АЛЭС шаңғы жолында: командалық рух пен жылдамдық
Артқа
09.02.2026

АЛЭС шаңғы жолында: командалық рух пен жылдамдық

«АлЭС» АҚ жұмыскерлері «Cамұрық-Энерго» командасының құрамында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жұмыскерлері арасында өткен II Қысқы спартакиада аясындағы Samruk Ski Race шаңғы тебу жарысына қатысты. Бұл спорттық дода «Самұрық-Энергоның» жиырмадан астам өкілін біріктіріп, жоғары бәсеке мен корпоративтік бірлік рухын айқын көрсетті.

АлЭС жұмыскерлері үшін бұл жарыс қар басқан жолда қашықтықты еңсеру ғана емес, төзімділікке, қайсарлыққа және командамен жұмыс істей білуге арналған нағыз сынақ болды. Аяз бен күрделі жер бедеріне қарамастан, қатысушыларды алға жетелеген басты күш – әріптестердің қолдауы еді. 3-ЖЭО электр цехының релелік қорғаныс және автоматика аппаратурасын жөндеу жөніндегі электрмонтері Әли Бауыржанұлының айтуынша, шаңғы трассасы елеулі сынаққа айналғанымен, ең бастысы – әр қатысушының өзін жалғыз емес, артында әрдайым команда тұрғанын сезінуі болды.

3-ЖЭО бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы Мария Николенко Спартакиаданың жарқын әрі шабыттандыратын әсер қалдырғанын атап өтті. Оның сөзінше, ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы, кезеңдердің мұқият ойластырылуы және қатысушыларға көрсетілген шынайы қолдау нағыз мерекелік атмосфера қалыптастырды. – Бұл шара тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар ұжымды біріктіріп, командалық рухты нығайтатын және ортақ жетістіктерге деген мақтаныш сезімін арттыратын маңызды алаңға айналды, – деді ол.

Салынып жатқан кәсіпорындар департаментінің техникалық құжаттама басқармасының техникалық құжаттама жөніндегі жетекші инженері Махамбет Конебаевтың пікірінше, мұндай іс-шаралар өндірістік департаменттердегі әріптестерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік береді. – Спорт бөлімшелер арасындағы шекараларды жойып, адамдарды ортақ мақсатқа біріктіреді. Жұмысқа қайта оралғанда, қатысушылар өздерімен бірге тек спорттық тәжірибені ғана емес, кәсіби қызметте командалық бірлікті сақтауға және жоғары нәтижелерге ұмтылуға көмектесетін қуатты серпін ала келеді, – деді ол.

3-ЖЭО жөндеулер қызметінің жөндеу жөніндегі инженері Данил Горбовский де жарысқа қатысудың маңызын атап өтті: «Samruk Ski Race мен үшін өзімді жаңа жағдайда сынап көруге және нағыз командалық қолдауды сезінуге мүмкіндік берді. Мұндай жарыстар ерекше мотивация сыйлайды – жаныңда спортта да, жұмыста да сүйене алатын адамдардың бар екенін түсінесің. Жарыстан кейін энергияң артып, өзіңе деген сенім күшейіп, ұжыммен бірге алға ұмтылуға деген құлшыныс пайда болады.

Samruk Ski Race тағы бір мәрте дәлелдеді: АлЭС-тің басты күші – оның адамдарында, олардың белсенділігінде, дамуға деген ұмтылысында және өндірісте де, спорттық жарыста да бір-біріне қолдау көрсетуге әрдайым дайын болуында.