Еселеп жылытатын мейірім шуағы
Артқа
09.10.2026

Еселеп жылытатын мейірім шуағы

Биыл күз ерте түсті, ал пеш жағатын жерлерде қыс қамын қыркүйектен бастап ойлай бастайды. Сондықтан 3-ЖЭО-дағы Қайырымдылық күні бұл жолы ең қарапайым әрі түсінікті: «Адамдарға суықты жылы үйде қарсы алуға көмектесу» ұранымен өтті. 6 қазанда бес отбасы «АлЭС» АҚ бөлген екі тоннадан көмір алды.

Жеткізу жұмыстарын 3-ЖЭО басшылығы ұйымдастырды. Олар әкімдікпен келісіп, мекенжайларды нақтылап, әрбір үйге көмірдің уақытында жеткізілуін қадағалады.

«Біз қыс мезгілінде көмекке көбірек зәру жандарға қол ұшын созғымыз келді. Көпбалалы отбасылардың тұрмыс жағдайын көргенде, олар үшін екі тонна көмірдің өзі үлкен демеу екенін түсінесің. Станция ұжымының бұл игі іске үн қосқаны қуантады», – дейді станция кәсіподақ комитетінің төрағасы Равиль Серікұлы.

Көмек алған бес отбасының бірі – ардагеріміз Татьяна Степановна Киселеваның отбасы. Ол станцияға 1985 жылы келіп, отын-көлік цехында жиырма тоғыз жыл бойы 4-разрядты отын беру машинисі болып қызмет етті. Оның телімі арқылы Алматы өңіріне жылу мен жарық беретін отын тасымалданды. 2014 жылы Татьяна Степановна құрметті еңбек демалысына шықса да, ұжым үшін әлі де өз адамындай болып қала берді.

«Ардагерлеріміз осы станцияны ондаған жылдар бойы салып, тер төкті. Біз олармен байланысты үзбеуге тырысамыз, телефон шалып, мерекелермен құттықтаймыз, қажет болса көмектесеміз. Бұл біз үшін жай ғана міндет емес, перзенттік парыз», – дейді станцияның кадр бөлімінің бастығы Галина Горбовская.

Татьяна Степановнаға көмек жеткізілгенде, ол станция қызметкерлеріне шын жүректен алғысын білдірді: «Станция басшылығы мен ұжымына көрсеткен ілтипаты, қамқорлығы мен жылы қарым-қатынасы үшін үлкен рақмет. Біз сияқты зейнеткерлер үшін ұмытпай еске алып, көпжылдық еңбегімізді бағалап, аға буынға құрметпен қарайтынын сезіну ерекше маңызды. Сіздердің назарларыңыз, жылы лебіздеріңіз бен құттықтауларыңыз бізге көтеріңкі көңіл-күй мен ризашылық сезімін сыйлады.

Көп жылдар бойы станцияның игілігі үшін еңбек етіп, оның дамуына үлес қосқан жандарға құрмет көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын. Барша ұжымға зор денсаулық, бақ-береке, жұмыста табыс, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін!»

Татьяна Степановна үшін еңбегінің ескерусіз қалмағанын білу аса маңызды.

Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі тағы төрт отбасы туралы мәліметті бізге әкімдік берді. Сара Мұсақызы Омарова сегіз бала тәрбиелеп отыр. Үлкен отбасында қыста пеш таңертеңнен кешке дейін жағылатындықтан, көмір тез таусылады.

– Сіздерге көп рақмет. Сегіз баламен әр қыс біз үшін үлкен сынақ, көмір көктемге дейін жете ме деп уайымдайсың. Енді қыстың суығын алаңдамай қарсы алуға болады. Бізге көмектескен барша жандарға Алла денсаулық берсін, – дейді Сара Мұсақызы.

Күлнар Берсүгірова – жесір, 3-топтағы мүгедектігі бар, баласын жалғыз өзі өсіріп отыр. Маржангүл Жақсылықованың бес баласы бар, отбасы пәтер жалдап тұрады және олар үшін әрбір теңге санаулы. Ләззат Рыспаева да көпбалалы ана, ал бүкіл отбасын жүкші болып жұмыс істейтін күйеуі асырап отыр.

Бұл отбасылар үшін екі тонна көмір – балалары сабақ оқитын жылы бөлме және қаңтарда отынды қайдан табамын деп алаңдамайтын жайлы қыс деген сөз. Олардың барлығы станция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс білдірді.

«АлЭС» АҚ үшін мұндай қайырымдылық шаралары бір реттік науқан емес. Компания ардагерлерге, көпбалалы отбасыларға және қолдауға мұқтаж барша жанға ұдайы көмек көрсетіп келеді. Жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында станция ұжымдары мұқтаж жандардың шаңырағына тағы да жол тартады. Мұнда айналасындағы адамдарға қол ұшын созу әлдеқашан күнделікті жұмыстың ажырамас бір бөлігіне айналған.