Энергетик мұғалім болғанда
Артқа
22.10.2026

Энергетик мұғалім болғанда

Ш.Чокин атындағы Қапшағай су электр станциясының өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Айдос Еркінұлы бір күнге үйреншікті жұмыс ортасын мектеп сыныбына ауыстырды. Өндірістік нысандардың орнында – оқушылар, ал әріптестерге нұсқама өткізудің орнына балалармен күнделікті кездесуі мүмкін жағдайлар туралы әңгіме өрбіді.

22 қазанда ол Қонаев қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы №1 орта мектептің оқушыларымен жүздесті. Кездесу «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 20 жылдығына орайластырылған «Самұрықнама: 20 игі іс» бастамасы мен «Қауіпсіздік мектебі» жобасы аясында өтті.

Үйде, жолда, қоғамдық орындарда өзіңді қалай ұстау керек? Қолайсыз жағдайға тап болмау үшін не нәрсеге мән берген жөн? Осының бәрі күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді.

Сабақ қызықты әрі танымды өтті. Балалар құр тыңдап қана қоймай, талқылауға белсене қатысып, сұрақтарға жауап берді және дер кезінде сақтық танытуды қажет ететін жағдайларды бағамдауды үйренді.

– Балаларға қауіпсіздік ережелерін айтып қана қоймай, оларды неліктен сақтау керектігін түсіндіру маңызды. Оқушылар қалай дұрыс әрекет ету керектігін ұғынуы үшін, оларға таныс жағдайларды талдауға тырыстық. Осы алған білімдері күнделікті өмірде кәделеріне жараса екен дейміз, – деп ой бөлісті Айдос Еркінұлы.

Ол үшін қауіпсіздік – күнделікті кәсіби қызметінің ажырамас бөлігі. Ол электр станциясында өндірістік тәуекелдердің алдын алуға атсалысса, мектеп қабырғасында балаларға өз тәжірибесіндегі ең маңызды дүниені – қауіпті байқай білуді және әр әрекеттің салдарын ойлауды үйретуге тырысты.

Қоңырау соғылып, сабақ аяқталғанымен, балалардың алған білімі жадында қалары сөзсіз. Бәлкім, бүгін-ақ олардың бірі жолдан мұқият өтер, енді бірі кішілерге қауіпсіздік ережелерін еске салар немесе қатерлі жағдайдан аман қалар.

АлЭС ұжымы үшін мұндай кездесулерге қатысу – қала мен оның тұрғындарына пайда тигізудің тағы бір мүмкіндігі. Өйткені энергетиктердің тәжірибесі тек өндіріс басында ғана керек емес. Кейде сол тәжірибені мектеп партасында отырған жас буынмен бөлісудің маңызы тіпті зор.