АУЭС-тегі ұрпақтар диалогы
«АлЭС» АҚ саладағы кадрлық әлеуетті қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭБУ) студенттерімен кезекті кездесу кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және болашақ мамандарды энергетиканың нақты секторына тарту үшін тиімді алаңға айналды.
АЭБУ-нің Энергетика және жасыл технологиялар институтында «АлЭС» АҚ өкілдерінің студенттермен кездесуі өтті. Ертең еліміздің ірі энергетикалық саласының бір бөлігіне айналатын жастармен өткен бұл жүздесуге «Электр энергетикасы», «Жылу энергетикасы» және «Автоматтандыру және басқару» мамандықтары бойынша білім алып жатқан 50-ге жуық студент қатысты. Ресми кездесу көп ұзамай ашық диалог форматына ауысып, бейресми, шынайы оқиғалар мен кәсіби тәжірибеге негізделген мазмұнды әңгімеге ұласты.

Кездесу спикерлері ретінде Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Айбек Шаяхметов және персоналды даярлау бөлімінің жетекші маманы Гаухар Темирова сөз сөйледі. Олардың баяндамалары мамандық туралы ақпарат емес, энергетика саласындағы кәсіби шыңдалу барысы – алғашқы қадамдардан бастап өндірістік процестерге жауапкершілік алуға дейінгі нақты мысалдармен көрсетілді.
Гаухар Темирова «АлЭС» АҚ-ның жас мамандарға ұсынатын мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, компанияда жастар бастамаларына қатысудан бастап әлеуметтік жеңілдіктер мен тұрғын үй бағдарламасына дейін жан-жақты қолдау қарастырылған. Ал Айбек Шаяхметов студенттерді өндірістік ортаға жақындатып, ЖЭО жұмысының ішкі құрылымы мен өңір энергетикасының болашағын айқындайтын ауқымды жобалар туралы баяндады.
Кездесудің ерекше әсерлі сәттері – спикерлердің жеке тәжірибелерімен бөлісуі болды. Кәсіби қалыптасу жолындағы қиындықтар мен жетістіктер туралы ашық әңгіме студенттердің қызығушылығын арттырды. Әсіресе, Айбек Шаяхметовтың корпоративтік тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алғаны туралы айтқаны жастарға үлкен мотивация берді. Бұл компанияның жұмыскерлерге деген қамқорлығы нақты іс жүзінде жүзеге асатынын көрсетті.
«Бұл кездесу мен үшін болашақ әріптестерімнің қызығушылығын оятуға мүмкіндік болды. Біз өте белсенді аудиторияны көрдік – студенттерді әлеуметтік кепілдіктерден бастап мансаптық өсудің нақты кезеңдеріне дейін бәрі қызықтырды. Осындай диалогтар жастарға «АлЭС» АҚ кәсіпорын ғана емес, өздерінің кәсіби болашағының іргесі ретінде көруге көмектеседі», – деді Гаухар Темирова.

Айбек Шаяхметов өз сөзінде сабақтастықтың маңыздылығын атап өтті: «Өндіріс үлкен жауапкершілікті талап етеді, бірақ сонымен қатар бірегей тәжірибе мен тұрақтылық береді. Практикадан өтуге ниет білдіргендердің санына қарап, біз жастармен бір тілде сөйлесе алатынымызды байқадық».
Кездесудің басты нәтижесі – студенттердің мамандыққа деген шынайы қызығушылығы мен жігері болды. Қойылған сұрақтардың көптігі ресми бөлікті еркін форматтағы пайдалы әңгімеге айналдырып, әр қатысушы өзіне қажетті кеңес пен болашаққа нақты бағдар алды. Мұндай кездесулер – тек кәсіби бағдар беру емес. Бұл – теория мен тәжірибені, университет пен өндірісті, бүгінгі студент пен ертеңгі энергетикті байланыстыратын көпір. Осындай диалогтар арқылы бұл байланыс күн сайын нығая түсуде.