Алтай Қадыржановты еске алу
Қазақстан энергетиктері үшін қайғылы хабар – «Құрмет» орденінің иегері, «КСРО-ның Құрметті энергетигі» және «ХХ ғасырдың көрнекті инженері» атақтарының иегері Алтай Камалұлы Қадыржанов өмірден өтті. Оның есімі саланың көптеген маңызды оқиғаларымен тығыз байланысты. Көрнекті әрі қарапайым кәсіби маман еліміздің энергетикасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан еңбек сіңірген инженерлер шоғырының қатарынан лайықты орын алды.
Кәсібилік пен қарапайымдылық – шынында да, оған бала кезінен дарыған қасиеттер. Алтай Камалұлы 1942 жылы жергілікті өнеркәсіп халық комиссары Камал Қадыржановтың отбасында дүниеге келген. Әкесі – майдангер, қазақтан шыққан алғашқы металлургтердің бірі. Олардың отбасында еңбек ету, барлық жетістікке туыстыққа емес, өз еңбегі арқылы қол жеткізу қағидасы берік орныққан.
Өзінің үлкен әрі белгілі әулетінің осы қағидасын – еңбек пен жеке жауапкершілікті – Алтай Камалұлы өмір бойы берік ұстанды. Елдердің айтуларынша, 1982 жылы оның кандидатурасы Қазақстанның энергетика министрінің бірінші орынбасары қызметіне ұсынылған кезде, үміткерлер тізімінен оны Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі алып тастаған. Өйткені ол Қонаевқа жиен болатын. Димаш Ахметұлы – оның анасының туған інісі еді, сондықтан республика басшысы Алтайдың іскерлік және кәсіби қасиеттерін, еңбек жолын жақсы білсе де, мұндай ұсынысты орынсыз деп санаған.
Алтай Қадыржанов бала кезінен техникаға ерекше қызығып, өз мамандығына мақсатты түрде ұмтылды. 1959 жылы, 17 жасында, Мәскеу энергетика институтының электромеханика факультетіне оқуға түсіп, 1965 жылы оны табысты аяқтап, инженер-электромеханик дипломын алды. Сонымен қатар, 1959-1961 жылдары оқуын жалғастыра жүріп, Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы зауытта алдымен оқшаулаушы, кейін білдекші болып еңбек етті.
1964 жылы ол Бүкілресейлік ауыл шаруашылығын электрлендіру институтының тәжірибелік-өндірістік кәсіпорнына инженер-конструктор болып қабылданды. Ал 1965 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін Қарағанды политехникалық институтының тау-кен ісі және жалпы электротехника кафедрасында ассистент болып еңбек етті. 1966 жылы астанаға қоныс аударып, Алматы электр желілері басқармасында аға инженер болып қызметін бастады. Сол буынның барлық ер азаматтары сияқты, 1968 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскерден оралған соң өз мамандығы бойынша жұмысын жалғастырып, 1970 жылы Қазақ КСР Энергетика және электрлендіру министрлігінің электр желілері шаруашылығы бойынша бас энергетигі болып тағайындалды. Еңбек пен білімді қатар алып жүру дәстүріне сай, ол бір мезгілде В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, 1973 жылы «Өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастырушы» мамандығы бойынша екінші дипломын алды.
Энергетиктердің айтуларына қарағанда, 70-жылдар сала үшін оңай кезең болған жоқ. Өйткені электр беру желілері Қазақстанның күрт континенттік климаты ескерілмей салынғандықтан, аймақтарда электрмен жабдықтаудың ауқымды бұзылулары мен ажыратулары жиі орын ала бастады. Дәл осы кезеңде жас инженердің кәсіби қабілеті айқын көрінді: ол бригадалармен бірге тәулік бойы дерлік апаттардың салдарын жоюға қатысып, тың игерілген өңірлердегі электр беру желілерін жаңғырту жұмыстарымен айналысты.
«Ол Қазақстанда алғаш рет Ермактан Сарбайға дейінгі 500 кВ-тық ЭБЖ жүктемесін ажыратпай, технологиялық тұрғыдан аса күрделі жөндеуді ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұл жұмыстарға КСРО Энергетика министрлігінің бірқатар ірі бөлімшелері тартылды», – деп жазған болатын 2002 жылғы наурызда «Новое поколение» газеті. – «31 жастағы Алтай министр Т.Батуровтың жоғары бағасына ие болды. 1973 жылы Тимофей Иванович қабілетті қызметкеріне сенім білдіріп, оны аз уақыт бұрын өрт болған Алматы ЖЭО-сына бас инженер ретінде артта қалған учаскені көтеруге жіберді», – делінген басылымда.

1973-1977 жылдары Алтай Камалұлы «Алматыэнерго» АЭШБ Алматы 1-ЖЭО-сында бас инженер қызметін атқарды. Сол кезеңде бұл станция республикадағы жылу энергиясын өндіру көлемі бойынша ең ірі нысандардың бірі болды. Осы жылдары мұнда өндірісті кеңейту, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жылу электр орталығының жұмысын жақсарту бағдарламасы дәл оның басшылығымен жүзеге асырылды.
«1977 жылдың тамызы оның күрделі мәселелерді жедел шешу қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сел тасқыны Каскад ГЭС-тің гидротехникалық құрылыстарын қиратып, Алматыны тек электр қуатымен ғана емес, сумен жабдықталуына да қауіп төндірді», – деп жазды 2002 жылғы наурызда «Новое поколение» газеті. – «Қадыржановтың басшылығымен Каскад ГЭС жаңғыртылып, автоматты жұмыс режиміне көшірілді. 1985 жылы Алтай Камалұлы «Алматыэнерго» бірлестігінің бас директоры болды. Осы кезеңде, 1985-1996 жылдары, бірқатар өңірлерді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етудің жаңа түбегейлі схемалары әзірленді, электр желілері шаруашылығын жаңғырту бойынша шаралар қабылданды. Қазақстандағы ең ірі 2-ЖЭО, Қапшағай ГЭС, 500 кВ-тық ОҚМАЭС – Алматы электр беру желісі пайдалануға берілді, Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі Оңтүстік Қазақстан МАЭС-ін салу басталды, Алматыдағы Батыс жылу кешенінің құрылысы және оңтүстік астананың 220 кВ жүйеқұраушы электр желілері сақинасының құрылысы аяқталды».
Бұл өзгерістер мен жаңғыртулар кезеңі болды, сондықтан оның лауазымының атауы да өзгеріп отырды: 1988 жылдан бастап – «Алма-Ата энерго» аудандық энергия шаруашылығы басқармасының басқарушысы, 1991 жылдан – «Алматыэнерго» аудандық энергия шаруашылығы басқармасының бас директоры.
«Алматыэнерго» қызметкерлері Алтай Камалұлының басқа қырын да еске алады – өз қызметкерлеріне деген адамгершілігі мен жауапкершілігі, олардың әлеуметтік жағдайына деген қамқорлығы. Энергетиктердің айтуларына қарағанда, 1994 жылға қарай компаниядағы 13 000 қызметкердің дерлік барлығы баспанамен қамтамасыз етілген еді. Бір қызықтысы – ол аңызға айналған сан, яғни өз еңбек жолында ол бір миллиард доллардан астам қаржыға өндірістік және әлеуметтік нысандар сала алғандығы.
Алтай Камалұлының еңбектерінің бірі – Алматының энергетикалық жүйесін нарықтық қатынастарға шеберлікпен көшіру болды. Қала энергожүйесі КСРО-да бірінші болып II есептік модельге өткен деп есептеледі және оның тәжірибесі посткеңестік кеңістіктегі әріптестер тарапынан зерттелген.

1997 жылы Алтай Камалұлы Қадыржанов «Энергия Институты» Жабық акционерлік қоғамының президенті болды. Осы лауазымда ол 2002 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің өкімімен Қазақстанның энергетика кешенін дамытудың 2015 жылға дейінгі перспективасымен бірге 2010 жылға дейінгі кезеңге арналған схемасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрамына кірді.
Жаңа ғасырда оның тәжірибесі, білімі мен таланты әрдайым сұранысқа ие болды. 1997-2005 жылдары ол Қазақстан энергетикалық қауымдастығы (КЭА) директорлар кеңесінің мүшесі болды. 2004 жылдан бастап ҚазТрансГаз бас директорының кеңесшісі ретінде қызмет атқарды. 2012-2014 жылдары ол «Қазгидротехэнерго» АҚ-да консультант болды.
Төрт тіл білетін маман ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болып сайланды. Алтай Камалұлы Қадыржановқа көлденең орналасатын жел қозғалтқышы өнертабысына авторлық куәлік берілді. Оның 70-ке жуық жаңашыл ұсыныстары мен қолданбалы маңызы бар жобалары бар. Оның энергетика журналдары мен БАҚ-тағы жарияланымдары кәсіби қауымдастық тарапынан әрдайым ерекше назар аударуға себеп болды.
Өмір бойы ол қоғамдық маңызы бар, әлеуметтік жобаларға белсене қатысып келді. Студенттік жылдарында Қазақстан студенттік жерлестер ұйымының мүшесі және «Жас тұлпар» жастар ағарту қозғалысының жетекшілерінің бірі болды. Кейін М.Шахановтың «Жалын» журналын қолдап, ұлттық қолөнерді жаңғыртуға үлес қосып, «Азия дауысы», «Алтын жұлдыз» сияқты байқауларды қолдады…
Қазір ол өмірден озғанымен, Алтай Камалұлы өзінің жанында жұмыс істеген, достық қарым-қатынаста болған, табысқа жетуге немесе жай ғана бақытты болуға көмектескен адамдардың жүрегінде өмір сүруін жалғастырып отыр…