Асель Абаева: «Сенімділік – әр бөлшекке мұқият қарау»
Асель Абаева, «АлЭС» АҚ Диспетчерлік басқармасы режимдер қызметінің бас менеджері, энергетика саласы туралы өмірлік ісі ретінде байыппен әрі терең толғаныспен айтады

Энергетика саласына ол, өзінің айтуынша, «тағдырдың қалауымен келді» деуге болады. Мектептен кейін жүрегі информатикаға жақын болып, оқытушы болуды армандаған. Алайда грантқа жоғары конкурс, ақылы оқуға мүмкіндіктің болмауы – анасы інісі екеуін жалғыз тәрбиелеген – салмақты шешім қабылдауды талап етті. Сол жыл Асельді тез есейткен кезең болды. Анасының қолдауымен ол энергетика саласын таңдады, күрделі, көп жағдайда «ерлерге тән» деп саналатын, бірақ тұрақты әрі шын мәнінде маңызды бағыт.
Осылайша оның Алматы энергетика және байланыс университетінде «Электр станциялары» мамандығы бойынша мамандық игеруі басталды. Оқу жылдары оған «мүлде жаңа әлемді – орасан зор энергия, дәл есептер мен қатаң тәртіп әлемін» ашты.

Бесінші курста ол дипломалды практикадан өту үшін алғаш рет Алматы 2-ЖЭО-ға келді. Станцияның ауқымы оны сол сәтте қатты таңғалдырғаны соншалық, дәл осы орын оның кәсіби өсуінің берік іргетасына айналарын елестете де алмаған еді.
Диплом қорғаудың қарсаңында оны әңгімелесуге шақырды. Қобалжу деңгейі аса жоғары болды – сұхбатты Серік Сүйінбекұлы Тютебаев жүргізді. Алайда кездесу күткеннен де жылы әрі шынайы жағдайда өтті, ал соңында ол диплом қорғауға сәттілік тілеп, ақ батасын берді. Дипломын алғаннан кейін Асель Алматы 2-ЖЭО бас басқару қалқанының кезекші электр монтері болып жұмысқа қабылданды. Дәл осы жерде оның кәсіби жолы басталды – уақыт өте келе өмірлік миссиясына айналған бағыттың алғашқы қадамы жасалды.

Алғашқы жұмыс күнін ол әлі күнге дейін ұмытқан емес. «Мұндай сәттер ешқашан ұмытылмайды». Қорқыныш, толқу және зор жауапкершіліктің салмағы бір сезімге тоғысты. Әсіресе ауаның өзі тоқығандай әсер қалдыратын турбиналардың қуатты гуілі мен жабдықтардың дірілінен туындаған дыбыстар есінде айрықша сақталыпты. Көз алдында – басқару панельдерінің қатарлары мен алдағы күрделі ауыстырып – қосулардың жауапкершілігі. Сол сәтте ол бір шындықты терең сезінді: «әрбір агрегаттың, әрбір құрал көрсеткішінің артында мыңдаған шаңырақтағы жарық пен жылу тұр». Бұл жай ғана жұмыс орны емес еді – бұл қаланың жүрегі болатын.

Ол жұмыстың оңай болмайтынын білгенімен, командалық өзара үйлесімділік пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін толық елестете алмаған еді. Нақты әрі жауапты жұмысты күткен – іс жүзіндегі жағдай да соны дәлелдеді. Алайда уақыт өте келе жауапкершіліктің мәнін тереңірек түсіне бастады.
Жауапкершілік ауқымы кеңірек лауазымға тағайындалған сәт – бет бұрыс кезеңі болды. Сол кезде ол тек өз міндеттерін орындауға ғана емес, «жалпы жұмыстың нәтижесіне» жауап беретін болды. Адамдар үшін жауапкершілік бірден қалыптаспайды – ол тәжірибемен бірге біртіндеп келеді.

Оның кәсіби жолында тәжірибелі тәлімгерлер аз болмады. Мамандығына бағыт-бағдар берген алғашқы жетекшісі – Алматы 2-ЖЭО электр цехының ауысым бастығы Бағдат Сайлауұлы Молдабаев болды. Ол әр энергетик үшін аса маңызды негізді қалыптастырды – «станцияны сезіне білу, дер кезінде әрекет ету және жауапкершіліктен қорықпау» қағидаларын үйретті.
Асель өзінің ең басты ұстазы ретінде Марина Валентиновна Бондаренконы атайды. Оның жетекшілігімен шамамен 15 жыл бірге жұмыс істеді. Станциядан кеңсеге ауысу оңай сынақ болған жоқ: бір жағынан – аспаптарды бақылау, жабдықты жөндеуге шығару бойынша өтінімдер қабылдау, желілерде ауыстырып – қосу жұмыстарын орындау және есептегіш көрсеткіштерін алу болса, екінші жағынан – баланс есептеулерін жүргізу, тәуліктік жүктеме кестелерін жасау және олардың орындалуын талдау мүлде басқа деңгейдегі жауапкершілікті талап етті. Марина Валентиновна оған айлық және жылдық баланстарды қалыптастыруды, есептілікті жүргізуді және жүйелік үдерістерді терең түсінуді үйретті. «Ол мен үшін тек талапшыл басшы ғана емес, өндірістегі анамдай болды». Тәлімгерлері зейнет демалысына шыққан кезде, Асель оның ісін сеніммен жалғастыра алды.
Асельдің кәсіби қалыптасуында Диспетчерлік басқармасының бастығы Ренат Науханұлы Жангуттин ерекше рөл атқарды. Оның қолдауын Асель әкелік қамқорлыққа теңейді. Ол жағдайға кеңірек қарауды, ауқымды міндеттерді көре білуді және салмақты, жан-жақты ойластырылған шешімдер қабылдауды үйретті.

– Мен кәсіби тағдырыма айрықша ықпал еткен Ғазиз Жұмабайұлы Исмұхамбетовке шынайы алғысымды білдіремін. Дәл осы кісі менің бойымдағы әлеуетті көріп, жаңадан құрылған бас кеңсе жанындағы режимдер бөліміне шақыру арқылы алдымнан жаңа мүмкіндіктер ашты. Көрсетілген сенім мен үшін кәсіби әрі тұлғалық дамуыма қуатты серпін болды.
Бүгінде ұжыммен жұмыс істеуде ол үшін ең маңыздысы – сенім, ашықтық, қолдау және бірлік. «Ұжым – сенің екінші отбасың, өйткені біз мұнда үйдегіден де көп уақыт өткіземіз». Энергетика саласында бір-біріңді жарты сөзден түсіну аса қажет. Мұнда ешкім мәселе алдында жалғыз қалмайды.
Қиын кезеңдерде ол әріптестерін қарапайым жолмен қолдайды – әңгімелеседі, жанынан табылуға тырысады, өз тәжірибесімен бөліседі. Сонымен бірге басшының шешімдері кейде тек нұсқаулыққа сүйеніп қана емес, «жүрекпен» де қабылданатынын мойындайды. Нұсқаулық – негіз, бірақ адамдармен жұмыс істегенде адам болып қалу одан да маңызды.

Ол өз командасының жоғары жауапкершілігіне, кәсібилігіне және ұйымшылдығына мақтанышпен қарайды. «Баланс есептеулеріндегі қателік көп нәрсеге әсер етуі мүмкін екенін біз жақсы түсінеміз».
Энергетика саласындағы адамдарды не біріктіреді деген сұраққа ол қарапайым жауап береді: өз еңбегінің маңыздылығын сезіну және үлкен ортақ іске – сенімділік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу.
Оның айтуынша, сенімділік – ең күрделі жағдайда да саған арқа сүйеуге болатындай қасиет. Бұл – дәлдік, тәртіп және өз жұмысыңды бірнеше рет тексере білу. «Жауапкершілік – әрбір мұқияттылық».
Энергетика саласы қарқынды өзгеріп келеді: автоматтандыру деңгейі артып, талаптар күшейіп отыр. Алайда талдау жасап, шешім қабылдап, нәтижеге жауап беретін – бәрібір адам. Бүгінде басшы үшін үнемі білімін жетілдіру, кәсіби сергектікті сақтау, жаңа нормативтік талаптарды зерделеу және жүйелі ойлау қабілетін дамыту аса маңызды.
Асель үшін «Алматы электрстанциялары» АҚ – жай ғана кәсіпорын емес. Бұл – оның кәсіби қалыптасу алаңы, өмірінің елеулі бөлігі өткен, өзі де, командасы да өсіп-жетілген орта. «АлЭС» – ешқашан тоқтамауы тиіс қаланың энергетикалық жүрегі».
Жұмыстан тыс уақытта ол жақындарының жанында күш жинайды, жиенімен уақыт өткізеді, табиғатты және саяхаттауды ұнатады. Оның тірегі – отбасы мен парыз сезімі. Өмірлік ұстанымы айқын: «Адал істе және соңына дейін жеткіз».
Бүгінде ол командаға пайдалы болып, кәсіпорынның тұрақтылығына үлес қоса алатынын шынайы мақтан тұтады.
«Энергетика мен үшін жай ғана жұмыс орны емес – бұл бүкіл елдің ырғағымен үндес өмір. Бұл – алып жүйенің бір бөлшегі екенімді сезінуден туатын мақтаныш және маған энергияның мәнін түсінуді үйреткен жандарға деген алғыс».