Іс бабымен де, адамгершілік тұрғыдан да
Үш жылдан сәл астам уақыт бойы «АлЭС» АҚ Басқармасын Ерік Қанышбекұлы Мәшіров басқарды. Ол компанияға 2023 жылдың – барлық мағынасында да – ыстық шілдесінде, қордаланған мәселелер жедел шешімдерді талап еткен шақта келді. Компаниядағы көпшілікке өзгерістер мен басқарудың жаңа деңгейіне көшу уақыты жеткені, ал ол үшін батылдық қажет екені аян еді. Реформаларды әрдайым және жұрттың бәрі бірдей құптай бермейді – көпшілікке үйреншікті екпінмен, ескіше жұмыс істеу қауіпсіздеу көрінеді. Бірақ ХХІ ғасыр жаңа ережелер мен өзгеше қарқынды талап етеді, ал Ерік Қанышбекұлы бұл сын-қатерге тайсалмай қарсы тұрды. Енді оның үш жылдық жұмысын қорытындылауға болады.

Кейіннен игі дәстүрге айналған алғашқы жаңашылдық – төрағаның ұжыммен және «Жарқын Болашақ» жастар ұйымымен тікелей диалог орнатуы болды. Іс бабымен де, жай ғана адами тұрғыдан да өрбіген әңгімелер барысында түйткілді мәселелер анық байқалып, міндеттер айқындалып, мақсаттар нақтылана түсті. Кездесулерде сан алуан тақырыптар талқыланды: қызметкерлерді ынталандыру, оқыту және жаңа мамандықтарды игеру, разрядтарды көтеру мен мансаптық «лифт», кадрлардың тұрақсыздығы, гендерлік теңдік, бос уақытты тиімді өткізу, спорт, мәдениет, оқылатын кітаптар аясы, қайырымдылық…

Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның ӨҚжЕҚ жөніндегі аға инспекторы Әділ Әбілдаев басшымен болған сұхбаттан кейін алдына нақты мақсаттар мен міндеттер қойғанын және соларды ұстануға үмітті екенін атап өтті: «Басшылығымыздың заманмен бірге қадам басып келе жатқанына қуаныштымын».
Қызмет сатысында өсуге деген ұмтылыс пен парасатты өршілдік ұжым дамуының маңызды факторына айналды. Ерік Мәшіров ұсынған даму тұжырымдамалары мен статистика келешек бағдарымызды айқындап, жаңа идеяларға шабыттандырды және өндіріске қатысты кейбір көзқарасымызды қайта қарауға итермеледі. Өзін-өзі дамытуға және оның энергетика саласының болашағына ықпалына баса мән беру өте маңызды», – деп есептейді «Энергоремонт» ӨЖК ӨТБ өндірісті дайындау жөніндегі инженері Жанерке Панарханқызы.

Төрағамен кездесуге қатысушылар жастардың ынта-жігері артып, өздеріне және компанияға деген сенімі нығайғанын атап өтті. Оның үстіне басшының сөзі мен ісі бір жерден шықты. Диалогтар, әңгімелер мен уәделер нақты шешімдерге ұласты. Мәселен, үш жыл ішінде 10 500-ден астам қызметкер оқытумен, гранттармен және біліктілікті арттыру бағдарламаларымен қамтылды.

Компанияның даму қарқынын қол жеткізген нәтижелері де айғақтайды. Солардың ең маңыздыларының бірі – басталғанға дейін он жыл бойы талқыланып, дау тудырған 2-ЖЭО-ны жаңғырту жобасының мәре сызығына шығуы.
Компанияның қуат нарығынан түскен табысы 12,78 млрд теңгеге дейін өсті. Көлік пен электр-техникалық жабдықтар жаңартылып, 20 пилоттық жоба мен іс-шара жүзеге асырылды. 23 рационализаторлық ұсыныс өндіріске енгізілді, ал кайдзен жүйесі бойынша қолға алынған жобалар 2,5 жыл ішінде шамамен 20 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Табиғатты қорғау міндеттеріне қатысты жүйелі тәсіл қалыптастырылды: 1-ЖЭО, БЖК және 2-ЖЭО-да шығарындыларды автоматтандырылған мониторингілеу жүйесі іске қосылды.
Басқа да өндірістік міндеттер өз шешімін тапты. Мәселен, үш жыл ішінде энергия үнемдеудің арқасында 9,89 млрд теңге үнемделді. Өндірістік қауіпсіздік деңгейі де артты: 2025 жылы тәртіп бұзушылықтар саны 81%-ға азайды.

2023-2026 жылдар аралығында жалақы бес рет индексацияланды. 2025-2028 жылдарға арналған ұжымдық шарт аясында төлемдер мен әлеуметтік кепілдіктер кеңейтіліп, әлеуметтік пакет айтарлықтай жақсарды. «АлЭС» жас қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу тетігі маңызды жаңашылдыққа айналды. Тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір ғана 2025 жылдың өзінде 38 пәтер сатып алынса, 2026 жылға тағы 28 пәтер қарастырылған.

Тағы бір жаңашылдық – жаңа әрі жаңартылған асханаларда өндіріс қызметкерлерін тегін тамақтандыру. Компания есебінен 2 870 жұмысшы түскі аспен қамтамасыз етілген.
Осы үш жыл ішінде компания өндірісте де, әлеуметтік салада да жаңғыру мен өзгерістерді жақсы қарқынмен жүргізді. Ұжым осы игі істері үшін Ерік Мәшіровке алғыс білдіріп, оған сәттілік пен жаңа табыстар тілейді.