Халықаралық экологиялық конвенциялар немесе экологиялық қауіпсіздік мәселелерінің шешімі
Халықаралық экологиялық конвенция – бұл климаттың өзгеруі, жаһандық жылыну, ауаның ластануы, биоалуантүрліліктің азаюы, қоршаған ортаны сақтау және қорғау сияқты экологиялық мәселелерге ерекше назар аударылатын халықаралық келісімнің бір түрі. Барлық халықаралық экологиялық конвенциялар халықаралық құқықта міндетті күшке ие және қоршаған ортаны қорғауды қолдаудың, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен жаһандық экологиялық құқықтың қалыптасуына ықпал етудің маңызды құралдары болып табылады.
Бүгінде экологиялық конвенциялар халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды, себебі климат жағдайы жыл сайын нашарлап келеді. Қазіргі уақытта экологиялық қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау мәселелері бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Қабылданған конвенциялар осы мақсаттарға қол жеткізуге көмектеседі.
Мақалада әр түрлі жылдары әлемнің көптеген мемлекеттері қабылдап, ратификациялаған маңызды халықаралық экологиялық конвенциялар қарастырылған.
Рамсар конвенциясы (Су-батпақты жерлер туралы конвенция)
Бұл конвенция халықаралық деңгейде үлкен маңызға ие, себебі ол елдер арасындағы табиғи ресурстарды сақтау жөніндегі алғашқы заманауи келісім болды. Конвенция 1971 жылы қабылданған.
Осы Конвенцияға сәйкес, су-батпақты жерлерге табиғи және жасанды әр түрлі экожүйелер мен мекен орталар жатады. Су-батпақты жерлерге тұзды батпақтар, маржан рифтері, су қоймалары, ішкі өзендер, теңіз сулары және т.б. жатады. Рамсар конвенциясы сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар немесе осал су-батпақты жерлерді анықтап, олардың биологиялық әр түрлілігін сақтау мақсатында қорғайтын аймақтар ретінде белгілейді.
Стокгольм конвенциясы
«Тұрақты органикалық ластаушылар туралы» Стокгольм конвенциясы 2001 жылы 22 мамырда Стокгольмде қабылданды. Бұл токсинді химиялық заттардан адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық келісім, олар атмосферада ұзақ уақыт сақталады, таралады және кейіннен адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.
Стокгольм конвенциясына қол қойған мемлекеттер тұрақты органикалық ластаушылардың атмосфераға шығарындыларын жою немесе азайтуға тиімді шаралар қабылдауға міндетті.
Биологиялық әр түрлілік туралы конвенция
Биологиялық әр түрлілік туралы конвенция – бұл биологиялық әр түрлілікті сақтау, қорғау және оның құрамдастарын тұрақты пайдалану жөніндегі халықаралық келісім. Конвенцияға 1992 жылы қол қойылған.
Конвенцияның негізгі мақсаты – биологиялық әр түрлілікті қорғауға бағытталған іс-шараларды қолдау, бұл ақыр соңында биологиялық әр түрліліктің тұрақты сақталуына әкеледі. Ол әр түрлілік деңгейлерін қамтиды: түрлер, генетикалық ресурстар және экожүйелер. Конвенцияның жетекші органы – Тараптар конференциясы. Бұл орган келісімге қол қойған барлық мемлекеттердің өкілеттігін білдіреді; конференция әр екі жыл сайын жиналып, басымдықтарды қарастырады, жоспарлар әзірлейді және оларды іске асыру бойынша шешімдер қабылдайды.
Вена конвенциясы
Озон қабатын қорғау жөніндегі Вена конвенциясы – бұл 1985 жылы қабылданған халықаралық келісім. Конвенция құрылымдық сипатқа ие болып, озон қабатын қорғау жөніндегі халықаралық іс-қимылдардың негізі ретінде қызмет етеді. Конвенцияға қол қойған тараптарға озон қабатын жұқартатын химиялық заттардың өндірісі мен тұтынымын қысқарту бойынша нақты міндеттемелер жүктелмейді. Бұл міндеттемелер конвенцияны іске асыру құжатында, озон қабатын бұзатын заттектер жөніндегі Монреаль хаттамасында көрсетілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының
Климаттың өзгеруі жөніндегі Құрылымдық конвенциясы (БҰҰ РКИК) Конвенция парниктік газдардың шығарындыларын теңестіру және климаттық жүйеге айтарлықтай әсер етуден сақтау мақсатында климаттың өзгеруі саласында жаһандық ынтымақтастықтың құқықтық негізі мен принциптерін белгілейді. Конвенцияға сәйкес, парниктік газдардың шығарындыларын белгілі бір мерзім ішінде тұрақтандыру қажет, бұл экожүйелерге климат өзгерістеріне бейімделуге мүмкіндік береді және азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнбеуін қамтамасыз етеді. Конвенцияның негізгі мақсаты – климаттың өзгеруіне және жаһандық жылынуға жауап беру жөніндегі болашақ келісімдерді қолдау және бастау процесін қамтамасыз ету.
Базель конвенциясы
Қауіпті қалдықтарды шекара аралық тасымалдауды бақылау және оларды жою жөніндегі Базель конвенциясы 1989 жылы қабылданып, 1992 жылы күшіне енді. Бұл конвенция қауіпті қалдықтар мен басқа да қалдық түрлері бойынша ең толық әрі жан- жақты халықаралық келісім болып табылады.
Базель конвенциясының мақсаты – адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қауіпті қалдықтардың шекара аралық тасымалы мен басқаруынан туындайтын ауыр салдардан қорғау. Конвенцияға қол қойған мемлекеттер қауіпті қалдықтарды тиімді және экологиялық қауіпсіз жолмен жою мен басқаруды қамтамасыз етуге міндетті. Ол көбіне токсинді, жарылғыш, оңай тұтылатын және инфекциялық қалдықтарды қамтиды.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау саласында 29 халықаралық конвенцияға қол қойып, ратификациялаған, оның ішінде мақалада аталған алты конвенция да бар. Мұндай конвенцияларға қол қою мен ратификация климаттық саясатты азық-түлік бағдарламаларымен тығыз байланыстыруға, тұрақтылық пен экологиялық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған халықаралық ынтымақтастыққа қадам болып табылады, бұл Қазақстан ішінде де, сыртында да өзекті.