ГРЭС: жарық, экология және… нан үшін күрес
КСРО-да – қатаң жоспарлау мен қуатты бюрократия үстемдік еткен мемлекетте ауқымды құрылыс ұзақ талқылаудан басталатын. Алматыда ГРЭС салу жобасы құрылыс басталғаннан бұрын, 1954 жылы талқылана бастаған. Сол жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі «Қазақэнерго» жүйесінде қуаты 50-100 мың кВт болатын электр станциясын салу үшін алаңдарды таңдау туралы қаулы қабылдады. Осыдан кейін техникалық құжаттама мен оған қатысты барлық мәселелерді, соның ішінде экологиялық аспектілерді пысықтау жұмыстары бірден басталды.

1956 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Қазақстан астанасына жақын, Покровка ауылы маңындағы аумақ ГРЭС құрылысының орны ретінде белгіленіп, құрылыс ресми түрде басталды. Сол кезеңдегі барлық ірі құрылыс нысандары сияқты, станция да таза даладағы шатырлы қалашықтан бастау алды: айналасы сай-жыралар мен бос алқаптар болатын. Мемлекеттік санитарлық инспектор Крынский мен ГРЭС-тің бас инженері Мерзляковтың қолтаңбасы қойылған актіде былай деп көрсетілген: «құрылысшылар отбасының біраз бөлігі жеті палаткада орналасқан. Палаткалар бір қабатты, кейбірінде тесіктер бар. Ағаш еден жоқ. Палатка қалашығында әжетхана қарастырылмаған».
Мұндай жағдай жұмысшыларды да, Іле ауданы мен облыстың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметін де қанағаттандырмады. Осыған байланысты актілер жасалып, нақты нұсқамалар берілді. Соның ішінде: «1958 жылғы 29 шілдеден кешіктірмей Кіші Алматы өзенінен су алатын жуыну орнын пайдалану дереу тоқтатылсын… Қалашықты пайдалану тек екі қабатты, жылытылған, плексиглас терезелері бар, ағаш еден төселген палаткалармен қамтамасыз етілген жағдайда ғана мүмкін» деп көрсетілді.

Сондай-ақ мынадай талаптар қойылды: «уақытша асхананың қоқыс жәшігі бетон алаңға орнатылсын, бетон зауыты әжетханасының шұңқыры сіңірмейтін түрге ауыстырылсын». Алма-Ата ГРЭС-інің тазартылған тұрмыстық қалдық ағын суларын Кіші Алматы өзеніне төгуге тыйым салынсын. Оның орнына «ағын сулар толық биологиялық тазалаудан кейін ГРЭС-тің күл үйіндісіне жіберіліп, су гидрокүлді әкетудің тұйық жүйесінде айналымда болуы тиіс» деген шешім келісілді.
Тұрмыс жағдайына шыдамаған кейбір жұмысшылар құрылыс алаңынан кетіп жатты. Ал енді біреулер ешқандай рұқсатсыз, құжатсыз өз бетімен уақытша баспана сала бастады.
Осындай бір қызық оқиға ГРЭС тарихында сақталған. Алғашында бәрі сияқты палаткада тұрған Федюков есімді жұмысшы ұңғыма маңына… шағын саман үй тұрғызып алған. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет оны санитарлық нормаларды бұзды деп танып, бұзуды талап етті. Уақытша құрылысты бұзу туралы бұйрыққа директор Кобызев қол қойып, бұл жұмысшыны тұрғын үй кезегіне қоюды тапсырды.
Өз бетінше құрылыс салған жұмысшыны директордың өзі ұзақ уақыт бойы үгіттеп, оған: «сізге ГРЭС құрылыс-монтаж басқармасынан жер телімін алып, тұрғын үй құрылысын сол жерге көшіру қажет. Белгіленген учаскеде үй салу кезінде ҚММ ГРЭСөз қаражатыңыз есебінен, сізге құрылыс материалдарымен жабдықтап, қажетті көмек көрсетеді» деп түсіндірді.
Алайда жолдас Федюков бұл нұсқаманы алудан бас тартты. Соған қарамастан, кейінірек оның тұрғын үй мәселесі заңды түрде, жалпы кезек тәртібімен шешілді.
Федюковты да, санитарлық қызметті де, ГРЭС директорын да түсінуге болады. Алайда маңыздысы – құрылысшылардың қиын жағдайы ескеріле отырып, станция іске қосылмай тұрып-ақ жаңа елді мекен салу жұмыстары басталған еді. Ол Титов көшесіндегі үш қабатты үйлерден, Абай көшесіндегі цемент қаптамалы, екі қабатты қаңқалы-қамысты үйлерден бастау алды. Халық шаруашылығы кеңесі станцияның өзінен бұрын 1958 жылы пайдалануға беру жоспарымен 100 орындық балабақшаға 500 мың рубль, 100 орындық бөбекжайға тағы 500 мың рубль бөлді. Мектеп құрылысына 1700 рубль қарастырылып, оны 1959 жылы іске қосу көзделді. Барлық нысандар, елді мекенмен қоса, толық салынды. Бүгінде ол Өтеген Батыр кенті, бұған дейін ГРЭС, «Энергетический» деп те аталды.

Директор Кобызевтің тұлғасын және сол заманның тәртібін сипаттайтын тағы бір қызықты дерек 1958 жылғы 11 тамызда құжат жүзінде тіркелген: «Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша астық жинау жұмыстарына шығуыма байланысты бұйырамын: менің жоқтығым кезінде салынып жатқан Алма-Ата ГРЭС директорының міндетін дирекцияның өндірістік бөлімінің бастығы жолдас Штамм Александр Михайловичке уақытша жүктеймін. Салынып жатқан электр станциясының директоры А. Кобызев».
Құрылыс – құрылысымен, ал партия тапсырмасы – бұлжымас міндет еді. Осылайша жолдас Кобызев астық жинау науқанына аттанды… Бұл, дегенмен, оның құрылысқа әрі қарай басшылық етуіне кедергі болған жоқ. Кейін ол станцияны толық басқарып, 1962 жылғы 30 наурызда алғашқы энергия блогы іске қосылып, алғашқы киловатт-сағат электр энергиясы өндірілген сәттің куәсі болды.