Энергетика есігі әркімге ашық: АлЭС-тің мектеп елшілері «Эдельвейс» лагерінің балаларымен қайта кездесті
Энергетика есігі әркімге ашық: АлЭС-тің мектеп елшілері «Эдельвейс» лагерінің балаларымен қайта кездесті.

«Эдельвейс» балалар сауықтыру лагері 2019 жылдан бері «АлЭС» АҚ «Мектеп елшілерімен» кездесетін алаңға айналды. Компанияда 2018 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан бұл жоба тең мүмкіндіктер бағдарламасының бір бөлігі болып табылады және балалардың энергетика әлеміне жаңаша қарауына көмектеседі. Оның басты идеясы – заманауи энергетика ондаған мамандықты біріктіретінін, әр адамның өз қызығушылығы мен қабілетіне қарамастан, осы саладан өз орнын таба алатынын көрсету.
Биылғы маусымда лагерьде 203 бала демалып жатыр. Олардың әрқайсысы үшін АлЭС мамандарымен кездесу энергетика әлемімен танысуға, шынайы зертханалық зерттеулерді көруге және адамдардың үйлеріне жарық пен жылу әкелетін мамандықтар туралы көбірек білуге мүмкіндік берді.
Кезекті кездесу жылы әрі достық көңіл-күйде өтті. «АлЭС» АҚ мамандарын лагерь қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып, іс-шара өтетін алаңды тез дайындап берді. Көп ұзамай қолдан жасалған сахнаның айналасына білуге құштар ұл-қыздар жиналды.
Мектеп елшілеріне өз мамандығы туралы айтып қана қоймай, балаларды ғылым әлеміне еліктіру міндеті жүктелді. Химия қызметінің мамандары балаларды өз жұмысының ерекшеліктерімен таныстырып, электр станцияларының сенімді жұмысы үшін зертханалық бақылаудың неліктен маңызды екенін түсіндірді, сондай-ақ зертханалық талдауларды орындау кезіндегі қауіпсіздік техникасының негізгі ережелері туралы айтып берді.

Кездесудің ең қызықты бөлігі практикалық тәжірибелер болды. Балалар зертханашылармен бірге судың сілтілігі мен кермектігіне жасалатын талдауларды бақылап, бұл көрсеткіштердің нені білдіретінін және энергетикалық жабдықтың сенімді жұмысы неліктен су сапасына тәуелді екенін білді. Көптеген бала нағыз зертханалық зерттеуді алғаш рет көріп, тәжірибелердің әр кезеңін зор ықыласпен бақылады.
БЖК 4-разрядты зертханашысы Юлия Баянова өз әсерімен бөлісті:
– Лагерьге сапарымыз тамаша өтті. Бізді өте жылы қарсы алып, сахнаны тез дайындады да, балаларды жинады. Біз өз жұмысымыз туралы қысқаша айтып, зертханалық талдауларды орындау кезіндегі қауіпсіздік техникасының негізгі талаптарын түсіндірдік, содан кейін балалармен бірге судың сілтілігі мен кермектігіне талдау жүргіздік. Балалардың тәжірибелерді мұқият бақылап, сұрақтар қойып, біздің мамандығымызға шын жүректен қызығушылық танытқанын көру өте жағымды болды. Кездесу соңында балаларға естелік сыйлықтар табыстадық. Барлығы қызықты, көңілді өтті және ең жылы естеліктер қалдырды.
Энергетиктердің сыйлықтары балаларды сол тәжірибелерден кем қуантпады. «Маған іс-шара өте ұнады. Қызықты сәттер көп болды. Әсіресе бөтелкесі ұнады, өте ыңғайлы екен», – деп күлімсіреді 8-ші отрядтың қатысушысы Фатима Матай.
Алайда кездесудің басты нәтижесі – жаңа білім, жарқын эмоциялар және энергетиканың заманауи сала екенін, онда инженер, химик, эколог, электр монтері, дәнекерлеуші, зертханашы, еңбекті қорғау маманы, IT және тағы да басқа көптеген маманның сұранысқа ие екенін түсіну болды.
«Мектеп елшілері» бағдарламасының негізгі мәні де осында – балаларға энергетикаға апаратын жолдың әркімге ашық екенін көрсету. Бәлкім, бүгінгі сала мамандықтарымен танысу біреу үшін болашақ өмір жолын таңдауға жасалған алғашқы қадам болып, бір күні оны «АлЭС» АҚ-ның үлкен әрі тату ұжымына алып келетіні сөзсіз.