Энергетикамның теміржолы
Артқа
09.10.2026

Энергетикамның теміржолы

Әр адамның өмірінде уақыт өте келе жай ғана қызметтен әлдеқайда биік мәнге ие болатын кәсібі болады. Отын қабылдау және түсіру орталығының теміржол учаскесінде электр жабдықтарын жөндейтін слесарь-электрик болып еңбек ететін Айдос Жүкішев үшін энергетика саласы отыз жылдан астам уақыт бойы дәл сондай қадірлі іске айналған.

Ол еңбек жолын 1994 жылдың шілдесінде 2-ЖЭО отын-көлік цехында слесарь-қараушы болып бастады. Бұл оның алып өндіріспен алғаш танысып, мамандықты игеруіне және алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтауына жол ашқан шақ еді. Сол жылдары цехты Бақтыбек Тілеукенұлы Шоланбаев басқарса, ауысым бастығы Анатолий Александрович Фищенко Айдос Анарбекұлының алғашқы тәлімгері болды.

Тәжірибелі мамандардың жанында жүріп, оның жұмысқа деген жауапкершілігі мен көзқарасы да қалыптасты. Аға буын әріптестері оған тек тапсырмаларды орындап қана қоймай, жабдықтардың қыр-сырын меңгеруді, олардың жұмыс істеу қағидасын терең түсінуді, жөндеу ісіне ұқыпты қарауды және әрдайым қауіпсіздік ережелерін есте сақтауды үйретті.

– Маған жұмысымыздың ерекше сипаты әрдайым ұнайтын. Тек өз міндетімді атқарып қоймай, әрбір процестің мәнін түсінуге, үнемі жаңа нәрсені үйреніп, өз кәсібімнің шебері болуға ұмтылдым, – деп еске алады Айдос Анарбекұлы.

1998 жылы Отын қабылдау және түсіру орталығы құрылған кезде оның еңбек өмірбаянында жаңа белес басталды. Жаңа бөлімшеге ауысу туралы ұсынысты Айдос Анарбекұлы ойланбастан қабылдады. Мұнда оның өміріндегі басты екі қызығушылығы – энергетика мен теміржол техникасы бір арнаға тоғысты.

– ЦПВТ маған әрдайым ерекше бөлімше болып көрінетін. Бұл бейне бір энергетика ішіндегі теміржол іспетті. Бала кезімнен теміржол техникасына қызыққандықтан, оның құрылысын зерттеу, жаңаны меңгеру және білімімді тәжірибеде қолдану мен үшін қызықты болды, – дейді ол.

Бұл жұмыс бірден қос бағытта – энергетика және теміржол саласында кәсіби білімді ұдайы жетілдіріп отыруды талап етті. 2004 жылдың мамырында Айдос Анарбекұлы 2-ЖЭО локомотив жөндеу депосының слесарь-жөндеушісі, кейіннен слесарь-электригі атанды. Ол бүгінде де осы жерде еңбек етіп келеді.

Осы жылдар ішінде жабдықтар жаңарып, тың талаптар мен технологиялар пайда болды, алайда оның іске деген көзқарасы өзгерген жоқ: мән-жайын толық ұғу, сапалы орындау және қол жеткізгенмен шектеліп қалмау.

Бүгінде Айдос Анарбекұлының мол іс-тәжірибесі бар. Әріптестері оны қажет кезде ақыл-кеңес сұрауға болатын білікті маман ретінде құрметтейді, ал ол жинақтаған білімін жас қызметкерлермен қуана бөлісіп отырады.

– Энергетика маған көп нәрсе берді: кәсіп, ертеңгі күнге деген сенім, дамуға және жақсы жандармен бірге қызмет етуге мүмкіндік сыйлады. Таңдаған жолыма дән ризамын әрі «АлЭС» ұжымының бір бөлшегі болғанымды мақтан тұтамын, – дейді Айдос Анарбекұлы.

Оның еңбек жолының отыз жылдан астам уақыты осы бір кәсіпорынмен тығыз байланысты. Егер осы өткен жолды қысқаша түйіндейтін болсақ, онда энергетика мен теміржол секілді қос сала шынымен де бір арнаға тоғысты. Екеуі де Айдос Жүкішев үшін бір кәсіптің әрі бір үлкен тарихтың ажырамас бөлшегіне айналды.