АлЭС ESG-форумында: қауіпсіздік негізі – адам
Артқа
12.08.2026

АлЭС ESG-форумында: қауіпсіздік негізі – адам

11 тамызда Алматыда мемлекеттік құрылымдар, бизнес, сақтандыру секторы және сарапшылар қауымдастығының өкілдері бас қосқан «ESG, қызметкерлердің қауіпсіздігі және сақтандыру тәуекелдерін төмендету» атты республикалық форум өтті. Іс-шарада «Алматы электр станциялары» АҚ атынан Өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау басқармасының бас менеджері Айсұлу Иржанова сөз сөйледі.

Қатысушылар еңбекті қорғаудың, өндірістік тәуекелдердің алдын алудың және қауіпсіздік мәдениетін одан әрі дамытудың заманауи тәсілдерін талқылады. Форумдағы басты назар формалды бақылау мен орын алған оқиғаларды тіркеуден гөрі, әлеуетті тәуекелдерді алдын ала анықтап, жоятын жүйелі профилактикаға көшуге аударылды.

Энергетика саласы үшін мұндай тәсілдің маңызы зор. Күрделі технологиялық процестер, өндірістің үздіксіз циклі және персоналдың жоғары жауапкершілігі еңбек жағдайын ұдайы жақсартуды, тәуекелдерді бағалауды және оқыс оқиғалардың алдын алуға жіті назар аударуды талап етеді. Дәл осы бағыттағы жүйелі жұмыс кәсіпорынның тұрақтылығы мен сенімділігінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.

Форумда ESG қағидаттарына және оларды іс жүзінде қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда еңбекті қорғау мәселелері нормативтік талаптарды сақтаумен ғана емес, сонымен бірге компанияның әлеуметтік жауапкершілігімен, корпоративтік басқару сапасымен және бизнестің ұзақ мерзімді тұрақтылығымен де тығыз байланысты.

Бұл ретте басты назарда – адам. Кез келген өндірістік жарақаттану статистикасының артында нақты бір қызметкердің, оның отбасы мен әріптестерінің денсаулығы мен өмірі тұр. Сондықтан қазіргі заманғы қауіпсіздік мәдениеті басшыдан бастап, тікелей өндірістік учаскедегі жұмыскерге дейін әркімнің саналы жауапкершілігін талап етеді.

– Форумда қарапайым, күнделікті мәселелерден бастап, жаһандық мәселелерге дейін сөз болды! Бұл ерекше шабыттандырады! Алдағы ішкі жұмыстар мен жергілікті жерлердегі жақсартуларға тың серпін береді, – деп бөлісті өз әсерімен Айсұлу Иржанова.

Оның айтуынша, мұндай кәсіби алаңдардың айрықша құндылығы – мемлекеттің, жұмыс берушілердің және сақтандыру секторының қауіпсіздік мәселелеріне деген көзқарастарының ортақ екенін көруге және бірыңғай мақсатқа, яғни өндірістік жарақаттануды азайтып, барынша қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға ұмтылуға мүмкіндік беретіндігінде.

«АлЭС» АҚ үшін мұндай форумдарға қатысу – бұл жаңа тәжірибелерді зерделеуге, тәжірибе алмасуға және өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру бойынша алдағы жұмыста өзекті тәсілдерді қолдануға берілген мүмкіндік.

Тұрақты даму адамға деген жанашырлықтан, ал қауіпсіздік мәдениеті әркімнің өзі және жанындағы әріптестері үшін жеке жауапкершілігінен бастау алады.