Болашақтың энергиясы
Артқа
19.05.2025

Болашақтың энергиясы

2022 жылдан бері «АлЭС» АҚ-да бу-газ қондырғыларында (БГҚ) жұмыс істеу үшін мамандар даярлаудың бірегей бағдарламасы іске асырылып келеді. Үш жарым жылдың ішінде бұл курсты 468 қызметкер тәмамдап, кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, энергетика саласының аңызға айналған тұлғаларынан тағылым алды. Бұл жобаның өзегінде – адамдар, технологиялар және «жасыл» болашаққа деген асқақ арман жатыр.

Компанияның ардагерлері, құрметті энергетиктер, тәжірибелері ондаған жылдар бойы таралып келе жатқан тұлғалар ретінде белгілі Борис Петрович Толкачев пен Александр Михайлович Орлов бағдарламаның жүрегіне айналды. Олар жас мамандар үшін жай ғана оқытушылар емес, энергетика әлеміне жол көрсетуші ұстаздар да. Олардың дәрістері – терең теорияның, нақты тәжірибелер мен шабыт сыйлайтын өмірлік оқиғалардың үйлесімі.

– Мен әрдайым заманауи қондырғыларда жұмыс істеуді армандайтынмын, ал бұл курс мен үшін нағыз трамплинге айналды. Александр Михайлович жай үйретіп қана қоймай, кәсіпке деген сеніммен де шабыттандырады. 90-жылдары төтенше жағдайларда қалайша жол тапқандарын әңгімелеген кезде энергетик болудың жай ғана жұмыс емес екендігін, оның өмірлік ісің болып табылатынын ұғынасың, – дейді Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-да қазан жабдықтары жөніндегі қараушы-машинист болып еңбек етіп жүрген Ақжол Байғазиев. Ол өткен аптада «Бу-газ қондырғыларын пайдалану» курсы бойынша емтиханды сәтті тапсырды. «АлЭС» АҚ Қазақстан шегінен шығып, халықаралық деңгейге қадам басуда: 2024 жылы компания Алматы энергетика және байланыс университетімен (АЭжБУ) өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Енді студенттер өндірістік департаменттерде тәжірибеден өтіп, одан кейін Генуя университетінде (Италия) тағылымдамадан өте алады. Бұл бастама студенттердің практикалық білімін тереңдетіп, еуропалық энергетикалық нысандарда тағылымдамадан өту арқылы әлемдік тәжірибені меңгеруіне жол ашады.

– Италияға барудың мүмкіндігі бар екенін естігенде, алғашында сенбедім! Бұл – озық ЖЭО-лардың қалай жұмыс істейтінін өз көзіңмен көріп, сол тәжірибені өз еліңе алып келудің таптырмас мүмкіндігі. Мысалы, италиялықтар жабдықты бақылау үшін «цифрлық көшірмелерді» белсенді түрде қолданады – бұны біздің де енгізетін уақытымыз жетті, – дейді АЭжБУ студенті Алдияр Байсерік.

Мұндай серіктестік тек білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, Қазақстанның жаһандық энергетикадағы орнын нығайтуға да ықпал етеді.

«АлЭС» АҚ стратегиясының басты бағыты – А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ны ауқымды жаңғырту. Жоба аясында қуаттылығы 600 МВт болатын жаңа газтурбиналық станция салу көзделген, бұл атмосфераға шығатын зиянды заттардың көлемін 93%-ға дейін азайтады. Көмірден табиғи газға көшу жаһандық климаттық сын-қатерлерге берілген жауап, әрі Қазақстанның көміртек бейтараптығына қол жеткізу мақсатында жасалған маңызды қадам болып табылады.

– Өзімнің жаңа 2-ЖЭО-да жұмыс істейтінімді білу – мен үшін ерекше мақтаныш. Біз қаланы энергиямен қамтамасыз етеміз, бірақ қазір бұл адамдар мен табиғат үшін қауіпсіз жаңа стандарттар бойынша жүзеге асырылып жатыр, – дейді курсқа қатысушы – А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО химиялық цехының ауысым бастығы Айгүл Дәулеталиева.

«АлЭС» АҚ тарихы – бұл жай технологиялар жөнінде айтатын әңгіме ғана емес. Бұл – осы саланы өзгертіп жатқан адамдардың: тәжірибесімен бөлісетін ардагерлердің, жаңалыққа жаны құштар жас мамандардың, көкжиегін кеңейтіп отырған халықаралық серіктестердің де тарихы.

Компания дәстүр мен дамуды тоғыстыра отырып, әр жұмыскер өз ісінің маңызын, яғни болашаққа қосып жатқан үлесі екенін сезінетін экожүйе қалыптастыруда. Александр Орловтың сөзімен айтсақ: «Энергетика – бұл жай турбиналар жөнінде айтылатын әңгіме емес. Бұл – үйлердегі жарық, қысқы аяздағы жылу және ертеңгі күнге деген сенім».