастыдеп есептейтінім – әр нәрсенің ұсақ-түйегіне дейін қызығушылық таныту. Өз тәжірибемнен білетінім: ең көп бас қатыратын мәселелерді дәл осы ұсақ-түйектер туындатады және біздің жұмысымызда ең үлкен нәтижеберетінде де солар. Өйткені, әдетте, күрделі проблемалардың себебі көбінесе қандай да бір ұсақ-түйекке келіп тіреледі, ал жабдықты жақсы білмеген жағдайда оны табу қиынға соғады. Жұмысқа деген қызығушылықтың болуы, мәселенің түпкі мәніне дейін жете білу маңызды. Ал бірнәрсені білмей қалсам немесе орындау мүмкін болмай жатса, мен есіме жоғары математика пәнінің оқытушысы Надежда Сергеевна Панфилованың дана кеңесін аламын: «Егер бір нәрсені білмейтін болсаң, болжалды түрде, дұрыс емес жауап беруден гөрі, ол туралы шынайы айтқан дұрыс». Бұл біздің мамандықта ерекше маңызды – жұмысқа, дұрыс шешімге көз жеткізіп барып кірісу, ал білмесең – оқып-білу, сұрау, дайындалу қажет.

Біздің мамандықтың мәні – тоқтамай үйренуде. Ал менің кәсібіме қатысты арманым – өз саламның жоғары білікті маманы атану және мансаптық тұрғыдан өсу. Сондықтан менің өмірімдегі ең маңызды оқиғалардың бірі – магистратураны «үздік» бітіргенім. Бұл өміріме жаңа серпін беріп, күш-жігер мен табысқа деген сенімімді арттырды.

Маған сондай-ақ көшбасшылықты, жетекшілік қасиеттерді дамытуым маңызды болып табылады, өйткені мен қазір басшылық лауазымдамын және қызметкерлерге міндеттерді дұрыс бөліп беруім, ал өзім үлгі бола білуім қажет. Қазіргі уақытта менің міндеттеріме өз тобыма жетекшілік ету кіреді, ал ЭТЗ бастығының болмауы жағдайында оны алмастырып, міндеттерін орындау жүктеледі. Мен әріптестерім үшін үлгі болуға тырысамын, себебі мен бөлімнің басшысы болып тағайындалдым және де осы лауазымға сай болуым керек, сонда қызметкерлер де дамуға, мансаптық өсуге ұмтылады.

Біз күрделі өндірісте жұмыс істейміз, ол жерде ұжымдық жұмыс та, жағдайға қарай жедел әрекет ету де, шешім қабылдай алу да аса маңызды.

Сондықтан өндірістің ерекшеліктеріне байланысты менің жұмыс күнім де жағдайға және қойылған тапсырмаларға қарай әр түрлі өтеді. Кесте бойынша орындауымыз тиісті жоспарлы жұмыстар бар. Ал кейде жабдықтардың жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру, жабдықтардың одан әрі жұмыс істеуі үшін ақауларды жою қажет болады.

Ашығын айтсам, жұмыста маған ерекше ұнайтыны – жедел және стандарттан тыс шешімдерді талап ететін күрделі жағдайлар, олар соңында энергетика саласындағы біліміңді кеңейтуге мүмкіндік береді. Осылайша тәжірибең де арта түседі. Біз үшін ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі талаптарын білу, әрқашан есте сақтау және мүлтіксіз сақтау. Өз басым мына қағиданы ұстанамын: «Жұмысты бастамас бұрын қандай элементтерді ажыратуға болатынын бағала, қажетсіз нәрсені ажыратып қоймау үшін». Мұндайда шешімді асықпай, саспай, бәрін мұқият ой елегінен өткізіп барып қабылдау қажет, тек содан кейін қойылған міндеттерді орындауға кіріскен жөн.

Қазақстанның энергетика жүйесінде АлЭС компаниясы өте маңызды орын алады деп ойлаймын. Бұл тек құрамында 90 жылдық тарихы бар ең көне актив – 1-ЖЭО-ның болғаны үшін ғана емес, және де тек еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі энергетикалық компания болғаны үшін де емес. Компанияның құрылымдық ерекшелігіне байланысты да: мұнда әрі электр энергиясын, әрі жылу өндіруге арналған жабдықтары бар департаменттер жұмыс істейді. АлЭС-те генераторлар мен трансформаторларды пайдалану және жөндеу жұмыстары да жүргізіледі.

Маған компаниямыздың әлеуметтік бағыттылығы да өте ұнайды – жұмысшылар үшін көптеген шаралар атқарылады. Мысалы, соңғы жаңалықтардың бірі ретінде персоналға арналған тегін түскі ас берілетін жаңа асханалардың ашылуын атап өтуге болады. Бұл – қолайлы, заманауи және жауапты шешім.

АлЭС-ке жұмысқа келген адамдардың барлығы мұнда ерекше, ұйымшыл әрі достық қарым-қатынастағы ұжым қалыптасқанын атап өтеді. Мұнда қызықты, білімді, жан-жақты адамдар жұмыс істейді, әрқайсының өз хоббиі, өз өмірлік жоспарлары бар. Мұндай ортада әріптестерден қалып қойғың келмейді. Менің де өз қызығушылықтарым бар: қыста – тау шаңғысы, жазда – велосипед тебу және тауға жорықтар. Үстел ойындары, достармен кездесулер, кітап оқу да менің басымдықтарымның қатарында. Джек Лондонның шығармаларын, әсіресе «Мартин Иденді» жақсы көремін. Агата Кристидің детективтері де қатты қызықтырады. Бір қарағанда детективтер жеңіл оқылатын дүниелер секілді көрінуі мүмкін, бірақ олар миға салмақ түсіріп, логикалық ойлауға, автордың жұмбақтарын шешуге итермелейді. Бұл – біздің кәсібіміз үшін өте маңызды: миды үнемі сергек ұстауымыз қажет.

Біздің мамандығымыз өте күрделі, белгілі бір тұрғыдан қауіпті де. Бірақ ол өте жарқын, адамдарға, қоғамға, экономикаға аса қажет мамандық. Қазіргі таңда жастардың бұл салаға онша ықылас танытпайтыны өкінішті-ақ. Ал біздің мамандықты таңдайтындарға айтарым: энергетика терең білімді, жауапкершілікті, мұқияттылықты талап етеді, сондықтан әрдайым сақ болып, қауіпсіздік қағидаларын естен шығармау қажет. Бұл жұмысты шын жүректен сүю керек, сонда бәрі нәтижелі болады.Егер менде, әулетінен келе жатқан энергетик ретінде, ту болатын болса, онда оның үстінде жарықтың, жылудың, мейірімнің және үміттің символы – Күн бейнеленуі тиіс…