Денсаулыққа қамқорлық әр жұмыскерге көңіл бөлуден басталады
Артқа
16.10.2026

Денсаулыққа қамқорлық әр жұмыскерге көңіл бөлуден басталады

«АлЭС» АҚ-да жұмыскерлердің жыл сайынғы міндетті медициналық тексеруі аяқталды. Биыл бұл шара компанияның барлық өндірістік департаменті мен Бас кеңсесін қамтыды. Энергетиктер үшін бұл – өз денсаулығын тексеріп, дәрігерлердің кеңесін алуға және денсаулығында кінәрат жоқ екеніне көз жеткізуге жақсы мүмкіндік.

Энергетиктердің жұмысы тек кәсіби білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар мықты денсаулықты, төзімділік пен мұқияттылықты талап етеді. Электр станцияларының үздіксіз жұмыс істеуінің артында адамдардың күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан олардың әрқайсысы тек жұмыс орнында ғана емес, одан тыс уақытта да өзін жақсы сезінгені өте маңызды.

«АлЭС» АҚ-да жыл сайынғы медициналық тексеру әлдеқашан ұжым өмірінің үйреншікті әрі қажетті бөлігіне айналған. Жұмыскерлер медициналық мекемелерге баруға уақыт жоғалтпай, қажетті мамандарға қарала алуы үшін компания тексеруді тікелей өндірістік департаменттерде ұйымдастырады.

Биыл медициналық тексеру Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО, А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-і, ГЭС каскады, Батыс жылу кешені, Отын қабылдау және түсіру орталығы мен «Энергоремонт» ӨЖК-де өтті. Бұл науқан Бас кеңседе қорытындыланды.

Өндіріс мамандары үшін тексерудің жұмыс кестесіне сай, ыңғайлы ұйымдастырылғаны аса маңызды. Өйткені электр станциясында әр адам өз учаскесіне жауап береді, ал өндіріс процесі бір сәтке де тоқтамайды.

– Біз үшін денсаулық – ең алдымен жұмыс орнындағы қауіпсіздік. Биыл бәрі өте жинақы ұйымдастырылды. Тексерістен артық кезексіз және жұмыстан ұзақ қол үзбей, тез өттік. Адамдарға сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамқорлық жасалғаны қуантады, – дейді Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО су жылыту қазандықтары мен газ-мазут шаруашылығы өндірістік учаскесінің шебері Мұхамед Қуан.

Әр қызметкердің дәрігерлерге қояр өз сұрағы бар. Біреулерге үйреншікті көрсеткіштерін тексеру маңызды болса, енді біріне өзін-өзі сезінуіне қатысты кеңес немесе аурудың алдын алу бойынша ұсыныстар алу қажет. Сондықтан тек тексерудің өзі ғана емес, медицина қызметкерлерінің қарым-қатынасы да аса маңызды.

– Маған медицина қызметкерлерінің бізге деген ілтипаты қатты ұнады. Дәрігерлер мұқият қарап, ешқайда асықпай, сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Әркім нақ өзіне қажетті ұсыныстарды ала алды. Осындай тексеруден кейін өз денсаулығыңа уақыт табудың қаншалықты маңызды екенін түсінесің, – деп бөлісті Қазынашылық басқармасының бас маманы Әйгерім Байназар.

Қызметкердің денсаулығы еңбек қауіпсіздігімен тығыз байланысты болатын өндірістік нысандарда медициналық тексеруден уақтылы өтудің маңызы зор. Күнделікті міндеттерді орындау үшін адамның өзін жақсы сезінуі, зейінін жоғалтпауы және жағдайға тез бейімделе білуі аса маңызды.

– Денсаулық – қолымыздағы ең құнды байлық. Жұмысымыз аса мұқияттылық пен зор жауапкершілікті талап етеді, сондықтан әрқайсымыз өз ағзамызға күтіммен қарауға міндеттіміз. Биылғы медицина қызметкерлерінің сапалы жұмысын ерекше атап өткім келеді: олардың әр жұмысшыға жасандылықсыз, нағыз кәсіби тұрғыдан қарағаны көңілімнен шықты.

Аурудың уақтылы алдын алу және салауатты өмір салтын ұстану – әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз. Үлкен өндірісіміздің қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысы әр қызметкердің денсаулық жағдайына тікелей байланысты екенін есте ұстаған жөн. Салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Өздеріңізді күтіңіздер, күн сайын денсаулық пайдасына саналы таңдау жасаңыздар. Қауіпсіздігіміз – өз қолымызда, – деп атап өтті Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бас менеджері Айсұлу Иржанова.

Жыл сайын медициналық тексеру өткізу – «АлЭС» АҚ-ның еңбекті қорғау және қызметкерлердің денсаулығын сақтау бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. Үйреншікті болып көрінетін осынау шараның артында кестелерді келісу, бөлмелерді дайындау, медицина мамандарымен бірлесе әрекет ету сияқты ауқымды ұйымдастыру жұмыстары жатыр. Мұның бәрі тексерудің жұмысшыларға ыңғайлы өтуі және өндірістік процеске кедергі келтірмеуі үшін қажет.

«АлЭС» АҚ басшылығы ұжымға медициналық тексеруден өтуге жауапкершілікпен қарағаны үшін, ал медицина қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі мен әр адамға деген ілтипаты үшін алғыс білдіреді.

Медициналық тексеру де артта қалды. Оның ең басты нәтижесі – хал-жағдайыңызға дер кезінде мән беріп, қажет болған жағдайда кейінге қалдырмай, денсаулықты күтуге мүмкіндік беретінінде.

Себебі деннің саулығы тек жұмыс үшін ғана маңызды емес. Ол, ең алдымен, өзіміз үшін және үйде бізді асыға күтіп отырған жақындарымыз үшін қажет.