Бүкіл отбасымен мақтан тұтатын мамандық
Кез келген баланың бір күні анасы не әкесі жұмыс істейтін жерді көргісі келетіні анық. Олардың үйге неге шаршап оралатынын, күн сайын немен айналысатынын және өз кәсібін неліктен сонша жақсы көретінін білгісі келеді. А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО қызметкерлерінің отбасыларына Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі Отбасы күні мен Ашық есік күнін ұйымдастырып, дәл осындай мүмкіндік сыйлады.

Көптеген бала үшін бұл экскурсия үлкен энергетикамен алғашқы таныстық болды. Олар жылу мен электр қуатының қайда пайда болатынын көріп, заманауи жабдықтармен танысты және күнделікті тұтынып жүрген жарық пен жылудың артында қандай орасан зор еңбек жатқанын ұғынды.
Қонақтар вагон аударғышты, бас басқару қалқанын, турбина цехын, сондай-ақ жаңа станцияның құрылыс алаңын аралады. Балалар энергетиктердің жұмысын шынайы қызығушылықпен бақылап, көптеген сұрақ қойып, мамандардың әңгімесін зейін қоя тыңдады. Балалардың алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйренген «Гоша» атты манекен-тренажері де ерекше таңданыс тудырды. Экскурсиядан кейін оларды танымдық байқаулар, викториналар, командалық ойындар және жайлы шәй үстіндегі әңгіме күтіп тұрды. Күн мазмұнды, қызықты әрі нағыз отбасылық сипатта өтті.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Жас қонақтар ойын түрінде еңбекті қорғау ережелерімен танысып, төтенше жағдайларда әрекет етуді үйренді және өз білімдерін сынап көрді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау инспекторы Камиль Ахматшаевтың он жасар қызы Аделина нағыз үздік атанды. Ол клиникалық өлім кезінде алғашқы көмек көрсету туралы сұрақтарға сенімді жауап беріп, «Қауіпсіздіктің сегіз алтын ережесін тап» ойынын тез орындады және әр ереженің мағынасын дұрыс түсіндіріп берді.

Сорғы қондырғыларының машинисі Светлана Өтемісованың қызы Жанерке де тамаша білім көрсете білді. Ол «Гошаны» оңай «тірілтіп», қауіпсіздік техникасы плакаттарының атауына қатысты викторина сұрақтарына дұрыс жауап берді.
Қазандық цехының қыздыру беттерін жөндеу шебері Мейрамбек Түсіпжановтың он жасар ұлы Санжар станция қызметкерлері үшін нағыз жаңалық болды. Білмекке құмар баланы тіпті «болашақ бас инженер» деп те атап кетті. Ол жеке қорғану құралдарының (ЖҚҚ) не екеніне қатесіз жауап беріп қана қоймай, өзі де жас маманға лайық сұрақтар қойды. Санжарды бір вагонға қанша көмір сиятыны, станцияның тәулігіне қанша тонна отын жағатыны және кәсіпорын жұмысының қалай ұйымдастырылғаны қызықтырды. Оның энергетик мамандығына деген шынайы қызығушылығы станция қызметкерлерінің жүзіне күлкі ұялатып, бірнеше жылдан кейін оның осында әріптес ретінде оралуы әбден мүмкін деген сенім сыйлады.

Бұл күн анасының жұмыс орнын көруді көптен бері армандап жүрген, қоршаған ортаны қорғау инженері Әсем Жалғасбаеваның ұлы Әлібектің есінде ерекше сақталды.
– Мен станцияға келгім келіп жүр еді. Менің анам Әсем станцияның шығарындыларының мөлшерін есептейді. Оның жұмысы өте маңызды, себебі ол ауа таза болуы үшін қаламыздың экологиясын қорғауға көмектеседі. Экскурсиядан кейін мен де анам сияқты энергетик болып, осы станцияда жұмыс істеуге деген құлшынысым артты, – деді бала мақтанышпен.

Экскурсия барысында балалар жабдықтармен танысып қана қоймай, ата-аналарының әрбір жұмыс күні қаншалықты зор жауапкершілікке толы екенін тереңірек түсіне бастады.

Осылайша, станцияға алғаш рет келген Алмагүл Мұхамметованың немересі Әмина жақындарының кәсібіне жаңа көзбен қарады.
– Бұл станцияда менің әкем де, әжем де жұмыс істейді. Мен станцияда бірінші рет болып тұрмын. Әкемнің жұмысы өте маңызды әрі қауіпті екен. Ол күнде кешке үйге шаршап келеді, мен оны үнемі күтіп, уайымдап отырамын. Енді оның еңбегі неге соншалықты қиын екенін түсінгендеймін, – деп бөлісті ол.

Электр цехының бастығы Владимир Павловтың жұбайы Анна үшін де бұл күн ерекше болды. Осыған дейін ол күйеуінің жұмысы туралы тек оның әңгімелерінен ғана білетін.
– Күйеуімнің демалыссыз жұмыс істеп, үйге өте кеш оралатын кездері болады. Бүгін мен оның еңбегінің қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін өз көзіммен көрдім. Бұл – станцияның сенімді жұмысына қосылған шынымен де үлкен үлес. Мен жұбайымды қатты мақтан тұтамын және оған әрқашан қолдау көрсетуге тырысамын, – деді Анна.

Бас инженердің пайдалану жөніндегі орынбасары Қанат Жақаевтың қызы Айлин де өзімен бірге жарқын әсер алып қайтты. Оның ата-анасының екеуі де 2-ЖЭО-да жұмыс істегенімен, ол олардың жұмыс орындарын алғаш рет көріп тұр.
– Әрине, біз айсбергтің тек төбесін ғана көрдік, бірақ мұндағы жағдайдың қаншалықты ауқымды екенін түсіну үшін соның өзі жеткілікті болды. Әсіресе, бас басқару қалқаны маған қатты әсер етті. Мен бұрын – соңды станцияда болып көрмеппін, тіпті оның қуатын да елестете алмаппын. Енді анам мен әкемнің өз жұмыстарын неліктен сонша жақсы көретінін түсіндім, – деді Айлин.

Мұндай кездесулер өндіріс туралы жаңа білім беріп қана қоймай, одан да тереңірек із қалдырады. Олар балаларға ата-анасын нағыз кәсіби маман ретінде көруге, ал жұбайларға жақындарының күнделікті еңбегінің бағасын одан да бетер сезінуге көмектеседі. «Ауысымға кетті» немесе «жұмыста кешігіп жатыр» деген үйреншікті сөздердің астарында зор жауапкершілік, жанқиярлық және өз ісіне деген адалдық жатыр.

Бәлкім, дәл осы күні жас қонақтардың бірінің бойында мұнда бір күні саяхатшы ретінде емес, жас маман ретінде оралу туралы арман оянған болар. Өйткені мамандыққа деген құрмет отбасынан бастау алса, энергетикаға деген сүйіспеншілік көбіне ата-анадан балаға мирас болып қалады.
Бұл күні балалар үйлеріне тек жарқын әсер алып қана қоймай, ең бастысы – күнделікті еңбегімен миллиондаған адамның өмірін нұрлы, жылы әрі сенімді ететін ата-анасына деген шынайы мақтаныш сезімін ала кетті. Дәл осындай кездесулерден еңбек адамына деген құрмет қалыптасып, отбасылық дәстүрлер нығаяды және «АлЭС» АҚ лайықты мақтан тұтатын еңбек әулеттерінің жолы жалғасады.