«Энергетика – бүкіл тіршіліктің негізі, ал менің еңбегім нақты пайда әкеледі»
Артқа
14.01.2026

«Энергетика – бүкіл тіршіліктің негізі, ал менің еңбегім нақты пайда әкеледі»

Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің ғимараттар мен гидротехникалық құрылыстарды пайдалану цехының 6-разрядты ағаш шебері Эдуард Кимнің бұл сөздері мамандығына деген көзқарасын дәл сипаттайды. Ол станцияда он бес жылдан астам уақыт еңбек етеді, өз ісіне жауапкершілікпен, шеберлікпен және энергетиктер дәстүріне деген құрметпен қарайды. Оның еңбегі – сенімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін үлкен жүйенің бір бөлшегі.

Эдуард Геримұлының станциядағы еңбек жолы 2008 жылдың қаңтарында басталды. Сол кезде ол алғаш рет ғимараттар мен гидротехникалық құрылыстарды пайдалану цехына жұмысқа қабылданды. Мұнда ол 2019 жылдың қаңтарына дейін, яғни он жылдан астам уақыт жұмыс істеді. Отбасылық жағдайларға байланысты жұмыстан шығуына тура келді, алайда станциямен байланысы үзілген жоқ: 2020 жылдың маусымында ол өз ұжымына, бұрынғы қызметіне қайта оралып, кәсіби жолын жалғастырды.

– Мен үшін стратегиялық маңызы бар салада жұмыс істеу маңызды болды. Энергетика – бүкіл экономиканың да, күнделікті өмірдің де негізі. Мұнда менің еңбегім нақты, сезілетін пайда әкеледі, – дейді Эдуард Геримұлы.

Энергетиканың дамуы, жаңа технологиялардың енгізілуі және таза энергия көздеріне басымдық берілуі оны шынайы шабыттандырады. Гидроэлектр станциясында жұмыс істеу – тұрақты әрі қауіпсіз болашақты қалыптастыру жолындағы үлкен әрі маңызды іске қатыстылық сезімін сыйлайды.

Алғашқы жұмыс күнін ол ерекше жылылықпен еске алады: ұжыммен танысуы, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша аға инспектор Татьяна Николаевна Фоминаның өткізген жан-жақты нұсқаулығы. Сол әңгіме барысында Эдуард өзіне маңызды сұрақ қойды – разрядты қалай көтеруге болады? Жауап оның алдағы жылдарға арналған кәсіби бағдарын айқындады: тәжірибе жинау, оқу, біліктілікті арттыру және жұмысты әрдайым сапалы орындау. Бүгінде ол бұл жолдан абыроймен өткенін сеніммен айта алады.

Алғашқы күндерден-ақ адамдар ерекше әсер қалдырды: мейірімді, ашық-жарқын, тәжірибесі мол және білімін бөлісуге әрдайым дайын. Станцияның акт залы да есінде сақталды – қабырғаларда құрылыстың басталу сәттері бейнеленген фотосуреттер мен ардагерлердің портреттері ілінген. Эдуард Геримұлы үшін бұл энергетика тарихына деген құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.

Өз жұмысында ол, ең әуелі, ортақ іске қоса алатын үлесіне қуанады: ғимараттар мен гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, ағаш конструкцияларды жасау және қалпына келтіру, бұйымдарды құрастыру мен орнату, кеңсе және өндірістік жиһаз әзірлеу. Сондай-ақ жас мамандарды оқыту – тәжірибемен бөлісу, құрал-саймандар мен технологияларды меңгеруге көмектесу, алғашқы жұмыс күндерінде қолдау көрсету – оның жұмысының маңызды бөлігі.

– Біздің ұжымда өзіндік жылылыққа толы атмосфера бар. Мұнда еңбекті қадірлейді, бір-біріне көмектеседі және бір команда болып жұмыс істейді, – деп атап өтеді ол.

Ал мамандыққа апарар жол қарапайым, бірақ тағдырлы шешімнен басталды. 2008 жылы станцияда жұмыс істейтін танысы бос жұмыс орны туралы хабарлады. Эдуард Геримұлы әңгімелесуге келіп, 4-разрядты ағаш ұстасы-бетоншы болып қабылданды. Бірнеше айдан соң ол негізгі мамандығы бойынша – столярлық цехқа ауыстырылды. Дәл сол жерде ол тәжірибе жинап, ағаш өңдеу станоктарында жұмыс істеп, қол құралдары мен кәсіби тәсілдерді меңгерді.

Ағашпен жұмыс істеу – оның өміріндегі ерекше орын алатын іс. Ол дәлдікті, төзімділікті және ұсақ-түйекке мұқият болуды талап етеді. Эдуард ағаш иісін, табиғи құрылымын және өз қолымен жасалған бұйымдардың адамдарға ұзақ жылдар қызмет ететінін сезінуді жақсы көреді.

Эдуардтың алғашқы тәлімгері Николай Васильевич Гедзык болды – еңбек жолының басында қолдау көрсетіп, үйренуге көмектескен, білімі мен тәжірибесімен бөліскен жан. Сол қамқорлығы үшін бүгінге дейін шын жүректен алғыс білдіреді.

Жеке қасиеттері тұрғысынан Эдуард Геримұлын мақсатшыл, тапқыр, прагматик әрі ашық адам ретінде сипаттайды. Бос уақытында тарихи драмаларды, отбасына тамақ дайындауды және жақындарымен уақыт өткізуді ұнатады. Балалары әкесінің мамандығына зор құрметпен қарайды, өйткені оның еңбегі тек тұрақтылық қана емес, ел энергетикасының дамуына қосқан үлес екенін түсінеді.

Оның өмірдегі басты құндылықтары – отбасы, денсаулық және жақындарының бақыты. Ал жұмыста – жауапкершілік, сенімділік және байыпты шешім қабылдай білу.

– Егер менің туым болса, онда түрлі мемлекет адамдары қол ұстасып тұрған бейне бейнеленер еді. Бұл – бірлік пен бейбіт өмірдің символы, – деп бөліседі Эдуард Геримұлы.

Әріптестері мен достары оны ұжымның тірегі дейді – қолдай білетін, тыңдай алатын және жылы атмосфера қалыптастыратын жан. Станцияда оны дәл осылай таниды: білікті кәсіби маман, өз ісінің шебері әрі әрдайым арқа сүйеуге болатын сенімді азамат.