Ереже бұзғандарға – «Game Over»: 1-ЖЭО командасы қауіпсіздік ережелерін қалай қызықты хикаяға айналдырды
Өндірістік қауіпсіздік туралы көрермен бейнероликті соңына дейін тамашалап, бір жымиып, сосын терең ойға қалатындай етіп қалай айтуға болады? Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да бұл сұрақтың жауабын тапты.

«Жарқын Болашақ» жастар ұйымы өткізіп жатқан «AI: болашақ энергиясы біздің қолымызда» атты корпоративтік AI-челленджі аясында станция ұжымы жасанды интеллект, өндірістік тақырып пен ойын сюжетін ұштастырған ерекше бейнеролик ұсынды. Жалықтыратын дәрістің орнына, әр деңгейі сайын энергетикада қателік құнының тым жоғары, ал қауіпсіздік ережелерінің бәріне ортақ әрі міндетті екенін еске салатын серпінді оқиға желісі құрылды.

Жобаның идеялық шабыттандырушысы – 1-ЖЭО бас инженері Мақсат Астаубаев. Ол бұл батыл тұжырымдаманы қолдап, оның айналасына түрлі бөлімше қызметкерлерінің басын қосты. Осылайша энергетиктер бірнеше күнге бір шығармашылық топқа айналды: сценарийді бірге талқылап, көріністерді ойластырды, жаңа рөлдерді сомдап, түсірілім жасады, пікірталастырып, ең оңтайлы шешімдерді іздеді. Соның арқасында бейнеролик тартымды ғана емес, сонымен бірге шынайы әрі жанды шықты.

Сюжет желісі 1-ЖЭО-ның виртуалды әлеміне тап болып, түрлі мамандықты байқап көріп, өндірістің өзіндік «деңгейлерінен» өтетін кейіпкердің айналасында өрбиді. Жасанды интеллект оған көмекші болғанымен, түйіні мына қарапайым ақиқатқа келіп саяды: ешқандай технология адамның жауапкершілігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтауын алмастыра алмайды.

1-ЖЭО-ның өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Дина Әбдімәжит команданың үйреншікті форматтан бірден бас тартуды ұйғарғанын айтады.
– Әріптестерімізбен осы роликті ойластырған кезде, қауіпсіздік туралы ішпыстыратын дәріс жасағымыз келмеді. Аға инспектор ретінде станцияның жұмысын күн сайын ішінен көремін, сондықтан бейнеойын идеясы өте орынды болды. Біз 1-ЖЭО-да ережелердің қарапайым жұмысшыдан бастап басшылыққа дейін бәріне бірдей қатаң екенін әзілмен көрсете алдық. Түсірілім тобымыздың басын біріктіре түсті, ал роликтің өзі жанды әрі есте қаларлықтай шықты. Еңбекті қорғау сияқты маңызды тақырыпты осындай заманауи әрі керемет форматпен ұштастыра алғанымызға қуаныштымын.
1-ЖЭО-ның өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі инспекторы Тастемір Бейсеев те мұндай жобалар энергетиктердің жұмысы мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін жаңа қырынан көрсетуге көмектеседі деп есептейді.
– Жақында маған бейнеролик түсіріліміне тікелей қатысуға зор мүмкіндік бұйырды. 1-ЖЭО қызметкері ретінде бұл жоба мен үшін шынымен де құнды тәжірибе болды. Жасанды интеллект жұмысымыздың ауқымы мен маңыздылығын айшықтай алатын қуатты құрал екенін көрсетті. Осындай технологиялық өнімді жасауға атсалысқаныма қуаныштымын.
РҚжА аппаратурасын жөндейтін электр монтері Нұрдос Мұқтархан роликтің басты кейіпкерлерінің біріне айналды.

– Мен өндіріс пен жасанды интеллектке арналған бейнеролик түсіріліміне қатыстым. Бұл өте қызықты әрі естен кетпес үдеріс болды. Әсіресе Ернардың түсірілімге түскен сәті есімде қалыпты, оның камера алдындағы жұмысын және бүкіл түсірілім барысын тамашалау қызық екен. Түсірілім кезінде жаңа әсерге бөленіп, сапалы видеоконтенттің қалай жасалатынын өз көзіммен көрдім, сондай-ақ заманауи технологиялар және олардың өндірісте қолданылуы туралы көп нәрсе білдім. Осы жобаның бір бөлшегі болуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушылар мен түгел түсірілім тобына алғысымды білдіремін. Бұл жобаға қатысу маған тек оң әсер сыйлап, құнды тәжірибе болды.
ӨТБ бастығының орынбасары Еркебұлан Жасқайратов үшін күтпеген жерден билеуге тура келген сәт ең жарқын эпизод болды:
– Түсірілім үдерісі көптеген жағымды әсер сыйлады, әсіресе билеген сәтім есімде қалыпты. Көңілді, қызықты әрі ерекше болды. Осындай жарқын әрі ұмытылмас тәжірибе үшін ұжымға алғыс айтамын!
Камера артында мобилограф, РҚжА аппаратурасын жөндеу жөніндегі электр монтері Айдаралы Батралы болды. Бұл жоба ол үшін де жаңа кәсіби тәжірибеге айналды.
– Мен бұрын-соңды мұндай форматта түсіріп көрмеген едім, сондықтан бұл мен үшін мүлдем жаңа тәжірибе болды. Осындай жобаны жүзеге асыруға атсалысып, тың шешімдер іздеу қызықты болды. Ынтымақтарыңыз, қолдауларыңыз бен шығармашыл тұрғыдан келгендеріңіз үшін баршаңызға рақмет.

Корпоративтік AI-челлендж батыл идеялар туындап, қызметкерлердің таланты ашылатын және энергетик мамандығын дәріптеудің жаңа үлгілері пайда болатын алаңға айналып үлгерді. 1-ЖЭО командасы маңызды өндірістік тақырыптардың негізгі мәнін сақтай отырып, оны заманауи, жарқын әрі түсінікті етіп ұсынуға болатынын көрсетті.
Бұл жоба – басшының бастамасы, ұжымның шығармашыл көзқарасы мен өз ісіне деген жауапкершілігінің арқасында шын мәнінде мақтан тұтуға лайық нәтижеге қол жеткізуге болатынының жарқын мысалы. Өйткені болашақтың кез келген технологиясының негізінде станцияның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын күн сайын қамтамасыз ететін кәсіби мамандар, яғни адамдар тұрады.