Еңбек жастарының үні: «АлЭС» өкілі QYZYLJAR VISION алаңында сөз сөйледі
Өндірісте күнделікті еңбек етіп жүрген жас мамандар ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға және шешуге қатыса алуы керек. Бұл туралы Петропавлда өткен QYZYLJAR VISION жастар алаңында сөз сөйлеген «Алматы электр станциялары» АҚ Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО жөндеу қызметінің бастығы Әсет Әмірбеков мәлімдеді.
5-7 қараша аралығында өткен шара Қазақстанның әр өңірінен келген белсенді жастардың басын қосты. Талқыланған басты тақырыптардың бірі Халық Кеңесі жанынан Жастар қозғалысын құру мәселесі болды.
Әсет Әмірбеков үшін мұндай кездесуге қатысу – әріптестері жайында баяндап, жеке тәжірибесімен бөлісудің тамаша мүмкіндігі. Ол еңбек жолын Алматы 1-ЖЭО-да электр слесарі болып бастаған. Ал бүгінде станцияның жөндеу қызметін басқарады. Сондай-ақ үш жыл бойы кәсіпорынның жастар ұйымына жетекшілік етіп, қоғамдық жобалармен айналысты әрі әріптестерінің бастамаларына қолдау білдірді.
Әсет өз сөзінде жас энергетиктерге, инженерлерге, металлургтерге, құрылысшыларға және өндіріс саласының өзге де мамандарына тоқталды. Олардың көбі дәл осы сәтте жұмыс орындарында еңбек етіп, жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде және түрлі техникалық міндеттерді шешуде. Мамандардың бұл еңбегі көптің көзіне әрдайым түсе бермегенімен, оларсыз елдің дамуын елестету мүмкін емес.
Сол себепті Әсет Халық Кеңесі жанынан Жастар кеңесін құру бастамасын қолдап, оның құрамында жұмысшы жастардың лайықты түрде өкілдік етуін қамтамасыз етуді ұсынды.
Оның пікірінше, кәсіпорындардың жас мамандары кеңес қызметіне елеулі үлес қоса алады. Олар нақты өндірістік түйткілдерді жақсы біледі, іс жүзіндегі тәжірибесі бар және оңтайлы шешімдер іздеуге атсалысуға дайын.
Жауапкершілік туралы сөз қозғаған Әсет энергетика саласынан мысал келтірді. Электр станциясында ақауды тауып немесе мәселені көрсетіп қана қою жеткіліксіз. Оның шешімін тауып, істі нәтижесіне дейін жеткізу қажет. Ол мұндай ұстаным қоғамдық қызметте де маңызды деп санайды.
АлЭС жастар ұйымын басқарған жылдары Әсет жас қызметкерлер арасында бастамашыл әрі бейжай қарамайтын жандардың көп екеніне көз жеткізді. Олардың тың ұсыныстары, өзін дамытуға және қоғамға пайдасын тигізуге деген құлшынысы мол. Бұл идеялардың ескерусіз қалмай, жүзеге асуына мүмкіндік берілуі аса маңызды.
QYZYLJAR VISION шарасына «Халық Кеңесінің» Төрағасы Ерлан Қошанов та қатысып, жастар алдында сөз сөйледі. Кездесу барысындағы негізгі ұсыныстардың бірі – «Халық Кеңесі» жастар қозғалысын құру болды. Ерлан Қошанов бұл бастаманы қолдап, жаңа бірлестік қағаз жүзіндегі ұйым емес, жастардың тың идеяларын жүзеге асыратын нақты алаңға айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жастар саясаты «жастар үшін» емес, «жастармен бірге» жүргізілуі керек деген сөзін еске салды.
Бастапқы кезеңде қозғалысқа Халық Кеңесі мүшелерінің санына қарай Қазақстанның барлық өңірінен 126 жасты тарту ұсынылып отыр. Кеңестің әрбір мүшесі жас әріптесімен «кері тәлімгерлік» қағидаты бойынша өзара әрекеттеседі деп күтілуде. Бұл ұрпақтар арасында тұрақты үнқатысу орнатуға, тәжірибе алмасуға және қоғамдық бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Әсет өз сөзінің негізгі түйінін жеке жауапкершілікпен байланыстырды: тек жақсы идея ұсынып қана қоймай, оны іске асыруға да дайын болу қажет. Бұл қағида энергетиктерге жақсы таныс, өйткені станцияның қауіпсіз әрі сенімді жұмысы ұжымның кәсібилігіне, темірдей тәртібі мен үйлесімді іс-қимылына тікелей байланысты.
Әсет Әмірбековтің республикалық деңгейдегі алаңда сөз сөйлеуі АлЭС-тің жас энергетиктерінің тәжірибесін паш етуге, олардың мүдделерін айқындауға және Қазақстанның қоғамдық өміріндегі еңбекші жастардың рөліне назар аударуға жол ашты.
АлЭС үшін бұл оқиғаның мәні зор. Ол компанияның жас мамандары өндірістік міндеттерді ойдағыдай шешіп қана қоймай, кәсіпорын атынан жоғары деңгейде өкілдік етуге, тәжірибе бөлісуге және қоғам үшін маңызды бастамалар көтеруге қабілетті екенін айқын көрсетеді.