АлЭС-тегі Наурызнама: көктем, дәстүр және бірлік мерекесі
«АлЭС» АҚ-да Наурызнама басталды – көктемгі жаңару рухына, ізгі кездесулерге және ұлттық дәстүрлерге құрметке толы ерекше кезең. Осы күндері компанияның барлық өндірістік департаменттерінде мерекелік көңіл күй орнаған: қызметкерлер бір-бірін құттықтап, жұмысқа ұлттық киіммен келіп, жылы лебіздермен алмасып, Наурыз мейрамының келуіне шын жүректен қуануда.

Алғашқы іс-шаралардың бірі – «Көрісу күні – Амал күні» болды, бұл – адамдардың бір-бірімен көрісіп, құшақтасып, үлкендерге құрмет білдіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейтін дәстүрлі мерекесі. АлЭС ұжымдарында бұл күн ерекше жылы жағдайда өтті: әріптестер бір-бірін шын жүректен құттықтап, жылы жүзбен амандасып, көктемнің келуіне қуанышты көңіл күймен бөлісті.
– Осындай күндері ұжымның жанданып, ерекше көңіл күйге бөленетінін көру өте қуантады. Біз ұлттық киім киіп, бір-бірімізді құттықтап, көрісіп, құшақтасамыз – сонда Наурыздың адамдарды шынымен біріктіретінін сезінеміз, – деп бөлісті Жұмыстар және қызметтер басқармасының бас маманы Жазира Аққұлиева.

Мерекелік шаралардың бір бөлігіне айналған ұлттық дресс-кодта ерекше көңіл-күй сыйлайды. Камзолдар, шапандар, ою-өрнекпен әшекейленген көйлектер мен дәстүрлі киім элементтері жұмыс орындарын жарқын бояуларға және ұлттық нақышқа бөлеп, ерекше сән берді.

– Жұмысқа келіп, әріптестеріңді ұлттық киіммен көргенде бірден ерекше көңіл күй пайда болады. Дәстүрге деген құрмет пен көктемнің келуіне ортақ қуаныш айқын сезіледі, – деп атап өтті Қоймалық есеп қызметінің бастығы Мүслім Тораманов.

Компанияның барлық бөлімшелерінде қызметкерлер мерекелік бастаманы белсенді қолдады. Қызметкерлер бірге қуана суретке түсіп, бір-біріне құттықтаулар айтып, шынайы халықтық мереке атмосферасын қалыптастырды.

АлЭС-тегі Наурызнама ұжымдарда мерекелік көңіл күй қалыптастыруға, корпоративтік рухты нығайтуға және мәдени дәстүрлерді сақтауға бағытталған бір қатар іс-шаралармен жалғасады. Алда – энергетиктерді біріктіретін, жұмыс күндерін көктемнің ерекше қуатына бөлейтін көптеген кездесулер, ізгі тілектер мен ортақ шаралар күтіп тұр.

Наурыз құтты болсын! Бұл жарқын мереке әр шаңыраққа жылулық, береке және жаңа игі бастамалар әкелсін.