Дәл нысанаға: Кенжеғали Асаровтың алтын медалі
Осыдан бір жыл бұрын ғана Кенжеғали Асаров үшін садақ ату мүлдем жаңа спорт түрі болатын. Бүгінде оның спорттық мансабында «Самұрық-Қазына» спартакиадасының алтын медалі бар. Бұл жеңістің артында жұмыстан кейінгі күнделікті жаттығулар, сабыр сақтай білу қабілеті және нысанаға толық зейін қою жатыр.
«АлЭС» АҚ ГЭС каскадының гидротехникалық цехында ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі жетекші инженер Кенжеғали Асаров өткен жылы 41 жасында «АлЭС» АҚ спартакиадасында садақ атудан алғаш рет бағын сынап көрді.
«Садақ ату маған алғашқы сәттен-ақ ұнады. Содан бері бұл спорт түрі мені шындап баурап алды», – деп бөлісті Кенжеғали.
Оның спорттағы жолын ерекше ететін де, бәлкім, осы шығар: ересек жаста жаңа спорт түрімен айналыса бастап, оған шын жүректен беріліп, салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде зор нәтижеге қол жеткізуі.
Кенжеғалидың өзі садақ атуды спортшының нысанамен жеке қалатын ерекше бір сәті деп сипаттайды. Сол мезетте барлық бөгде ойдан арылып, тек алдағы атылымға ғана зейін қою аса маңызды.
«Егер жан-жағыңа қарап, алаңдай бастасаң, зейінің сол сәтте-ақ жоғалады. Атыс сәтінде тек нысана ғана болуы керек. Айналаңда не болып жатқанына қарамастан, алаңдамай, нысанаңнан басқа ештеңеге назар аудармауға тиіссің».
Оның пікірінше, жақсы нәтиже бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Дұрыс техника дәл атуға негіз болса, психологиялық сабырлылықтың да маңызы кем емес. Спортшы қысымға төтеп бере алмаса, жақсы пысықталған қимылдың өзі сәтсіздікке ұшырауы мүмкін.
Спартакиадаға дайындалу асқан табандылықты талап етті. Кенжеғали жұмыс күні аяқталған соң, күн сайын дерлік жаттығуға барып, түнгі сағат онға дейін дайындалатын.
Кәсіби міндеттерді мұндай тығыз жаттығу кестесімен ұштастыру оңайға соққан жоқ. Бірақ ол спортта кездейсоқ нәтиже болмайтынын түсінді. Өз компаниясының намысын абыроймен қорғау үшін тұрақты еңбек қажет.
Бұл еңбегі жемісін беріп, алтын медальмен марапатталды.
Сонымен қатар Кенжеғали үшін жарысқа тек өзі үшін ғана қатыспау аса маңызды болды. Атыс шебіне шыққанда, ол әріптестерінің, СЭС каскадының және бүкіл АлЭС командасының алдындағы жауапкершілікті сезінді.
«Жарысқа шыққанда тек өзіңнің ғана емес, өзің жұмыс істейтін компания мен команданың да намысын қорғайсың. Мен жақсы өнер көрсетіп, «АлЭС» АҚ-ның ортақ жеңісі мен спорттық абыройына үлес қосқым келді».
Кенжеғалидың кәсіби қызметі де зейінділік пен жауапкершілікті қажет етеді. Ол инженердің жұмысы мен спорттың арасында тікелей ұқсастық бар демейді, бірақ дәлдікке ұмтылу осы екі саланы біріктіретінін мойындайды.
Бүгін ол жеңіп алған алтын – тоқмейілсуге себеп емес. Алда – жаңа жаттығулар мен жаңа спорттық сын-тегеуріндер. Кенжеғали әртүрлі қашықтықтарда бағын сынап, техникасын біртіндеп жетілдіріп, шеберлігін шыңдай түспек.
Оның спорттық садақтан алғашқы оқ атуы мен алтын медальді жеңіп алуының арасын небәрі бір-ақ жыл бөліп тұр. Бұл қысқа ғана мерзімнің астарында зор ынта, қатаң тәртіп пен табандылық жатыр.
Кенжеғали Асаровтың оқиғасы жаңа мақсат қою ешқашан кеш еместігін тағы бір дәлелдейді. Ең бастысы – мақсатты айқындап, соған зейін қойып, алға қарай сеніммен жылжу.
Содан соң – тағы бір нысана, керілген адырна және кезекті атылған оқ.