АлЭС-те еңбекті қорғау бойынша үздік ұжымдар анықталды
Артқа
22.10.2026

АлЭС-те еңбекті қорғау бойынша үздік ұжымдар анықталды

«АлЭС» АҚ-да өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы үздік нәтижелер үшін берілетін Басқарма Төрағасының жыл сайынғы байқауы қорытындыланды.

Байқау компанияның өндірістік департаменттері арасында өткізіледі және қызметкерлердің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, өндірістік жарақаттанудың алдын алуға, сондай-ақ еңбекті қорғауды ұйымдастыру ісін жетілдіруге бағытталған. Жеңімпаздарды анықтау кезінде департаменттердің өндірістік қауіпсіздік саласындағы жұмыс нәтижелері, белгіленген талаптардың сақталуы және тәуекелдерді азайту бойынша қабылданатын шаралар ескеріледі.

Ұжымдар үшін байқауға қатысу – атқарылған жұмысты бағалау, тәжірибе алмасу және әріптестердің озық тәжірибесін үйрену мүмкіндігі. Ал жеңімпаздар үшін бұл – олардың еңбегінің лайықты бағалануы.

Бірінші орын мен Ауыспалы кубокты Ш.Чокин атындағы Қапшағай ГЭС-інің ұжымы жеңіп алды. Сонымен қатар станция «АлЭС» АҚ өндірістік департаменттері арасында еңбекті қорғау жұмысын үздік ұйымдастыру» грамотасымен марапатталды.

– Бұл жеңіс біз үшін ерекше қуаныш, өйткені оның артында бүкіл ұжымның еңбегі тұр. Әр қызметкер өз жұмыс орнында қауіпсіздік талаптарын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Жұмысымыздың соншалықты жоғары бағаланғанына қуаныштымыз және осы нәтижені сақтап қалуға тырысамыз, – деп атап өтті Қапшағай ГЭС-інің өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі аға инспекторы Ерзат Құмарбеков.

Екінші орынды Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО иеленді. Станция ұжымы қол жеткізген нәтижелері үшін грамотамен марапатталды.

– Энергетиктің жұмысы үнемі мұқияттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Әріптестеріміздің денсаулығы қауіпсіздік ережелерін сақтауға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан біз үшін бұл марапат – ортақ еңбегіміздің бағалануы және бүкіл ұжымға алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі, – деп бөлісті 1-ЖЭО қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің бастығы Сәкен Аусафин.

Үшінші орын 3-ЖЭО-ға бұйырды. Станция ұжымы да грамотамен марапатталды.

– Әрине, жүлдегерлер қатарынан көріну қуантады. Бірақ біз үшін ең бастысы – әр қызметкердің ауысымнан кейін үйіне аман-сау оралуы. Біздің де жұмыс істейтініміз осы мақсат үшін. Ал байқау атқарылған істерді саралап, әлі де қай тұсқа көңіл бөлу керектігін аңғаруға көмектеседі, – деді 3-ЖЭО қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметінің бастығы Асхат Бертаев.

Байқау шарттарына сәйкес, жүлделі орындарға ие болған департамент қызметкерлеріне ақшалай сыйақы төленді.

Қол жеткізілген нәтижелердің артында энергетиктердің күнделікті еңбегі, өндірістік тәртіптің сақталуы, қауіп-қатерлерді уақтылы анықтау және әріптестерге деген жанашырлық жатыр.

«АлЭС» АҚ жеңімпаздарды құттықтап, барлық өндірістік департамент қызметкерлеріне еңбекті қорғау ісіне жауапкершілікпен қарағаны және станциялардың қауіпсіз жұмысына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.