«АлЭС» АҚ станцияларында су сынамалары қалай және қандай мақсатта алынады
Артқа
11.11.2025

«АлЭС» АҚ станцияларында су сынамалары қалай және қандай мақсатта алынады

Су сынамасын алу – бұл оны жай ғана «банкаға құйып алып, зертханаға апару» емес. Бұл – жылу жабдықтау жүйесінің жұмысы соған тәуелді болатын нақты және жауапты үдеріс.

А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО химиялық цехында судың екі түрі: қазандарды қоректендіруге арналған тұзсыздандырылған су және тұрғын үйлерге, мектептер мен ауруханаларға жылу жеткізу үшін жылу желісіне беруге арналған толықтырулық су дайындалады.

Суды жүйеге беру алдында міндетті түрде оның сапасы тексеріледі. Химиялық цех жұмыскерлері жабдықтарды әр сағат сайын қарап шығып, қондырғыларды қадағалап отырады және талдау жасау үшін су сынамаларын алады. Жабдықтардың сенімді жұмыс істеуі, істен шықпауы және іштей бұзылмауы үшін судың таза болуы және химиялық құрамының белгіленген нормаларға сай келуі маңызды. Сондықтан станцияда тұрақты түрде су сынамалары алынып, химиялық талдау жүргізіледі. Бұл қақ пен коррозияның түзілуін болдырмауға көмектеседі.

Сынамалар не үшін алынады? Судың сапасын бақылау үшін, тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, санитарлық және экологиялық нормаларды сақтау үшін.

Сынамалар: тазартуға дейін – бастапқы судың сапасын анықтау үшін, өңдеуден кейін – сүзгілер мен реагенттердің тиімділігін тексеру үшін, жабдықтардан – коррозия іздерін анықтау үшін, желілік судан – тұтынушыларға жеткізілетін судың сапасын бақылау үшін алынады.

Әр сынама жүйе жағдайының әлдебір «суреті» іспетті. Ауытқулар анықталған жағдайда жұмыс режимі түзетіліп, талдау қайта жүргізіледі. Бұл жұмыс қарапайым көрінгенімен, жабдықтардың сенімділігі мен мыңдаған тұрғындардың жайлылығы дәл осы үдеріске байланысты.

Әр жұмыскер өзінің атқарып жатқан ісінің маңызын жақсы түсінеді: ол жай ғана су сынамасын алып жатқан жоқ – ол қаланың жылумен қамтылуына, үйлердің жарық әрі шын мәнінде жайлы болуына өз үлесін қосып жатыр.

Бейнені қараңыз https://www.youtube.com/watch?v=qOiioowovvQ