Энергетикаға арнаған жылдарыңыз үшін рақмет
Артқа
01.10.2026

Энергетикаға арнаған жылдарыңыз үшін рақмет

Халықаралық қарттар күні қарсаңында «АлЭС» АҚ-да энергетика саласының ардагерлерімен кездесу өтті.

Бұл күні АлЭС-ке әртүрлі өндірістік департаменттердің өкілдері шақырылды. Ортақ дастарқан басында компания кәсіпорындарында көп жылдар бойы еңбек еткен жандар бас қосты.

Кездесуге ГЭС каскадының автоматика, өлшеу және байланыс цехы зертханасының бастығы болып жұмыс істеген Наталия Алексеевна Рагузина; Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ның ӨТБ инженер-технологы Татьяна Викторовна Юминова; А.Жақытов атындағы ЖЭО-2-де химиялық реагенттерді дайындау жөніндегі аппаратшы Ғалия Рахымбайқызы Битурина; 3-ЖЭО-ның электр станциясы цехының ауысым бастығы Александр Владимирович Фрешер; 2-ЖЭО-ның турбиналық жабдықтарын жөндеу учаскесінің бастығы Аманжол Шағраев қатысты.

Ардагерлердің айтар әңгімелері көп болды. Әріптестерін, жұмыс ауысымдарын, өткен жылдардағы оқиғаларды еске алып, бүгінгі таңда станцияларда не болып жатқанына қызығушылық танытты.

– Бір кәсіпорында көп жыл еңбек еткен соң, бәрібір оның тыныс-тіршілігіне қызығып отырасың. Таныс адамдарды қайта көру, әңгімелесу, бірге жұмыс істеген жандарды еске алу бір ғанибет, – деп бөлісті Наталия Алексеевна Рагузина.

Татьяна Викторовна Юминова үшін мұндай кездесулер – ең алдымен бұрынғы әріптестерін қайта көру мүмкіндігі.

– Уақыт өтіп жатыр, бірақ көп жыл бірге жұмыс істеген адамдарды ұмытпайсың. Сондықтан бізді шақырғанда ерекше қуанамыз. Кездесіп, сөйлесіп, жаңалықтарды білуге болады, – деп атап өтті ол.

Ұрпақтар сабақтастығы туралы да көп айтылды. Энергетикада тәжірибе әрқашан жұмыс барысында аға буыннан жастарға тікелей беріліп отырған.

– Өзіміз бастаған кезде жанымызда ақыл-кеңесін айтып, үйрететін тәжірибелі әріптестеріміз болды. Кейін біз де өз білімімізді жастарға үйреттік. Біздің жұмысымызда бұл әрқашан маңызды болған, – деді Александр Владимирович Фрешер.

Аманжол Шағраев энергетика саласында жұмыс істеген жылдары көп нәрсе – жабдықтар, технологиялар, өндірісті ұйымдастыру тәсілдері өзгергенін атап өтті.

– Қазір станциялар дамып, жаңа жабдықтар пайда болуда. Бірақ ең бастысы сол қалпында қалады, ол – өз жұмысың мен нәтиже үшін жауапкершілік. Ісіміздің жалғасып жатқанын көру қуантады, – деді ол.

Ғалия Рахымбайқызы Битурина ардагерлер үшін бұрынғы ұжым тарапынан көңіл бөлінуі ерекше маңызды екенін жасырмады.

– Ең жағымдысы – бізді ұмытпағандары. Әрине, сыйлықтар да қуантады, бірақ ең бастысы – кездесіп, сөйлесу мүмкіндігі, – деді ол.

Ардагерлерге Magnum сертификаттары, кітаптар мен естелік сыйлықтар табысталды.

«АлЭС»-тегі мұндай кездесулер ұзақ жылдар бойы «АлЭС» кәсіпорындарында жұмыс істеген, жас мамандарға өз тәжірибесін үйреткен және Алматы энергетикасы тарихының бір бөлігіне айналған адамдарға тағы да алғыс айтудың таптырмас мүмкіндігі болды.

Ал ардагерлер үшін бұл – әріптестерімен қайта қауышып, зейнетке шыққаннан кейін де туған кәсіпорнымен байланыс үзілмегенін сезіну мүмкіндігі.