Еңбек пен адалдық – өмірдегі жарқын жол
А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО қазан тазалау учаскесінің аға шебері Болатбек Суанбековтың өмір жолы
Әр мамандықтың жүрегіне айналған жандар болады. Болатбек Суанбеков – солардың бірі. Оның энергетика саласындағы жолы – жай ғана еңбек адамының өмірбаяны емес. Бұл – ерлік, достық, ризашылық пен өз ісіне деген үлкен сүйіспеншілік тарихы.

Қарасай ауданының Көк-өзек ауылында туып-өскен Болатбек жас күнінен-ақ ерлік пен табандылықты талап ететін мамандыққа ұмтылды. Мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы№93 КТУ-ға түсіп, темірбетон және металл құрылымдарын құрастырушы мамандығын игерді. 1981 жылдың шілдесінде ол 2-ЖЭО құрылысына алғаш рет аяқ басып, сол жерде өмірлік еңбек жолы басталды.
Әскердегі қызметі оның арманын өзгертпеді – ол 2-ЖЭО-ға қайта оралып, 2-ден 8-ші қазанға дейінгі құрылыс жұмыстарына белсене араласты. Ел тарихындағы күрделі кезең – 90-жылдары, құрылыс тоқтап қалған шақта, ол станция қабырғасынан тағы да табылды – бірақ бұл жолы жаңа қызметте. Ол «Энергожөндеу» ӨЖК-ның жұмысқа шақыруын қабылдап, өзінің еңбек жолын екінші разрядты қазан тазалаушы қызметінен бастады.
– Станцияға алғаш барған күнім әлі де болса көз алдымда: құбырлар күлге көмкерілген, төменде қараңғы, суық әрі лас, – дейді Болатбек Ахметжанұлы. – Біз жігіттермен бірге барлығын өз қолымызбен тазалап, ретке келтірдік. Қиын болды, бірақ жүрегімнің түбінде бұл менің ісім екенін сездім.

Ол қазан тазалау учаскесінде 35 жылдан бері еңбек етеді. Алдымен қарапайым жұмысшы болып, кейін шебер, қазір аға шебер болып қызмет атқарады. Өз сөзінше, ол өзінің «шеберлік талап ететін» мамандығында нағыз кәсіби маманға айналды. Ал қазан тазалаушы мамандығы батылдық пен мықты денсаулықты талап етеді.
Болатбек Ахметжанұлы кәсібилігі үшін бірнеше мәрте марапатталды: оған құрмет грамоталары мен дипломдар берілді, «Еңбек сіңірген энергетик» атағы берілді. Оның еңбек династиясы туралы «Комсомольская правда» газетінде «Суанбековтар династиясы» атты мақала да жарық көрді.

Оның энергиясы тек жұмыс күндерімен шектелмейді: Болатбек спорттық шараларға қатысып, мини-футболдан бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды – үш жыл бойы «Энергожөндеу» ӨЖК командасы жарыстарда жеңіске жетті. Сонымен қатар, ол еңбек жолында жоғары білім алып, Алматы энергетика және байланыс институтын бітірді, бұл оның кәсіби өсуіндегі маңызды кезең болды.
Оның кәсіби қалыптасуына зор ықпал еткен адам – зейнеткер, жөндеу цехы бастығының орынбасары Жанғазы Нұрғазыұлы Китуев. Ол Болатбек Ахметжанұлынакомпьютерді қалай пайдалану, ақауларды анықтау, жөндеуге жүйелі көзқараспен қарауды үйретті. Бұл достық – шынайы тәлімгерлік пен бір-біріне деген қолдаудың көрінісі болды.
Қиын-қыстау жылдары оған ғана емес, сонымен қатар туған-туыстары мен жерлестеріне де көмек қолын созған басшыларға да ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл:
- цех бастығы Игорь Анатольевич Қызылов(жаныЖәннатта болсын);
- учаске бастығы Александр Альбертович Бартули;
- станция директорлары Ғалым Саудуақасұлы Жаңбыршы, Асқар Құрмашұлы Шаңлакбаев, Сәкен Сүйінбекұлы Тютебаев;
- 2-ЭЖЖЦ бастығы Сәкен-Марат Есберліұлы Көшербаев.
Олардың қолдауының арқасында оның ауылынан шыққан 30-ғажуық адам станцияға жұмысқа орналасып, энергетик мамандығын игеріп, тұрақты өмір жолын тапты. Бүгінде ұжымда солардың 17-сі еңбек етіп жатыр – бір бөлігі зейнетке шықты, енді біреулері басқа салаға ауысты. Алайда сол кезеңнің естелігі әлі де жүректерде сақтаулы. Ал Болатбек Ахметжанұлының бұл адамдардың тағдырына қосқан үлесі – баға жетпес құндылық.

– Мен өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді ол. – Бұл маған ертеңгі күнге деген сенімділік береді.Ең бастысы – өзіңнің керекті екеніңді сезіну. Біз станцияның тазалығы мен сенімділігіне, халықтың үйлеріндегі жылуға жауаптымыз.
Болатбек Ахметжанұлының үлкен отбасы бар: жұбайы, үш ұлы, төрт немересі. Ол өзін бақытты адам деп есептейді. Бос уақытында кітап оқиды, немерелерімен серуендейді, отбасымен бірге Алакөл мен Балқаш көліне барып демалады. Сүйікті шығармаларының қатарында – «Абай жолы», «Көшпенділер», «Сылапыл»…
Ол немерелерінің жарқын болашағын, балаларының амандығы мен молшылығын, ал өзіне – сүйікті жарының жанында тыныш қарттықты армандайды. Ал қазан тазалау учаскесіндегі әріптестеріне былай дейді:
– Апатсыз күндер, мықты денсаулық, тұрақтылық, құрмет пен жүрек жылуын тілеймін. Сіздердің әрқайсыларыңыз мен сияқты ертеңгі күнге сенімді болыңыздар.

Болатбек Суанбеков – шын жүрегімен таңдаған мамандығына адал жан. Ол бір рет таңдаған жолынан өмір бойы таймаған адам.