Амангелді Қанайбеков – бала кезден таныс асық ойыны
Артқа
11.08.2026

Амангелді Қанайбеков – бала кезден таныс асық ойыны

Бір кездері асық кәдімгі аула ойыны еді. Достар бас қосып, ең шіркей асықтарды таңдап, кімнің мерген екенін анықтау үшін дауласып, сағаттап қол жаттықтыратын. Амангелді Қанайбеков үшін де бәрі осылай басталған болатын. Ол кезде бала кезден таныс ойын өзін жылдар өткен соң «Самұрық-Қазына» спартакиадасына алып келіп, «АлЭС» АҚ намысын қорғайтынын ойламаған да еді.

Жарыста Амангелді асық атудан бақ сынап, бесінші орынға ие болды. Алайда, нәтижені білдіретін осы бір сөйлемнің артында тартысты бәсеке, мықты қарсыластар және тек сырт көзге ғана оңай болып көрінетін спорт түрі жатыр.

– Асық ату – менің бала кезден келе жатқан әуестігім. Достарыммен аулада жиі ойнайтынбыз. Үнемі жарысып, сынап көру арқылы ойын үстінде бір-бірімізден үйрендік, – деп еске алады Амангелді.

Кезінде дәл осындай аула ойындарында көзмергендік, ептілік, сабырлылық және лақтыру күшін есептей білу қабілеттері білдірмей қалыптасатын. Бүгінде мұның бәрі кәдімгі спорттық шеберліктің бір бөлігіне айналды.

Амангелдінің айтуынша, асық атуда ең бастысы – нысананы жақсы көре білу.

Тек асыққа тигізсең болды деуге келмейді. Спортшы траекторияны алдын ала болжап, соққының күші мен бағытын есептеп, қолдың қимылын сезіне білуі керек. Кейде санаулы сантиметрдің өзі әрекеттің нәтижесін шешіп кетеді.

– Ең алдымен көзмергендік қажет. Нысананы көріп, соққыдан кейін асықтың қай бағытта ұшатынын түсіну керек. Көп нәрсе лақтырудың дәлдігі мен дұрыс есептелуіне байланысты, – дейді ол.

Спартакиададағы бәсеке тартысты болды. Қатысушылар арасында тәжірибелі спортшылар аз емес еді, ал ең мықты қарсыластардың бірі былтырғы жарыстың жеңімпазы болып, ол бұл жолы да өз шеберлігін тағы бір дәлелдеді.

Десе де, Амангелді мұндай жауапты сәтте нәтиже туралы ойға беріліп, өзін ауырлатпауға тырысады.

Шешуші лақтырыс алдында ұстанатын қағидасы қарапайым: бойдағы артық қобалжуды басып, өзіңді еркін сезініп, тек нысанаға зейін қою.

– Ең бастысы – сабыр сақтау. Егер тым қатты уайымдасаң, ол тек кедергі келтіреді. Бар ойыңды жинақтап, өз лақтырысыңды орындау керек, – деп атап өтті спортшы.

Амангелді үшін осы Спартакиадада АлЭС атынан қазақтың дәстүрлі спорты бойынша сынға түсудің маңызы ерекше.

Асық ату көпшілікке бала кезден таныс. Қазақстандықтардың бірнеше буыны үшін бұл – аула, достар, жазғы демалыс туралы естеліктердің бір бөлшегі. Алайда бүгінде бұл дәстүрлі ойын тұрақты тәжірибені, дәлдік пен шеберлікті талап ететін толыққанды спорттық дисциплина ретінде дамып келеді.

Амангелдінің өзі асықты әлі күнге дейін баланың ермегі санайтындармен келіспейді.

– Мен жай ғана ойнап көруге кеңес берер едім. Сонда пікіріңіз өзгереді. Бұл – нағыз спорт. Мұнда ептілік, дәлдік, шапшаңдық пен шеберлік керек. Шындап ойнай бастағанда, бәрінің оңай емес екенін түсінесіз, – дейді ол.

Бәлкім, асық атудың ерекше құндылығы да осында шығар: заманауи спорттық жарыс адамға бала кезден таныс дүниемен біте қайнасып жатыр.

Амангелді Қанайбеков үшін Спартакиадаға апарар жол спорт залынан не кәсіби жаттығулардан басталған жоқ. Ол кезінде аулада, достарының ортасында, жерге шашылған асықтар арасынан басталды.

Жылдар өтіп, жарыс ауқымы өзгерді, нәтиже мен команда үшін жауапкершілік пайда болды. Алайда ең бастысы – нысанаға дәл тигізуге деген құлшыныс пен бала кезден сүйіп ойнайтын ойыннан алатын ләззат сол күйі қалды.