Анатолий Михайлович Скрипкин: Іске айналған алғыс
Әрбір маманның жылдар өткен соң ерекше ризашылықпен еске алатын адамдары болады. Мамандықта алғашқы қадамдарын жасауға көмектескен, оқулықтан табылмайтын дүниелерді түсіндірген, дер кезінде ақыл-кеңес беріп, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға үйреткен жандар.
Мұғалімдер күніне орай «Самұрықнама: 20 игі іс» бастамасы аясында біз білімі мен тәжірибесі шәкірттерінің жұмысында жалғасын тапқан тәлімгерлер туралы баяндаймыз.
Анатолий Михайлович Скрипкиннің еңбек жолы Іле ауданаралық ауыл шаруашылығы техникасы бірлестігінің желілік монтаждау-жөндеу учаскесінің инженері қызметінен басталды. Кейін оның тағдыры энергетика саласымен ұштасты.
3-ЖЭО-ға ол отын-көлік цехының (ОКЦ) аға шебері болып келді. Мұнда ол үлкен еңбек жолынан өтіп, АлЭС-тегі жұмысын 3-ЖЭО ОКЦ бастығының орынбасары лауазымында аяқтады.

Өндірістегі алғашқы күндері оның әлі күнге дейін жақсы есінде. Жаңа жұмыс орнымен танысу еңбекті қорғау талаптарынан, жабдықтардан, өндірістік процестер мен бірге жұмыс істейтін адамдардан басталды. Анатолий Михайлович 3-ЖЭО-ның еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі аға инспекторы Татьяна Солодилованы ерекше ықыласпен еске алады: ол жаңа ортаға бейімделуге көмектесіп, жабдықтармен және қауіпсіздік ережелерімен таныстырған. Өзінің кәсіби тұрғыда қалыптасуына ықпал еткендердің қатарында ол 3-ЖЭО бас инженері Виктор Безрукты атайды.

– Маған үйреткен ең басты нәрсе – қауіпсіздік бәрінен жоғары. Тағы бір қарапайым ереже: егер бірдеңені білмесең, сұраудан қорықпа. Мені жауапкершілікке, тәртіпке, кәсіби шеберлікке, адамдарға талап қоя білуге және сонымен бірге мейірімді қарым-қатынас жасауға үйретті, – деп еске алады Анатолий Михайлович.
Оның айтуынша, тәжірибелі әріптестерінің кеңестері ықтимал қатені дер кезінде байқап, дұрыс шешім қабылдауға талай рет көмектескен. Әсіресе жұмыстың алғашқы жылдары маңызды болды: дәл сол кезде өндірістегі әрбір адамның мойнына қандай жауапкершілік жүктелетінін ұғынды.
Осы жылдар ішінде жабдықтар, технологиялар және жұмыс тәсілдері өзгерді. Бірақ сұхбаттасымыздың сенімінше, басты нәрсе өзгеріссіз қалды: ол – жауапкершілік, тәртіп, мұқияттылық және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау.
Бүгінде Анатолий Михайлович «АлЭС» АҚ Персоналды даярлау бөлімінде өз білімі мен өндірістік тәжірибесімен басқалармен бөліседі және көбінесе өз тәлімгерлерінен алған сабақтарына сүйенеді.

– Материалды барынша түсінікті етіп түсіндіруге тырысамын және міндетті түрде өз тәжірибемнен мысалдар келтіремін. Жас мамандарға теорияны нақты жұмыста қолдану оңайға түспейді. Ал шынайы жағдайлар жақсырақ түсінуге және дұрыс емес әрекеттердің қандай салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін көруге көмектеседі, – дейді ол.
Оның пікірінше, нағыз тәлімгер – бұл жай ғана тәжірибелі маман емес. Шыдамды әрі жауапты болу, түсіндіре білу маңызды.
– Тәлімгер білімді жеке үлгісімен беруі, жұмысшы мамандығын құрметтеуі және өзі оқытатын адамдардың өндірістік қызметін түсінуі керек, – деп санайды Анатолий Михайлович.
Тәлімгер үшін өз еңбегінің нәтижесін көру – ерекше қуаныш.
– Шәкірттердің дербес маман болып қалыптасқанын көру қуантады. Олардың кәсіби өсуі – тәлімгердің басты марапаттарының бірі, – деп бөлісті ол.
Анатолий Михайлович жас әріптестеріне бір кездері өзіне үйреткен қасиеттерді: жауапкершілік, мұқияттылық, еңбекқорлық, білімге құштарлық және мамандыққа деген құрметті бойларына сіңіруге тырысады. Ал оның бүкіл еңбек жолындағы басты ережесі өзгеріссіз: қауіпсіздік әрқашан бірінші орында.

Энергетика саласы үшін мұндай сабақтастықтың маңызы зор. Өндірістік тәжірибені тек оқулықтардан ғана алуға болмайды: ол күнделікті жұмыстан, күрделі жағдайлардан, қабылданған шешімдерден және аға буынның тәлімінен құралады.
Бір кездері Анатолий Скрипкинге бұл білімді оның ұстаздары үйреткен. Бүгінде бұл дәстүрді ол өзі жалғастырып келеді.
– Мен үшін бұл басқаларды оқыту арқылы кәсіби жолымды жалғастыру мүмкіндігі. Енді мен өзім алған тәжірибені келесі ұрпаққа бере аламын, – дейді Анатолий Михайлович.
Тәлімгерліктің басты мәні де осында шығар: жақсы сабақ тек оқумен шектеліп қалмайды. Ол шәкірттің жұмысында, ал күндердің күнінде оның келесі ұрпаққа беретін білімінде жалғасын табады.