Бір компаниядағы жартығасырлық еңбек: тәлімгер Галина Суминованың еңбек жолы
Еңбек ғұмыры бір ғана кәсіпорынмен тығыз байланысты жандар болады. Олар жас маман болып келіп, ұжыммен бірге өсіп-өркендейді, тәлімгер атанып, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де сүйікті ісіне қызмет етуін жалғастырады. «АлЭС» АҚ Кәсіби даярлау бөлімінің оқытушысы Галина Сергеевна Суминова – дәл сондай жан.
Оның бүкіл кәсіби жолы тек біздің компаниямен байланысты. 1974 жылы 26 тамызда Энергия құрылысы техникумын «техник-жылу технигі» мамандығы бойынша бітірген Галина Сергеевна Алматы-1 ЖЭО-ға шаю сорғы қондырғысының машинисі болып жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бері ол жұмыс орнын бірде-бір рет ауыстырмай, туған кәсіпорнына 50 жылдан астам уақытын арнады.
Қазандық цехында 41 жыл қызмет еткен Галина Сергеевна үлкен кәсіби жолдан өтті. Ол №1-7 қазандықтардың машинисі, №8-13 жоғары қысымды қазандықтарды басқарудың орталық жылу қалқанының машинисі, ПТВМ-100 су жылыту қазандығының аға машинисі және ауысым бастығы, қазандық цехының аға машинисі, ауысым бастығы, ал 2004 жылдың 26 қаңтарынан бастап қазандық цехы бастығының орынбасары лауазымдарын атқарды.

Әрбір жаңа лауазым терең білімді, жоғары жауапкершілікті және адамдармен тіл табыса білуді талап етті. Оның кәсіби тұрғыдан қалыптасуына тәлімгері – қазандық цехының ауысым бастығы Юрий Александрович Баядинов маңызды рөл атқарды.

2015 жылдың 30 наурызында Галина Сергеевна еңбек демалысына шыққанымен, өзіне туған ұжымдай болып кеткен кәсіпорынмен байланысын үзген жоқ. Ертеңіне-ақ «АлЭС» АҚ-дағы еңбек жолын Кәсіби даярлау бөлімінің оқытушысы ретінде жалғастырды. Оған ондаған жыл бойы жинақтаған білімі мен өндірістік тәжірибесін кейінгілерге үйретуді КДБ бастығы Жанар Абайқызы Сәбикенова ұсынған еді.
Бүгінде Галина Сергеевна «Бу және су жылыту қазандықтарының машинисі», «Қазандық жабдығы бойынша аралаушы-машинист», «Отын беруге қызмет көрсететін машинист», «Сорғы қондырғысының машинисі», «Компрессорлық қондырғының машинисі» мамандықтары бойынша қызметкерлер даярлайды, сондай-ақ бу және су жылыту қазандықтарын пайдалану бойынша оқыту жүргізеді.
Ол жоғары қысымды қондырғыларды, қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды, бу және ыстық су құбырларын, ыдыстарды, бу және су жылыту қазандықтарын пайдаланатын қызметкерлерді оқытады. Сондай-ақ оның жұмыс бағыттарына өнеркәсіптік қауіпсіздік, табиғи газбен жұмыс істейтін газ шаруашылығына қызмет көрсету, ілгекшілерді және еденнен басқарылатын кран операторларын даярлау, жер, отпен және биіктікте жұмыс істеу кіреді.

Оның жұмысында «Ғұмарбек Дәукеев атындағы АЭжБУ» КеАҚ студенттерін оқыту ерекше орын алады. Жыл сайын мамыр-маусым айларында болашақ энергетиктер дуалды оқыту элементтерімен дайындықтан өтеді. Олар үшін Галина Сергеевнаның сабағы – теориялық білім алып қана қоймай, оның көпжылдық өндірістік тәжірибесінен нақты мысалдар тыңдауға таптырмас мүмкіндік.
Галина Сергеевнаның өзі оқытушы ең алдымен адамдарға пайдалы болып, өз тәжірибесімен жомарт бөлісуі керек деп есептейді.
– Сабақ беру қиын емес. Кәсіби даярлау бөлімінде пайдалы әрі сұранысқа ие болып, мол тәжірибеңмен және біліміңмен бөлісуің керек. Сабырлы болу, тыңдаушыларға ашуланып, дауыс көтермеу, оларға мейіріммен қарап, кез келген жағдайға әзілмен қарай білу маңызды, – деп атап өтеді ол.

Оқытушылық қызметінің барысында Галина Сергеевна талай маманды даярлауға атсалысты. Оның сабақтары тек нормативтік құжаттардың талаптарына ғана емес, сонымен қатар станцияның нақты жұмысын, энергетик жауапкершілігін және әрбір өндірістік шешімнің маңызын түсінуге негізделген.
Ол өзімен бірге ұзақ еңбек жолынан өткен ұжымы туралы зор ілтипатпен және ризашылықпен сөз қозғады:

– Қазандық цехының барлық қызметкеріне өз кәсібіне деген адалдығы мен апатсыз жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, кәсіби өсу және өндірістік жетістіктер тілеймін. Рахым Лұқпанұлы Мұхамедғалиевке және 1-ЖЭО-ның бүкіл әкімшілігіне ерекше алғыс айтамын.
Бір компанияда жарты ғасыр қызмет ету – таңдаған ісіне адалдықтың сирек кездесетін үлгісі. Оқуын бітірген соң 1-ЖЭО-ға жас маман болып келген Галина Сергеевна Суминова бүгінде де «АлЭС» АҚ үлкен отбасының бір мүшесі болып қала береді. Оның білімі, тәжірибесі және адамдарға деген қамқор қарым-қатынасы ұрпақтар сабақтастығы мен энергетика мамандығының үздік дәстүрлерін сақтауға септігін тигізеді.