Бармағынан бал тамған кең жүректі тұлға
Артқа
16.06.2026

Бармағынан бал тамған кең жүректі тұлға

Үнемі өзін-өзі дамытып отыратын жандар болады. Бір мамандықты меңгерген соң, олар әрі қарай білім алуды жалғастырып, жаңа мүмкіндіктер ашып, алдарына тың мақсаттар қояды. Осы айда 50 жасқа толған мерейтойын атап өткен Ерғанат Мұқанұлы Сатыбалдинов – дәл сондай жандардың бірі.

Ерғанат Мұқанұлының «Энергоремонт» ӨЖК-дағы еңбек жолы 2017 жылы басталған еді. Кәсіпорынға ағаш ұстасы болып келген ол көп ұзамай жауапты әрі адал қызметкер ретінде абыройға ие болды. Алайда, жеткен жетістігімен тоқтап қалу – оның болмысына жат. Жаңа білімге деген ұмтылыс пен кәсіби тұрғыдан өсуге деген құштарлық оған біліктілігін біртіндеп арттырып, құзыретін кеңейтуге септігін тигізді.

2025 жылы Ерғанат Мұқанұлы жаңа мамандықты игеріп, 5-разрядты ағаш шебері біліктілігін алды. Бұл жетістіктің артында талай жылғы қажырлы еңбек, мол тәжірибе және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік жатыр. Бүгінде ол күрделі ағаш шеберлігі жұмыстарын абыроймен атқарып, кәсіпорынның өндірістік қызметіне қажетті түрлі құрылымдарды дайындауға және жөндеуге атсалысып келеді.

Оның жұмыс күні бірсарынды өте бермейді. Ағаш шеберлігі жұмыстарымен қатар, жөндеу-құрылыс учаскесінің жалпы құрылыс міндеттерін орындауға да белсене қатысады. Сенімділік, сапа мен жауапкершілік қажет жерде Ерғанат Мұқанұлына әрқашан арқа сүйеуге болатынын әріптестері жақсы біледі.

Оның іс-тәжірибесінің құндылығы ерекше. Ол жұмысты өзі сапалы орындап қана қоймай, жиған-терген білімімен өзгелермен де бөлісе алады. Жас мамандар оның ақыл-кеңесіне құлақ асады, ал әріптестері кез келген жағдайда қолдау көрсетіп, көмек қолын созуға дайын тұратынын жоғары бағалайды.

Алайда, адамның нағыз болмысы тек жұмыста ғана танылмайды. Ерғанат Мұқанұлы өзінің басты бақыт көзі санайтын үлкен отбасын мақтан тұтады. Бүгінде оның шаңырағы балалардың дауысы мен немерелерінің күлкісіне бөленген. Олармен әрбір кездесуі – ерекше қуаныш, ал олардың өміріне араласу мүмкіндігін өзінің ең маңызды жетістіктерінің бірі деп біледі.

Ерғанат Мұқанұлы осы жылдар ішінде ұжымның құрметіне даңғаза сөзбен емес, күнделікті адал еңбегімен, парасаттылығымен және адамгершілігімен бөленді. Осындай жандар кәсіпорынның нағыз тірегіне, өз ісіне және өмірлік қағидаларына адал болудың жарқын үлгісіне айналады.