Каникулдар жалғасуда: «Эдельвейсте» жаңа ауысым
Артқа
17.07.2024

Каникулдар жалғасуда: «Эдельвейсте» жаңа ауысым

«Эдельвейс» тау басындағы балалар сауықтыру лагерінде жаңа ауысым: лагерь бірінші ауысымында демалған 157 баланы шығарып салып, екінші маусымға жаңа демалушылардың келуіне дайындалуда.

Лагерь экологиялық таза таулы аймақта орналасқан және өткен ғасырдың 70-жылдарынан бері жұмыс істейді. 12 жыл бұрын «Эдельвейс» орналасқан жерін өзгертті және қазір Алматыдан небәрі 13 км қашықтықта орналасқан.

– Балалар шипажайы – энергетиктер Кәсіподағының қарамағында. «Алматы электр станциялары» АҚ жұмыскерлерінің балалары үшін жолдама құнының 50%-ын компания кәсіподағы мен АлЭС өз есебінен өтейді. Биылғы жазда компания жұмыскерлерінің 300-ден астам баласы жеңілдік негізінде демалады, – деді «Энергия» ҚБ кәсіподақ төрағасы Серік Тымбасбаев. – Біз балалардың келуіне алдын ала дайындалдық. Корпустарға ағымдағы жөндеу жүргізілді, жаңадан сырладық, әктедік, жаңа төсек-орын жабдықтарымен жабдықтадық, ыдыс-аяқ, музыкалық жабдықтар сатып алынды. Ал лагерь жұмыскерлері конкурстық негізде таңдалды.

Эдельвейсте 2-ші отряд мүшесі Валера Власов мұнда төртінші рет демалуда – оны «байырғы демалушы» десек болады. Ол өз әсерлерімен бөліседі:

– «Эдельвейс» мен үшін ең жақсы лагерь! Мұнда әрдайым көңілді және қызықты. Күннің ыстығы білінбейді, қоңыр салқын, оған қоса түрлі тартымды шаралармен айналысып, уақытымыздың қалай өткенін де байқамаймыз. Біздің отряд өте тату. Мен футбол мен волейбол ойнағанды ұнатамын. Командалық эстафета мен «Тәлімгерді тап» байқауы өте ұнады.

Энергетиктердің балалары дәстүрлі түрде әр жазда осында демалады. Кейбірі тіпті 2 маусым болады. Абіл Сымбат 4-ші отряд мүшесі, лагерьге алғаш рет келді. Оған тәлімгерлер, тағамдар, ойындар, әсіресе черлидерлер байқауы ұнады.

– Келесі жылы енді құрбыларыммен келгім келеді, – дейді ол. – Өйткені «Эдельвейс» – бақыт мекені!

Күндер көңілді және қызықты, ұйқы қанық, ас мәзірі дәмді болуы үшін мұнда шығармашыл, мейірімді және кәсіби жұмыскрелер жұмыс істейді. Жұмыскерлердің басым бөлігі осында біраз жылдардан бері жұмыс істейді. Асхат Тастыбай екінші жыл тәлімгер. Бұл жолы ол «Танымпаздар» – 8-ші отрядтың тәлімгері. Бұл атау отряд балаларының темпераментіне толық сәйкес келді. «Мен балалармен жұмыс істегенді, олармен араласқанды ұнатамын», – дейді Асхат. – Менің сүйікті ойыным – «Ол және олар». Сондықтан мен лагерьде екі маусым жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.

«Чемпиондар» 7-ші отрядының тәлімгері Шынайым Бағдатқызы да балаларға бауыр басты.

– Бізде 15 бала: 10 ұл және 5 қыз бала болды, – дейді Шынайым. – Балалардың барлығы дарынды және өнертапқыш. Біз дайындаған ата-аналар күні есімде қалды. Ата аналар балалары мен тәлімгерлердің талантын тамашалады…

Аға аспаз Ғалия Қараулова лагерьдегі балалардың талғамын өте жақсы зерттепті. Аспаздар командасында бес адам бар, оның бірі наубайшы.

– Біз нан, шелпек, ірімшіктер, шұжықтарды қамырға пісіреміз, сүзбемен тәтті тоқаш және тағы басқа тағамдар әзірлейміз- деді, Ғалия, мектеп оқушыларының сүйікті тағамдарын тізіп айтып. – Лагерьде балалар күніне алты рет тамақтанады. Біз тәттілер пісіруден басқа, балалардың ең жақсы көретін тағамдарын дайындауға тырысамыз: котлет, фрикаделька, зразы, пюре, спагетти, жаңа салаттар, ет тамақ, кеспе. Барлық ас мәзірін шын жүректен және қуанышпен жасаймыз!

Гүлпара Замадинқызы Боханова – лагерь директоры. Ол Эдельвейсте екінші жыл жұмыс істейді және балалардың хоббиі мен қызығушылықтарын жақсы біледі.

– Бізде осы лагерьде 15 жылға жуық уақыт жұмыс істейтін мықты команда бар. Қаңтар айынан бастап мұғалімдерге кастинг өткіземіз, үздіктерді таңдаймыз. Лагерьде 8 отряд бар. Осы ауысымда 157 бала демалды. Әр отрядта тандем жұмыс істейді: тәрбиеші-мұғалім және тәлімгер-студент, – деп түсіндіреді Гүлпара Замадинқызы. – Тәрбиешілер балалардың қауіпсіздігі мен тәртібін бақылайды. Балаларды қызықтыру үшін біз әр уақытта маусымның жаңа бағдарламасын жасаймыз. Күн сайын дискотека – балаларға бұл өте ұнайды. Әртүрлі конкурстар, жарыстар өткіземіз. Достарына және тәлімгерлеріне жылы сөздер жазуды ұсынамыз. Маусым қорытындысы бойынша ата-аналарға балалары мен тәлімгерлердің шығармашылығын көрсетеміз. Ата-аналар жиі таң қалады, өйткені лагерьде балалары күтпеген жаңа қырынан ашылады. Мысалы, бала үйде билемейді, ал мұнда толығымен ашылады. Пікірлер кітабында ата-аналар өздерінің жылы лебіздерін қалдырады. «Эдельвейс» – бұл шығармашылық!

Олжас Қожабаев – нағыз физрук, лагерьде жоғары жылдамдықпен жұмыс істейді. Ол Эдельвейсте екінші жыл жұмысын жалғастыруда: «Маған лагерьдің табиғаты, балалармен жұмыс істеген ұнайды», – дейді Олжас.

– Бізде тәлімгерлердің кәсіби құрамы қалыптасқан. Маусымға біз авторлық іс-шаралар жоспарын жасаймыз. Бұл жолы «Эдельвейс ханшайымы» және «Эдельвейс ханзадасы» байқаулары, ұлттық және спорттық ойындар өткізілді. «Эдельвейс» – тамаша орта.

Тәлімгерлердің жоспар – шаралары балалардың көңілінен шығады. 1-ші отрядтың тәрбиеленушісі Татьяна Власова өз әсерлерімен қуана бөліседі, ол лагерьге үшінші жыл қатарынан демалуда.

– Биыл мен «Эдельвейс ханшайымы» атандым! – деп қуанышымен бөлісті Татьяна. Мен жеңімпаз атанғанда қуаныш пен бақыттан жыладым. Мені барлығы құттықтады. Өте қуаныштымын, ата-анам мен әжеме қоңырау шалдым – бәрі мен үшін қуанды.

1-ші отрядтың тәрбиеленушісі Антон Лопушковты лагерь «ардагері» десек те болады. Алғаш ол «Эдельвейс» лагеріне 2018 жылы келді, содан бері бірде бір маусымды жіберген емес.

– Мен лагерьге алтыншы жыл келуім. Дискотекалар, фотомен аң аулау ұнайды, өйткені біз бәрін қызыл немесе жасыл түспен суретке түсіреміз. Бұл жолы менде қызыл ештеңе болмағандықтан, қызыл түсті сүлгімді алдым. Нәтижесінде: секіру фотосуретін, пирамида фотосуретін түсірдім. Сәтті шықты. Мұнда шығармашылықпен тұрақты айналысуыңыз керек», – дейді ол эмоцияларымен бөлісе отырып. – Заттарды іздеу ойыны ерекше есімде қалды… Лагерьдің ас мәзірі өте дәмді, әсіресе ет тамақ пен кондитерлік өнімдер…

Балалардың алғашқы ауысымы лагерьмен қимай қоштасты. Екінші ауысым келе жатыр… «Эдельвейс» лагері жаңа кездесулерге дайын және балаларды таңғажайып табиғатымен, ерекше бағдарламаларымен, шығармашылық атмосферасымен және дәмді ас мәзірімен қуантуды жалғастырады, әрбір демалушы бала үшін ұмытылмас естеліктер қазынасы осылай жиналады.