БЖК-дағы алғашқы командалық кубок
Артқа
02.09.2026

БЖК-дағы алғашқы командалық кубок

Алма-Арасан тауларында «АлЭС» АҚ Батыс жылу кешені (БЖК) ұжымының тимбилдингі өтті. Бұл жолғы кездесуді тек бірлескен демалыс ретінде өткізіп қана қоймай, оны тәжірибелік мазмұнмен толықтыру ұйғарылды. Басты тақырып – үнемі жетілдіру және жұмыста тиімдірек тәсілдерді іздеуге негізделген Kaizen қағидаты болды.

Бұл күннің басты оқиғасы алғашқы KaizenCup шарасы болды. Оған БЖК-ның 35 қызметкері қатысып, «Саржайлау», «Қызыл Орда», «Импульс» және «Кактус» атты төрт командаға бөлінді.

Kaizen Cup төрт кезеңнен тұрды. Онда қатысушылар ұтымды өндіріс құралдарын іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алды. Командалар ойын түрінде 5S жүйесімен жұмыс істеп, жоспарлау, процестерді стандарттау және жылдам қайта баптау бойынша тапсырмаларды орындады. Бұл жерде жылдамдық пен құлшыныстан гөрі, міндеттерді дұрыс бөле білу, бір-бірін тыңдау және ең ұтымды шешімді бірлесіп табу маңызды болды.

Кадрлар секторының бас маманы Зарина Ромбекова командалардың шешім іздеуге ерекше белсенділікпен атсалысқанын атап өтті:

– Жарыс өте қызықты өтті, ұжым бұл үдеріске зор ықыласпен қосылды. Командаларға бөлінген қатысушылар тапсырмаларға толығымен берілді. Әр команда жеңіске ұмтылып, жұмыс процестеріндегі «олқылықтарды» іздеп, өз идеяларын ұсынғанда, нағыз спорттық тартыс сезілді. Айта кетерлігі, ұсынылған идеялардың көпшілігі қызықты болып қана қоймай, іс жүзінде қолдануға да жарамды болып шықты. Нәтижесінде, біз жақсы әсер мен командалық рух алып қана қоймай, БЖК-ның күнделікті жұмысында пайдалануға болатын Kaizen-идеялар қорымен оралдық.

Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған «Кактус» командасы үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталды, ал байқаулардың бірінде ақшалай жүлделер де қарастырылды.

Дегенмен, жарыс – жалпы күн тәртібінің бір бөлігі ғана болды. Бағдарламада ойындар, байқаулар, викториналар және еркін әңгіме-дүкен құруға уақыт бөлінді. Әріптестер үйреншікті жұмыс ырғағынан сәл арылып, бір-бірін жақынырақ танып, табиғат аясында бірге уақыт өткізді.

Ұжымға жақында қосылғандар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Сорғы жабдықтары бойынша ҚК аға шебері Әбусейіт Бәкіров БЖК командасының қатарына жақында ғана келіп қосылған.

– Алғашқы күннен-ақ әріптестерімнің жылы шырайы мен қолдауын сезіндім. Тимбилдинг кезінде олармен жақынырақ танысып, мұнда тек білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ ақжарқын, мейірімді жандар жұмыс істейтініне көзім жетті. Мұндай іс-шаралар жаңа қызметкерлердің тезірек бейімделіп, өздерін ұжымның бір бөлшегі ретінде сезінуге көмектеседі, – деді Әбусейіт Бәкіров.

Жылу автоматикасы және өлшеу цехының 1-санатты технигі Маржан Файзолдақызы дәл осы бейресми ортадағы қарым-қатынас әріптестерін жаңа қырынан тануға көмектескенін атап өтті.

– Әңгіме-дүкен құрып, күлкі мен жағымды эмоцияларға толы күн болды. Әсіресе, әріптестерді жұмыстан тыс ортада көріп, бір-бірімізді жақынырақ танығанымызға қуаныштымын. Барлық тапсырма қызықты әрі шынымен де бірлесіп жұмыс істеуге ықпал етті. Мұндай іс-шаралар ұжымды жақсы бірлестіреді, – деді ол.

Химия қызметінің инженер-технологы Әсем Садуақас үшін бұл күн ең алдымен өзінің ерекше атмосферасымен есте қалған.

– Ең маңыздысы жарыстар мен марапаттар ғана емес еді. Біз жұмыс күндерінің қарбаласынан сергіп, тілдесіп, демалып, таза тау ауасы мен Алма-Арасан табиғатынан ләззат алдық. Көптеген қызықты ойындар, байқаулар мен викториналар өткізілді. Бұл күн бізге керемет эмоциялар мен жағымды естеліктер сыйлады, – деді Әсем.

ӨТБ инженері Мөлдір Жампозова да кездесудің бейресми бөлігі есінде ерекше сақталғанын айтты:

– Біз көңілді ойындар ойнап, командалық тапсырмалар орындап, күнімізді күлкіге толы керемет көңілді өткіздік. Жарыстан кейін бәріміз бірге демалып, ортақ дастарқан басында шүйіркелестік. Сырне, кәуап, тау, тату ұжым – осының бәрі өте жылы атмосфера қалыптастырды. Мұндай күндер әріптестерді шынымен жақындастыра түседі.

Алғашқы Kaizen Cup бірден бірнеше міндетті қамтыды: ұтымды өндіріс құралдарымен танысу, командалық өзара іс-қимыл және жұмыс кабинеттері мен өндірістік учаскелерден тыс жерде еркін қарым-қатынас орнату.

Ең бастысы – қатысушылар көптеген жұмыс қағидатының мәні жалпы нәтиже әркімнің қосқан үлесіне байланысты болған кезде, дәл осы тәжірибе жүзінде жақсы түсінілетініне тағы да көз жеткізді.