АлЭС өкілі «Қазақстан Халық Кеңесі» Жастар қозғалысының құрамына енді
«АлЭС» АҚ Б.Оразбаев атындағы 1-ЖЭО жөндеу қызметінің бастығы Әсет Әмірбеков «Қазақстан Халық Кеңесі» Жастар қозғалысының құрамына енді. Бұл – оның белсенді қоғамдық қызметінің жалғасы және республикалық деңгейде еңбекші жастардың мүддесін қорғау мүмкіндігі.
2026 жылғы 16 қарашада түрлі салада өзін жақсы қырынан танытқан 126 жас қазақстандықты біріктірген қозғалысты жасақтау аяқталғаны белгілі болды.
Қозғалыс өңірлік және кәсіби өкілдікті ескере отырып құрылған. Оның құрамына жұмысшы кәсіптерінің жас мамандары, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, креативті индустрия, спорт, экология, бизнес салаларының өкілдері, сондай-ақ еріктілер қозғалысының, студенттік және мектептегі өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділері енді. Сонымен қатар қозғалысқа этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының көшбасшылары қосылды.
Жаңа бірлестікте энергетика саласының атынан Әсет Әмірбеков пен Мадияр Қинаятов өкілдік етеді. Сондай-ақ оның құрамына металлургтер Мақсат Маханбетов пен Александр Ольтов, дәрігер-аритмолог Сардор Юлдашев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов және өз кәсібінде жетістікке жеткен басқа да жас қазақстандықтар енді.
Қозғалыс құру бастамасы Солтүстік Қазақстан облысында өткен «Ұлттың жаңа болмысы: жастар және азаматтық жауапкершілік» республикалық жастар лагерінде көтерілген еді. Бұл іс-шараға Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов қатысып, жастардың ұсынысына қолдау білдірді.
Еске сала кетейік, Әсет Әмірбеков осы жиында сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының маңызы мен тікелей өндіріс басында жүрген жас мамандардың пікіріне құлақ асу қажеттігін айтқан болатын.
Жұмысшы жастардың мәселесі Әсеттің өзіне жақсы таныс. Ол Алматының 1-ЖЭО-дағы еңбек жолын электр слесарі болып бастаған, ал бүгінде станцияның жөндеу қызметін басқарып отыр. Сондай-ақ ол үш жыл бойы кәсіпорынның жастар ұйымына жетекшілік етіп, қоғамдық жобаларға атсалысты және әріптестерінің бастамаларына қолдау көрсетті.
Енді бұл жұмыс жаңа деңгейде жалғасын таппақ.
Жастар қозғалысының мүшелері Қазақстан Халық Кеңесінің өкілдерімен өзара байланыс орнатып, тұрақты комитеттер мен салалық комиссиялардың жұмысына қатысады, сондай-ақ өзекті мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салады. Мұнда «кері тәлімгерлік» қағидаты да қарастырылған, яғни әртүрлі буын өкілдері өзара білім алмасып, нақты бастамалар аясында бірлесе жұмыс істей алады.
«АлЭС» АҚ үшін Әсет Әмірбековтің бұл қозғалыс құрамына енуі айрықша маңызға ие. Бұл – жас энергетиктердің пікірін республикалық деңгейдегі алаңға жеткізуге, олардың күнделікті еңбегі мен кәсіби мүдделері туралы, сондай-ақ өндірістік кәсіпорын қызметкерлерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде баяндауға берілген зор мүмкіндік.
Себебі жас мамандар станциялардың жұмысын қамтамасыз етумен, жабдықтарды меңгеріп, өндірісті жаңғыртуға қатысумен ғана шектелмейді. Олардың ауқымды қоғамдық міндеттерді шешуде де ұсынары бар.
«АлЭС» АҚ ұжымы Әсет Әмірбековті Қазақстан Халық Кеңесі Жастар қозғалысының құрамына енуімен құттықтай отырып, оған табысты еңбек, тың бастамалар және еңбекші жастар үшін маңызды идеяларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік тілейді.