Білімнен өзгерістерге: АлЭС командасы үнемшіл өндірістің жаңа құралдарын игеріп жатыр
Артқа
23.07.2026

Білімнен өзгерістерге: АлЭС командасы үнемшіл өндірістің жаңа құралдарын игеріп жатыр

«АлЭС» АҚ-да үнемшіл өндіріс (кайдзен) құралдарын енгізу бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті қадам – 21-22 шілдеде Алматыдағы «Кайдзен орталығының» базасында өндірістік департаменттердің басшылары мен шағын бастамашыл топ (ШБТ) мүшелері үшін өткізілген көшпелі оқыту интенсиві өтті.

Оқыту үнемшіл өндіріс жөніндегі ішкі сарапшы Мәди Загиновтың бастамасымен ұйымдастырылды. Екі күндік бағдарламаның негізгі тақырыптары TPM (Total Productive Maintenance – жабдыққа жалпыға бірдей күтім жасау) және жылдам қайта баптау әдіснамасы болды.

Оқытудың көшпелі форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. Бұл формат қатысушыларға оқу үдерісіне толықтай ден қоюға, күнделікті өндірістік міндеттерден алшақтап, нақты кейстерді егжей-тегжейлі талдауға және компанияның өндірістік алаңдарында енгізуге болатын шешімдерді бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік берді.

Интенсивтің басты мақсаты – «АлЭС» АҚ-да кайдзенді дамытуға деген жүйелі тәсілді нығайту, жабдықты пайдаланудың сенімділігін арттыру және өндірістік активтерді басқарудың заманауи әдістері туралы бірыңғай түсінік қалыптастыру.

Оқу барысында қатысушылар жабдықтың істен шығуының алдын алуға негізделген TPM жүйесінің қағидаттарын егжей-тегжейлі зерделеді. Бұл тәсіл бұзылу салдарын жоюдан олардың алдын алуға көшуге мүмкіндік береді. Ол үшін техникалық қызмет көрсету процесіне жөндеу персоналы ғана емес, сонымен қатар жабдықты тікелей пайдаланатын қызметкерлер де тартылады. Жабдықты жұмысқа дайындау уақытын қысқартуға, бос тұрып қалуды азайтуға және өндірістік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін жылдам қайта баптау әдістемесі де маңызды бағыттардың бірі болды.

Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС директоры Әлібек Тастанбеков атап өткендей, бағдарламаның іс жүзіндегі мазмұны ерекше құнды болды.

– Біз TPM құралдарын зерттеп қана қоймай, олардың нақты өндірісте қалай жұмыс істейтінін өз көзімізбен көрдік. Мұндай тәжірибе жабдықты пайдалануды ұйымдастыруға жаңаша қарауға және өз станциямызда енгізуге болатын шешімдерді анықтауға көмектеседі. Бұл тәсілдерді қолдану жабдықтың сенімділігін және өндірістік процестердің тиімділігін арттыратынына сенімдімін, – деп атап өтті ол.

Бағдарламаның екінші күніндегі маңызды шаралардың бірі – Galanz Bottlers компаниясының өндірістік алаңына жасалған гемба-сапар болды. Қатысушылар TPM құралдарының кәсіпорынның күнделікті жұмысында қалай қолданылатынын көрді. Атап айтқанда: жабдыққа дербес қызмет көрсетуді ұйымдастыру, визуалды менеджментті пайдалану, жұмыс орындарын стандарттау, ауытқуларды анықтау жүйесі және өнімсіз шығындарды азайту әдістерімен танысты.

Қолданыстағы ұтымды өндіріс жүйесімен іс жүзінде танысу осы құралдардың тиімділігін бағалауға және озық тәжірибелерді энергетика саласының ерекшелігіне қалай бейімдеуге болатынын ұғынуға мүмкіндік берді. БЖК директоры Ержан Әбдіктің айтуынша, дәл осындай мысалдар өндірістік процестерді жетілдірудің нақты мүмкіндіктерін көруге септігін тигізеді.

– Бүгінде ұтымды өндіріс – бұл тек құралдар жиынтығы ғана емес, сонымен бірге ойлау үлгісі. Оқу барысында біз шағын өзгерістердің өзі айтарлықтай нәтиже бере алатынына көз жеткіздік. Әрбір қызметкердің процестерді ұдайы жетілдірудегі өз рөлін түсінуі маңызды. Үздіксіз жақсарту мәдениеті дәл осыдан басталады, – деп атап өтті ол.

Екі күндік қарқынды оқудың қорытындысы бойынша өндірістік департаменттердің басшылары мен ШБТ мүшелері «АлЭС» АҚ-да ұтымды өндіріс жүйесін одан әрі дамытудың бірыңғай пайымын қалыптастырды.

Алынған білім, жинақталған тәжірибе, пікір алмасу мен әзірленген шешімдер компанияның өндірістік алаңдарында жаңа бастамаларды іске асыруға негіз болады. Оларды енгізу жабдықтың сенімділігін арттыруға, өндірістік шығындарды азайтуға, технологиялық процестерді жетілдіруге және үздіксіз жақсарту мәдениетін нығайтуға мүмкіндік береді. Әрбір осындай қадам «АлЭС» АҚ жұмысын тиімдірек етсе, Алматы қаласы мен Алматы өңірінің тұрғындарын энергиямен қамтуды бұрынғыдан да сенімдірек қылады.