Еңбек адамы – бұл басты құндылық
«АлЭС» АҚ-да 2025-2028 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды
2025 жылдың 20 маусымында «Алматы электр станциялары» АҚ-да 2025-2028 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды – бұл құжатта тек әлеуметтік кепілдіктер ғана емес, сонымен қатар ең бастысы: еңбек адамына деген құрмет, бірлескен болашаққа деген сенім мен ұмтылыс көрсетілген.
– Барлығымыз білеміз: энергетика – бұл тек алдыңғы қатарда тұрған сала ғана емес. Бұл – күн сайын еңбек ететін адамдар. Біздің ең басты міндетіміз ол – қызметкерлерімізге деген лайықты жағдайлар жасау, және біз осыны жүзеге асырудамыз, – деді қол қою рәсімінде «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасы Ерік Маширов.

Ұжымдық шарт тепе-теңдік негізінде құрылған екі жақты комиссияның жұмысы шеңберінде әзірленіп, бекітілді. Комиссия құрамына: Жұмыс берушінің және Жұмысшылардың, «Энергия» Бірлестігіне кіретін кәсіподақ комитеттері жетекшілерінің – әрқайсысынан сегіз өкіл кірді.
– Келісімшартқа қол қою – жай рәсім емес. Бұл үлкен бірлескен жұмыстың нәтижесі, бұл әр цехтың, әр учаскенің дауысы. Біз, қызметкерлерді толғандырған барлық мәселені ескердік, – деді «Энергия» кәсіподақ комитетінің Төрағасы Серік Тымбасбаев.
Құжат бір жылға жуық дайындалды. Осы уақыт ішінде көптеген қызметкерлер өз ұсыныстары мен тілектерін жолдады. Олардың әрқайсысының пікірі ескерілді. Келісімшарт бойынша жұмыс барша тараптарды – басшылықты, кәсіподақты және өндірісті іштен білетіндердін барлығын біріктірді.

– Біз әріптестерімізден: ЖҚҚ, демалыстар, көтермелеу шаралары бойынша көптеген ұсыныстар жинадық. Қызметкерлер өздерінің күнделікті өміріндегі маңызды деп санайтын ойларымен бөлісті. Сол ұсыныстардың барлығы қорытынды құжатқа енгеніне өте қуаныштымын, – деді «Энергожөндеу» ӨЖК және ОҚТО кәсіподақ комитетінің төрайымы Назира Қадырқұлова.
Ұжымдық шарттың жаңа редакциясында әр қызметкер үшін маңызды тармақтар енгізілді:
– бала туу, жақын туыстарынан айырылу, мерейтойлар, марапаттар сияқты маңызды өмірлік жағдайлар бойынша төлемдер көлемі арттырылды;
– мектеп жасындағы балалары бар ата-аналарға және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға қосымша көмек енгізілді;
– спорттық және мәдени іс-шараларға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайтылды;
– еңбекті қорғау мен қауіпсіздік шаралары күшейтілді;
– арнайы киімнің нормалары мен оны пайдалану мерзімдері жаңартылды және т.б.

– Зейнеткерлерге «Энергетик күніне» арналған төлемдер бойынша біздің ұсынысымыз қолдау тапты. Бұл – маңызды қадам. Біз осы мамандыққа өз өмірлерін арнаған жандарды ұмытпаймыз, – деп атап өтті А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО кәсіподақ комитетінің төрайымы Гуля Жақаева.

– Ұжымдық шарттың әрбір жаңа редакциясы – бұл алға жасалған қадам. Бұл – қызметкерлерімізге жасалынған қамқорлық құжаты, – деп атап өтті «АлЭС» АҚ Еңбек және еңбекақы бөлімінің бастығы Юрий Шашкин.
«АлЭС» АҚ Ұжымдық шартында компанияның негізгі құндылықтары айқын көрініс тапты – бұл құрмет, әділеттілік, қауіпсіздік және әрбір бөлшекке деген ерекше назар. Құжат мемлекеттік органдарда тіркеуден өтіп, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Алдын ала жоспар бойынша, барлық әлеуметтік кепілдіктерді іске асыруға бөлінетін қаражат көлемі жылына 400 миллион теңгеден асады. Алайда бұл – ең маңызды нәрсеге, яғни адамдарға салынған маңызды инвестиция.