Білім энергиясы: АЭжБУ оқытушыларының АлЭС өндірістік объектілерінде тағылымдамадан өтуі
Артқа
14.07.2025

Білім энергиясы: АЭжБУ оқытушыларының АлЭС өндірістік объектілерінде тағылымдамадан өтуі

2025 жылғы 1-11 шілде аралығында «АлЭС» АҚ өндірістік алаңдарында Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы тағылымдамадан өтті. «Оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамына арналған біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту курсы» бағдарламасы аясында жылу энергетика және физика, электрмен жабдықтау және ЖЭК кафедраларының мамандары энергетика саласының нақты өндірістік нысандарында білімдерін тереңдетті. Олар Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО-ға, А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға,3-ЖЭО-ға, Каскад ГЭС-кежәне Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-іне барды.

Тағылымдаманың негізгі мақсаты – теориялық білімді нақты өндірістік жағдайларда бекіту, жинақталған ақпаратты жүйелеу және жылу мен электр энергиясын өндіру саласындағы заманауи технологиялық шешімдермен танысу болды.

– Тағылымдама мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Өз ісіне берілген, білікті тәлімгерлердің арқасында өндірістік процестерге – жабдықты жобалаудан бастап, оны реттеуге дейінгі кезеңдерге терең бойлауға мүмкіндік туды. Алынған білім мен бақылаулар студенттермен жұмыста сөзсіз пайдасын тигізеді. Нысандардағы атмосфера өте жайлы болды, ал мамандардың түсіндіруілері нақты, әрі қолжетімді болды. Бұл – баға жетпес тәжірибе, – деп бөлісті «Жылуэнергетика және физика» кафедрасының ассистент-профессоры Жан Қаленова.

Тағылымдама қатысушылары энергия тиімділігі мен экология мәселелеріне ерекше назар аударды. 1-ЖЭО мен 3-ЖЭО нысандарына бару барысында мазмұнды дәрістер мен таныстырылым экскурсиялары өткізілді. Қатысушыларға когенерация қағидаттары, машина залдарын ұйымдастыру жүйесі және атмосфераға зиянды заттар шығарылымын азайтуға мүмкіндік беретін заманауи газтазарту құрылғылары туралы кеңінен ақпарат берілді. Әсіресе дәстүрлі және когенерациялық станциялар тиімділігін салыстыру үлкен қызығушылық тудырды — соңғыларыныңкогенерация станцияларының пайдалы әрекет коэффициенті 70-80%-ға дейін жетуі мүмкін.

– Сызбаларды ғана емес, нақты жұмыс істеп тұрған жабдықтарды көру – аса құнды тәжірибе болды. Мысалы, 3-ЖЭО-да біз әдетте тек дәрістерде оқитын бу турбиналары мен генераторларды өз көзімізбен көріп, жан-жақты зерттей алдық, – деп атап өтті кафедра профессоры Гүлім Бергенжанова.

Каскад ГЭС ерекше әсер қалдырды: қатысушылар турбина мен генератордың бөлшектелген күйіндегі құрылымын қарап, жабдықтың конструкциялық ерекшеліктерімен тікелей танысу мүмкіндігіне ие болды.

– Каскад ГЭС ӨТБ бастығы Азамат Сағадиев бізге мазмұнды әрі кәсіби ұйымдастырылған экскурсия өткізді. Оның жұмысына деген ынтасы мен терең білімі әрбір түсінікте сезілді. Мұндай мамандарды жоғары оқу орындарына студенттермен жұмыс істеуге шақырғың келеді. Біз күнделікті жарық пен жылу өндіретін адамдардан шабыт алдық және бұл шабытты студенттерімізге сенімді түрде жеткіземіз, – деді «Жылу энергетика және физика» кафедрасының аға оқытушысы Аяулым Яманбекова.

Тағылымдама барысында «АлЭС» АҚ Қызметкерлерді дайындау бөліміндегі сабақтар да ерекше маңызды болды: экология, бу-газ қондырғылары, қазандық пен турбина жабдығының жұмыс ерекшеліктері тақырыптарындағы семинарлар теориялық негізді тереңдетуге мүмкіндік берді.

Тағылымдама қатысушысы, тәжірибелі профессор Вера Байбекованың пікірінде былай делінген: «Алынған білім оқытудың аясын кеңейтеді. Енді біз студенттерге энергетикалық нысандардың қалай жұмыс істейтінін жай ғана айтып қана қоймай, оны нақты тәжірибе арқылы көрсете аламыз».

Тағылымдаманы ұйымдастыруға қатысқан қызметкерлерге ерекше алғыс айтылды: ӨТБ бастығы Сергей Табакаев (А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО), Азамат Сағадиев (Каскад ГЭС) және ҚДБ оқытушысы Александр Орлов.Олар жоғары деңгейдегі жауапкершілік, әдістемелік нақтылық және кәсіби шеберлікті көрсетті.

«АлЭС» АҚ білім беру саласымен белсенді ынтымақтастық орнатып, жастарды энергетика саласына даярлау бойынша практикалық тәжірибесімен бөлісіп, ғылым мен өндірістің арасындағы байланысты нығайтуға атсалысуда.