АлЭС волейболшылары – Grand Volleyball League турнирінің күміс жүлдегері
АлЭС-тің волейболдан құрама командасы Grand Volleyball League турнирінің қаңтар айындағы кезеңін аймақтағы ең мықты корпоративтік командалардың бірі екенін дәлелдеп, күміс жүлдемен аяқтады. Бұл дода команданың төзімділігін, зейіні мен іс-қимыл үйлесімділігін сынайтын маңызды спорттық сынға айналды. «Энергожөндеу» ӨЖК және 3-ЖЭО өндірістік департаменттерінің командасы Алматы қаласы мен Алматы облысының әуесқой командалары арасында өткен Grand Volleyball League турнирінде 2-орынды иеленді.

Алаңда аймақтың ең мықты 12 командасы бас қосты. Турнир наурыз айында басталатын, бәсекелестік деңгейі бұдан да жоғары болатын Негізгі лига алдындағы маңызды дайындық кезеңіне айналды. 4+2 микс форматы ойыншылардан көпқырлылық пен нақты іс-қимыл байланысын талап етті.
АлЭС құрамасы бұрыннан «Самұрық-Энерго» АҚ және «Самұрық-Қазына» АҚ тобындағы ең мықты корпоративтік командалардың бірі ретінде танылған.
Топтық кезең тартысты өтті: команда қысқа үзілістермен бірнеше матч өткізіп, төрт жеңіске жетті және плей-офф сатысына нық қадаммен шықты. Ойындардың жоғары қарқыны әр қатысушыдан барын салуды талап етті.
– Ойын күні өте тығыз болды. Мұндай жағдайда команда ішіндегі қолдаудың маңызы ерекше сезіледі. Біздің күшіміз – ұйымшылдығымызда, жүлделі орындардан көріну үшін оны үнемі арттырып отыру қажеттігін түсінеміз. Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Уақыт өте келе бір-бірімізді сөзсіз түсіну, әр ұпай үшін таласта серіктесіңе деген сенім пайда болады. Дәл осындай командалық ауызбіршілік тығыз ойын кестесіне төтеп беруге және мықты қарсыластармен лайықты бәсекелесуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті команда капитаны, «Энержөндеу» ПРК қолмен доғалық дәнекерлеу электрсварщигі Айдос Селеубаев.
АлЭС командасы мықты қарсыластар жиналған «В» тобына түсті. Топтық кезеңде біздің волейболшылар қатарынан бес матч өткізіп, оның төртеуінде айқын басымдықпен жеңіске жетті және плей-офф сатысына нық сеніммен шықты.
– Қарсыластар мықты, ал ойындар тартысты болды. Бірақ команданың бір жұдырықтай жұмылғаны сезіліп тұрды. Алаңдағы өзара қолдау көп нәрсені шешеді, – деп бөлісті «Энергожөндеу» ӨЖК электр станцияларының автоматикасы мен өлшеу құралдарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр слесарі Әли Әбдіров.
Жартылай финалда АлЭС командасы «Ұлы Дала» ұжымымен кездесті. Ойыншылардың өзара түсіністігі мен тәжірибесі спортшыларымызға алға жылжып, финалға шығуға көмектесті.

Шешуші ойынға команда ұзаққа созылған жарыс күнінен кейін шықты – спортшылар таң атқаннан бері спорт залында болды. «Жайнақ» командасымен өткен финалдық кездесу тең дәрежедегі тартысқа толы болды: партия тағдырын небәрі 2-3 ұпай айырмашылығымен санаулы доптар шешті.
– Біз үшін турнирлерге қатысу ғана емес, команданы дамыту бойынша жүйелі жұмыс істеу маңызды. Өткен жыл бойы «Энергожөндеу» ӨЖК футболшылары жаттықты – мен бұл сабақтарды жалпы физикалық дайындықты нығайту және командалық іс-қимылды дамыту үшін ұйымдастырдым. Кейінірек «Энергожөндеу» ӨЖК волейболшылары үшін де арнайы ойын дайындығына басымдық берілген турнирлер ұйымдастырылды. Команда тұрақты түрде жарыс тәжірибесін жинақтауы үшін мен ұйымдастырушылармен үнемі байланыста боламын. Мұндай тәсіл қарсыластардың деңгейін көруге, өз ойынымызды сараптауға және жүлделі орындар үшін тұрақты күресу мақсатында өзара түсіністікті біртіндеп арттыруға мүмкіндік береді. Волейболшылар командасы осы жылдың наурыз айында Әуесқой лигада, содан кейін «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының спартакиадаларында өнер көрсетуді жалғастырады, – дейді «Энергожөндеу» ӨЖК жетекші инженер-бағдарламашысы Фариза Ботақараева.
Турнир қорытындысы бойынша АлЭС құрамасы күміс медаль мен 150 000 теңге көлеміндегі сыйлықты иеленді. Бұл нәтиже – жай ғана спорттық жетістік емес, бұл командалық рухтың, төзімділік пен өзара қолдаудың жарқын үлгісі. Мұндай қасиеттер энергетиктер үшін күнделікті жұмыста да аса маңызды.
Алдыда команданы жаңа белестер мен мақтанышқа толы жаңа жеңістер күтіп тұр.