Дастан Тобықтынов «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды
Артқа
17.11.2026

Дастан Тобықтынов «АлЭС» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды

«Самұрық-Энерго» АҚ жалғыз акционерінің шешімімен Дастан Урустемович Тобықтынов «Алматы электр станциялары» АҚ Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Дастан Тобықтынов 1978 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

2003 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын инженер-физик біліктілігімен бітірген. 2005 жылы Еуразия нарық институтында экономика бакалавры дәрежесін алды.

Энергетика саласындағы еңбек жолын 2003 жылдың наурыз айында «АПК» АҚ Алматы 2-ЖЭО-сында багерлік сорғы машинисі болып бастаған. Кейін сол кәсіпорында электр станциясына қызмет көрсетуші кезекші слесарь, қазандық жабдықтарының машинист-қараушысы, қазандықтарды басқарудың орталық жылу қалқанының машинисі және жөндеу қызметінің инженер-технологы болып еңбек етті.

2009-2014 жылдары «АлЭС» АҚ-да материалдар бөлімінің бас маманы, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қызмет көрсету басқармасының бастығы, 1-ЖЭО сатып алу бөлімінің инженері лауазымдарын атқарды. 2012-2013 жылдары «Алматы Жылу Холдингі» МКК Материалдық-техникалық қамтамасыз ету, сатып алу және қызмет көрсету бөлімін басқарды, кейін «АлЭС» АҚ-ға Отын жеткізу бөлімінің бастығы қызметіне қайта оралды.

2015 жылдан 2017 жылға дейін «Екібастұз 2-МАЭС станциясы» АҚ Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді, одан кейін 2018 жылға дейін «АлЭС» АҚ-да дәл осы бағытқа жетекшілік етті.

2018-2021 және 2022-2023 жылдары «Екібастұз 2-ГРЭС станциясы» АҚ Басқарма төрағасының коммерция және өткізу жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 2021 жылы «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС санаттық сатып алу департаментінің сарапшысы болып жұмыс істеді. 2026 жылдың қаңтарынан жаңа тағайындауға дейін «Екібастұз 2-ГРЭС станциясы» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды.

Энергетика саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.

ҚР Энергетика министрлігі мен Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының «Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі» төсбелгілерімен марапатталған (2018). «ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі» атағына және «ГОЭЛРО-ға 100 жыл» медаліне ие болған (2020).